Ауданымыз үшін айтулы жыл болды
103. «Бұл не сан?» деп ойланып қалдыңыз ба? Биыл біз аудандық газетті 103 рет жарыққа шығарып, жыл көлемінде аптасына екі реттен оқырман қауымға тараттық. Аудан жаңалықтарының жаршысы атанған басылымның 103 нөмірі тарихи құжат ретінде жинақталып, аудан шежіресінің қатарын толықтырды деп айтуға негіз бар. Бүгін биылғы жылдың қорытынды нөмірі баспаханаға ұсынылуда. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес қорытынды нөмірге аудан әкімінен сұхбат алып, атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарды саралайтынбыз. Сол үрдісімізден биыл әкім де, біз де жаңылған жоқпыз. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев апта бұрын арнайы қабылдап, біздің сұрақтарымызға толыққанды жауап беріп, өз ойымен бөлісті.
– Берік Әбдіғаппарұлы, бүгінгі сұхбатымызды ресми стилден сәл алшақтап, еркін тақырыпта, қарапайым тілде ұйымдастырсақ деген ұсыныс бар. Бұрын аудан әкімдері тағайындалатын еді, биылдан бастап сайлануда. Тағайындалған әкім мен сайланған әкімнің қандай айырмашылығы бар екен?
– Рақмет, Ақтөре Ибрагимұлы, ең алдымен ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқаныңызға рақметімді айтамын. Аудандық газеттің мен үшін орны ерекше.
Енді сұрағыңызға жауап берейін. Расында да бұрын аудан әкімдері ҚР Президенті Әкімшілігінің, аудандық мәслихаттың келісімі негізінде облыс әкімінің өкімімен тағайындалатын еді. Президент бұл жүйені түбегейлі өзгертті. Соған сәйкес биыл облыстың екі ауданында, оның ішінде біздің ауданда пилоттық жобада аудан әкімінің сайлауы өтті. Халық тікелей таңдауын жасап, дауыс беруге қатысты. Менен бөлек екі кандидат тіркелгенін білесіздер. Ал сайлаудың қорытындысы бойынша мен жоғарғы дауыс жинап, жеңіске жеттім. Қолдау білдірген, сеніп дауыс берген аудан тұрғындарына ризашылығымды білдіремін.
Тағайындалған адам тағайындаған адамның тапсырмасын орындауға көбірек ынталы болатыны белгілі. Мұны Мемлекет басшысы да айтып өтті. Сондықтан Президенттің саяси реформаларына сәйкес әкімдердің кезең-кезеңімен сайлануын дұрыс деп есептеймін. Бұл біздің, яғни әкімдердің басшылық пен халық алдындағы жауапкершілігін көтереді. Бір сөзбен айтқанда, бізге дауыс берген әрбір сайлаушының алдындағы уәделерімізді уақытылы, сапалы орындауға міндеттіміз. Сайлау жүйесіндегі бұл жаңашылдықтың ең басты мақсаты – билік пен халықты жақындастыру, ашықтық қағидатын нақты жүзеге асыру, халық үніне құлақ асып, жалпыға бірдей есеп беретін Үкімет құру деп түсінемін.
– Сайлаудағы жеңісіңіз көпшіліктің Сізге деген көзқарасының дұрыстығын білдірді. Десе де, жергілікті халық сізді қатал әкім демейді, қарапайым азамат дейді. Қызметтегі басты ұстанымыңыз туралы айтсаңыз.
– Жалпы, кез келген мемлекеттік қызметшінің басты ұстанымы елді дамытуға бағытталуы қажет деп ойлаймын. Мен де қолымнан келгенше білімімді, тәжірибемді, күш-жігерімді егемен елімізді дамытуға, өңірімізді өркендетуге, оның ішінде өзіме сеніп тапсырылған ауданның көрсеткіштерін жақсартуға жұмсап келемін. Халқымызда «Сырт көз – сыншы» деген салмақты сөз бар. Сырт көзге қарапайым болып көрінетін шығармын. Ол да керек қасиет. Оның үстіне әкімнің қарым-қабілеті тек қатал болуымен өлшенбейді деп түсінемін. Біз де талап қоятын кезде талапшылмыз. Ең бастысы, жұмыс бітіп, тапсырмалар орындалып жатса болғаны.
– Енді ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, тыныс-тіршілігіне ойыссақ. Облыстың бірнеше ауданында, қалада жұмыс істедіңіз, басшылық қызметтерді атқардыңыз. Біздің Сырдария ауданы қалай екен?
