Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл үздіктері марапатталды

Жыл үздіктері марапатталды

Жаңа жыл мерекесіне орай  ауданда салтанатты жиын өткізіліп, жыл үздіктері мара­патталды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан  жұртшылығын жылдың жемісті қоры­тын­дылануымен құттықтап, жыл бойы бірлесе атқарылған нәтижелі жұмыстар үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Аудан әкімі ең алдымен 2023 жылы ауданның 95 жылдық мерейтойы аталып өтілгенін және ауданға Мемлекет басшысының арнайы жұмыс сапарымен келгенін айтты. Бұл маңызды іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы аудан халқының бірлігі мен ынтымағының жемісі екенін айтты.

– Ауданымыз жылды жақсы жетістіктермен қорытындылауда. Аудан экономикасына тікелей әсер ететін маңызды салаларда оң динамика қалыптасты. Атқарылып жатқан жұмыстарға аймақ басшысы тарапынан көп қолдау көрсетілуде. Алдағы жылы да халық тұрмысын жақсарту бағытында кешенді шаралар қабылданып, нақты жұмыстар жүргізілетін болады. Әсіресе ауылдық округтердің инфрақұрылымы жетілдіріліп, бірқатар елді мекен табиғи газдың игілігін көреді,– деді аудан әкімі.

Мерекелік іс-шара барысында жыл үздіктері марапатталды. Атап айтқанда, аудандық мәслихат депутаты А.Есназар «Үздік халық қалаулысы», Шаған ауылының әкімі Н.Смайлов «Үздік ауыл әкімі», белгілі тоғызқұмалақшы Б.Бостандықов «Үздік спортшы» атанды. Сондай-ақ А.Қаршығаевқа «Үздік халық жанашыры», Б.Аблазиевке «Үздік сақшы» және Г.Оспановаға «Үздік тазалық сақшысы» аталымы табысталды. Ал «Үздік ұжым» аталымымен аудандық мәдениет үйі марапатталып, кәсіпорын басшысы Н.Көшербаев арнайы марапатқа ие болды. Іс-шарада бірқатар азаматтар облыс, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
30 желтоқсан 2023 ж. 401 0