Ғажайыпқа толы – Жаңа жыл
Жаңа жыл мерекесіне орай аудан әкімінің «Ғажайыпқа толы – Жаңа жыл» тақырыбында шыршасы өтті. Спорт кешенінде өткен балаларға арналған мерекелік шараға аудандағы озат оқушылар, көптеген байқаулар мен білім жарыстарының жеңімпаздары, көп балалы отбасы бүлдіршіндері мен мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.
Кештің шымылдығын Аяз ата мен Ақшақар ашты. Жаңа жылдың иесі тышқан ортаға шығып, балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Арнайы шырша шамы жағылып, аудан әкімі Р.Рүстемов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы балалармен бірге шыршаны айналды. Өз кезегінде аудан басшысы балаларды мерекемен құттықтады.
– Байтақ еліміздің барлық өңірінде балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналып, мерекелеуде. Жаңа жыл – ең алдымен балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, сендер арқылы барша сырдариялық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын!
Ауданда инновациялық мектептердің қатары арта түсуде, білім саласы бойынша оқушылар түрлі республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстармен пәндік олимпиадалардан жүлделі орындарға иеленіп келеді. Елімізде оқушылар арасында батырлар жырын жатқа оқудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы қолға алынды. Аудан бойынша 2018-2019 оқу жылында 307 оқушының 190-ы грант иегері болып, олар жоғары оқу орындарының студенті атанды.
Айналасын алтын арайға бөлеген жасыл шырша базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер! Болашақтарың баянды болсын, – деді аудан басшысы.
Концерттік бағдарлама барысында «Еркем-ай» би тобының «Тышқандар» биі, «Балауса» халықтық би ансамблінің «Балдық» биі тамашаланды. Сонымен қатар аудан өнерпаздары «Маугли» ертегісінен үзінді қойды. Бірнеше мерекелік ән айтылып, көпшілік көңілінен шықты. Балалар Жаңа жылдық тәтті торттан дәм татты. Оларға аудан әкімінің мерекелік сыйлығы тарту етілді.
Б.ОРДАБЕКОВ