– Бірден ашып айтайын, Сырдария ауданы – орналасуы жағынан да, тарихы мен жетістіктері жағынан да, тіпті халқының таным-түсінігінің, пайым-парасатының бірлікпен, өзара түсіністікпен ұштасуы жағынан да ерекше. Оның үстіне менің аудан әкімі қызметін атқаруым ауданның 95 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Мемлекет басшысы да биыл ауданымызда болып, Н.Ілиясов ауылында еңбек адамдарымен кездесіп, атқарып жатқан жұмысымызды оң бағалады. Облыс әкімі Н.Нәлібаев өңіріміз үшін аса маңызды жобаларды Президент назарына ұсынып, күрделі мәселелердің шешілуіне қол жеткізді. Тарихи шешімдер қабылдаған Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауын сырбойылықтар айқын сезінуде. Осы ретте, бірлігі бекем, тірлігі көркем ауданымыз 95 жылдық мерейтойын да лайықты атап өтті. Сайлау қорытындысы бойынша мен төрт жылға аудан әкімі болып сайландым. Бұйырса, ауданның алдағы төрт жылдық белесі – ғасырлық мерейтоймен ұласады, жақсы жетістіктерге бірге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
– Өзіңіз жақсы білесіз, облыс бюджеті соңғы екі жылда айтарлықтай өсті. Жақында облыстық мәслихаттың сессиясында 2024 жылдың бюджеті 650 млрд теңге көлемінде бекітілді. Осы ретте, аудан бюджетінде қандай өзгерістер бар?
– Аудандық бюджеттің де көлемі жыл санап артып келе жатыр. Бірақ аудан аумағындағы ірі мұнай компанияларының табысына, атқарған жұмыс көлеміне байланысты бюджетке төлейтін салығы азайып келеді. Біз сондықтан қосымша кіріс көздерін анықтау мақсатында талдау жұмыстарын ұйымдастырып, алдын ала нақты шаралар қабылдауды қолға алдық. Осы аптада өткен аудандық мәслихаттың кезекті 12-ші сессиясында ауданның алдағы үш жылдық бюджеті 10 млрд 967 млн теңге көлемінде бекітілді. Бюджет бекітілер алдында аудандық қоғамдық кеңестің мақұлдауын алып барып, сессияға ұсынылады. Сессияда да депутаттардың ұсыныс-пікірі ескеріле отырып, қабылданады. Мен аудан әкімі ретінде бюджеттің қаржысы бірінші кезекте халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жұмсалады, инфрақұрылымды жетілдіруге көңіл бөлінеді деп айта аламын. Бұл сөзімізге аудан бюджетінің шамамен 32 пайызының әлеуметтік салаға бағытталып жатқаны дәлел.
– Салыстырмалы түрде алғанда біздің аудан өте шағын. Ауылдардың саны да аз. Көршілес Жалағаш ауданымен көрсеткіштеріміз шамалас болғанымен, кәсіпкерлік саласы бойынша іргелес аудандар бізден ілгері секілді.
– Ауданның қалаға жақын орналасқанын жергілікті кәсіпкерлер әлі де толық пайдаланып жатқан жоқ. Әйтпесе кәсіп бастаймын, кәсібімді кеңейтемін деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Иә, расында да ірі өнеркәсіп орындары жоқ. Аудандағы шаруашылықтар күріш егіп, оны ала жаздай баптап, егін науқанын жыл сайын табысты аяқтап, жай-жайдан өз кәсіптерін әртараптандыруда. Жақында Мемлекет басшысы «Парыз» сыйлығын табыстау салтанатында «Тұтынатын емес, өндіретін ел болуымыз керек» деді. Сондықтан кәсіпкерліктің үлесін арттыруға күш салуымыз қажет.
Жалпы қазір аудан бойынша 3003 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 2865-і нақты жұмыс істеп тұр. Мен ауылдарды аралағанда тұрғындарға, әсіресе жастарға кәсіпкерлік жобаларын жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде бағыт-бағдар беріп, тиісті сала басшыларына сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырып келемін. Жеке қабылдауыма да кәсіппен айналысуға ынталы азаматтар келсе, мәселесін заң аясында тез шешіп, кәсібін жандандыруға атсалысамын. Осы ретте алдағы уақытта аудандық газетте арнайы бір айдар ашып, кәсіпкерлерді толғандыратын сауалдар бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстарды да ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Салалық орынбасарыма, тиісті бөлім басшыларына осы мәселені пысықтап, ұсыныс енгізіп, ақпараттық мақалаларды жыл бойы жарияласақ деген ұсынысым бар.
