Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балғындарға қуаныш сыйлаған кеш

Балғындарға қуаныш сыйлаған кеш

Жылдағы дәстүрге сәйкес орталық стадионда аудан әкімінің Жаңа жылдық шыршасы өткізілді. Мерекелік іс-шараға 200-ден аса оқушы қатысты.

Балалардың қуанышына ортақ­тасқан аудан әкімі Берік Сәрменбаев бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Жаңа жыл – жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мереке. Осы мерекеде бас­қосуды бүкіл балалар жыл бойы асы­ға күтеді. Мемлекет басшысы «Бола­шақтың кілті, елдің ертеңі – білімді жас­тар. Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі тікелей жастарға байланысты» деп атап өтті. Сондықтан сіздер ұлтын сүйетін, Отанын қорғайтын, ата-ананы сый­лайтын, ұстаз­ды қа­дір­лейтін, дос­тықты ба­ға­лайтын, білімді азамат болуларыңыз керек. Шырша тойында өнер көрсетіп сыйлық алатын бүлдіршіндердің қуаны­шынан артық ештеңе жоқ. Балалардың бақытты өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан үнемі қам­қорлық көрсетіліп, бар­лық жағдай жасалуда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Шыршаға келген балалар ойын ойнап, ән шырқады. Сонымен қатар театрландырылған қойылымды тамашалап, айрықша естелік сыйлық алды. Ән айтып, би билеп, түрлі өнер көрсеткен оқушыларға да сыйлықтар берілді.

Негізінен, аудан көлемінде 11 мыңға жуық бала бар. Олар 17 мектеп пен 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбие алады. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аймақта 21 мектеп салу жоспарланса, оның 1-еуі ауданда бой көтереді деп күтілуде. Балаларды қауіп­сіз, жайлы көлікпен тасымалдау үшін облыста жаңа үлгідегі 30 автобус алынса, оның 2-еуі ауданға берілгені мәлім.

Б.ОРДАБЕКОВ
30 желтоқсан 2023 ж. 205 0