– Әрине, бұл ұсынысыңыз өте орынды. Оны атқарушы органдармен бірлесе жүзеге асыруға біз дайынбыз.
– Мұнан бөлек әрбір сала басшысы айына бір рет жергілікті басылым арқылы халыққа есеп бергені дұрыс болар. Қажет болса, бекітіп, орындалу мерзіміне дейін нақтылау қажет.
– Берік Әбдіғаппарұлы, ашықтық пен жариялылық қазір барлық салаға батыл енгізілуде. Былтыр облыс әкімі «Әрбір ауыл әкімі мен учаскелік полиция инспекторы қызмет ететін елді мекенде тұруы қажет, қатынап жұмыс істеуге жол берілмейді» деп ашық айтты. Осы тапсырманың орындалуы қалай?
– Бұл тапсырма берілген күннен бастап ауданда тиісті жұмыстар жүйеленді. Қазір кент әкімінен бастап, барлық ауылдық округтің әкімі өздері қызмет ететін әкімшілік аумақта тұрып жұмыс істеуде. Бұл мәселе біздің қатаң бақылауымызда. Ал құқық қорғау органы қызметкерлерінің, яғни учаскелік полиция инспекторларының да қатынап жұмыс істеуіне жол бермеу аудандық полиция бөлімінің бақылауында. Жалпы, аудан әкімінің аппараты тиісті зерделеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
– Аудандағы қоғамдық-саяси ахуалды қалай бағамдар едіңіз?
– Қоғамдық-саяси және діни ахуал тұрақты. Наразылық тудыратын, көңіл толмаушылық танытуға ниет білдірген митинг, пикетті аудан көлемінде өткізу туралы өтініштер тіркелген жоқ. Діни шиеленіс тудыратын проблемалық мәселелер де орын алған жоқ. Бірқатар шаруашылықтарда үлескерлер арасындағы жер дауы мәселесі бар екені жасырын емес. Бірақ ол шаруашылықтың ішкі мәселесі және сот тәртібімен шешіледі. Әкімдік заң аясында тек құқықтық кеңес бере алады.
– Шаруашылықтар демекші, биыл егілетін күріш көлемі азаяды деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты рас?
– Биыл ауданымызда барлығы 36043 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріштің көлемі 23811 гектар болды. Соңғы жылдардағы су тапшылығы біздің өңірді ғана емес, бірқатар аймақтарды алаңдатып отыр. Бірақ облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жағдайды тікелей бақылауына алып, Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен нақты шаралар қабылдануына айрықша үлес қосты. Сол арқылы былтырғы егін науқаны ойдағыдай қорытындыланды. Аудан бойынша 23811 гектар күріш дақылынан 59,8 центнерден өнім алынып, барлығы 142390 тонна астық жиналды. Енді келесі жылдың жұмыс жоспары жөнінде айтар болсақ, расында да егілетін егін көлемінде өзгерістер болуы мүмкін. Өйткені су тапшылығы орын алса, еткен еңбек, егілген дақыл босқа күйіп кетеді. 2024 жылы аудан бойынша 32855 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде, негізгі дақыл күріштің көлемі 20651 гектарды құрап отыр. Яғни, күріштің көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 3160 гектарға азаймақ. Сонымен қатар суды аз қажет ететін дақылдар бидай 2547 гектарға, арпа 40 гектарға, мақсары 90 гектарға, күнбағыс 100 гектарға орналастыру жоспарлануда. Осы ретте, шаруашылықтар суды аз қажет ететін дақылдарды егуге көңіл бөлуі қажет.
– Егілетін егін көлемі азайса, онда шаруашылықтардағы жұмысшылар арасында да қысқарту болады ғой...
– Бұл енді ертеңгі күннің еншісіндегі мәселе. Бірақ жағдайды қазірден саралап отырмыз. Жан-жақты қарастырып, қосымша шаралар қабылданады. Оның үстіне жағдай аймақ басшысының бақылауында. Сондықтан ауылшаруашылық саласының қалыпты дамуына барынша жағдай жасалатын болады. Өйткені аграрлы ауданның аты да, халқының даңқы да егінмен, еңбек адамдарымен тікелей байланысты.
– Аудандағы жұмыссыздық деңгейі қанша пайыз?
– Қазіргі таңда аудандағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз. Былтыр бұл 5,1 пайыз еді. Биыл ауданда 1924 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 755-і тұрақты, 1169-ы уақытша жұмыс орындары. Мұнан бөлек Ұлттық жобалар аясында 19 жоба бекітіліп, 63 жұмыс орнын ашу жоспарланса, бүгінгі күнге 107 жұмыс орны ашылды. Пробация есебіндегі және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар үшін 4 квотабекітіліп, толығымен орындалды. Квотадан тыс 10 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 7 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 2 адам алғашқы жұмыс орнына жолданды және 2 адам қайтарымсыз грант алды.
– Осы қайтарымсыз грант төңірегінде әңгіме көп. Өзім де комиссия құрамында бармын. Меніңше кәсіп бастауға ынталы азаматтар өз жобаларын көбіне сауатты қорғай алмайды.
– Иә, бұл мәселені білемін. Комиссия құрамына түрлі сала өкілдері енгізілген. Оның ішінде, азаматтық қоғам өкілдері де бар. Расында да комиссияға бизнес-жоспарын қорғауға келген азамат тыңғылықты дайындалып келуі керек. Кейбір сұрақтарға жауап бере алмаған немесе құжатында қателік бар адамға мемлекет қаражатын тағайындау дұрыс емес. Бұл бағытта тиісті мекеме тарапынан қайтарымсыз гранттың мақсатты жұмсалуына да мониторинг жұмысы жүргізіліп келеді. Мысалы, соңғы екі жылда қайтарымсыз грантты мақсатсыз пайдаланған 20 адам мемлекет қаржысын сот үкімімен кері қайтарды. Сондықтан кәсіпті адал істеуге, мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдалануға жауапкершілікпен қарағанымыз дұрыс.
– Мен де осылай ойлаймын. Әйтпесе «алма піс, аузыма түс» деп мемлекеттік қолдауды оңай олжа деп ойлайтындар да бар.
– Мен аудан әкімі ретінде емес азамат ретінде осы ойыңызды толықтыра түсейін. Жаһандану заманы дейміз де, әйтеуір көп құндылықтар өзгергені жасырын емес. Жастар түгілі кейде жасы үлкенге де тәрбие қажет секілді. Құндылықтарымызды құлдыратпауға әрбіріміз аса ыждағаттылықпен қарауымыз қажет. Жақында Сіздердің басылымдарыңызда тыл ардагері, ауданымыздың Құрметті азаматы Р.Бәйменов бастаған бірқатар еңбек ардагерінің қазақы тәлім-тәрбие туралы жақсы-жақсы мақалалары жарияланды. Бәрін оқып шықтым. Бірлік пен берекенің негізі – қазақылығымызда. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, идеологиялық маңызы бар жұмыс деп қарастыруымыз қажет. Әйтпесе кейбір жастар келте ойлап, ұсынылған жұмыстан бас тартып, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, үлкенді сыйлаудан қалып, қоғамның дамуына үлес қосуды артық жұмыс санап кетуі мүмкін. Бұл түптеп келгенде, патриоттық рух сыйлайтын іс-шаралар...
– Аудан жастарына көңіліңіз тола ма?
– Әрине. Ауданымыздың жастары белсенді. Бастамалары жақсы. Жақында аудандағы жастар саясаты мәселелері аудандық мәслихаттың сессиясында қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Оның үстіне бірқатар ауылда «Еңбек бригадасы» құрылып, ауыл жастары белсене еңбек етуде. Олардың жұмысы – менің тұрақты назарымда. Мен белсенді, алға ұмтылысы мол, білімі мен тәжірибесін ауданның дамуына арнауға бейім жастарды әркез қолдаймын.
– Ұлттық жоба аясында «Жайлы мектеп» салынады деп хабарланды. Қазіргі дайындық жұмыстары қалай? Мектеп ғимараты салынатын аумақтың көлемі өзгеріп жатыр деген ақпарат қаншалықты рас?
– «Жайлы мектеп» Президент шешімімен жүзеге асатын бірегей жоба. Үкіметтің қаулысымен біздің де ауданда бір мектеп салынады деп нақтыланды. Бастапқыда құрылысқа қажетті жер көлемі 1,3 гектар болған. Кейін мамандар бұл аздық ететінін айтып, жоспарға өзгерістер енгізді. Негізі мектеп Тереңөзек кентіндегі №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің артқы жағына салынады. Сөйтіп біз тиісті басқармамен бірлесе талдау жұмыстарын ұйымдастырып, қосымша 2,6 гектар жердің құжаттарын рәсімдеуді бастадық. Жалпы саны 44 тұрғын үй мемлекет мұқтажы үшін заңдылыққа сәйкес сатып алынады. Бұл бойынша күні кеше Үкімет отырысында да талқыланып, облыс әкімінің бірінші орынбасары тарапынан тапсырма берілді. Біздің ауданда мәселе болмайды. Құрылыс жоспарланған уақытта басталады.
– Жайлы мектеп қанша орындық болады?
– 300 орындық мектеп салынады.
– Құрылыс саласы бойынша қандай жетістіктер мен жоспарлар бар?
– Келесі жылы аудан бойынша жалпы құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіледі деп жоспарлануда. Биыл да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерін электрмен жабдықтау бойынша 1,6 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Жоба құны 56,7 млн теңгені құрайтын Шаған ауылындағы А.Құнанбаев, Р.Оразғалиева көшелері бойындағы су құбыры мен көру құдықтарының құрылысы да аяқталды. Сондай-ақ құны 178,9 млн теңгені құрайтын Шаған ауылындағы Ғ.Мұратбаев, А.Иманов және А.Иманов жолақ көшелері бойындағы су құбыры мен көру құдықтары құрылысы бойынша қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталды. Қазіргі таңда 3073 метрге су құбыры жүргізіліп тұр. 40 су құбырын көру құдықтары орнатылды. Негізі бұл нысан 2024 жылға өтпелі.
– Мұндай жұмыстар Қоғалыкөл мен Тереңөзекте де жүргізіліп еді ғой...
– Иә. Қоғалыкөл ауылындағы М.Есмахов, А.Тлеулиева көшелері бойындағы су құбыры мен көру құдықтарының құрылысына 95,2 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаға сәйкес 4089 метрге су құбыры жүргізілді. 32 су құбырын көру құдықтары орнатылды. Тереңөзек кентінің Ғ.Мұратбаев, Ш.Құндызбаев, О.Әбілпаттаев, Тоғанас батыр, Қазақ, И.Тоқтыбаев көшелері бойындағы су құбыры желісінің құрылысына 2023 жылға 101,6 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2024 жылға өтпелі. Мұнан бөлек кенттің А.Құнанбаев, Жамбыл, Жеңістің 50 жылдығы, А.Әлиакбаров көшелері бойындағы су құбыры желісінің құрылысына 2023 жылға 76,0 млн теңге бөлініп, қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан да 2024 жылға өтпелі.
– Осы ретте, Бесарықтағы спорт кешенінің құрылысы жөнінде қандай мәлімет бар? Құрылыс неге созылып кетті?
– Спорт кешенінің құрылысы былтыр басталған болатын. Нысанның өтпелі құрылысына жалпы 362,4 млн теңге қаралған. 2022 жылы 144,2 млн теңге игерілді. 2023 жылға құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 218,2 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда Бесарық елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылыс жұмыстары кешігіп жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру мерзімі биылғы жылдың тамыз айы еді. Осыған орай біз тамыз айында сотқа «SCS Инжиниринг» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде тануды және тұрақсыздық айыбын өндіруді міндеттеу жөнінде талап арыз жолдадық. Қазір сот процесі жүргізілуде.
– Сонда құрылыс тоқтап тұр ма?
– Жоқ. Дәл қазір құрылыс басында 12 адам, 3 техника жұмыс істеуде. Мердігер мекемемен бірінші қабаттың ішкі әрлеу жұмыстары, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары, науа құрылысы, кіреберіс (тамбур) орнату, сыртқы жарықшам бағаналарын әрлеу, орнату жұмыстары жүргізілуде. Жағдай жіті бақылауымызда.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе?
–Жеке парақшамды өзім жүргіземін. Ал аудан әкімдігінің ресми парақшасы аудан әкімі аппаратының маманына жүктелген. Жалпы, әлеуметтік желідегі ақпараттармен танысып отырамын. Әлеуметтік желілер арқылы қандай да бір ұсыныстар түссе, тиісті сала басшыларына түсіндірме беру, халыққа ақпарат ұсыну тапсырылған. Мұнан бөлек жеке қабылдау арқылы да тұрғындар өз мәселелерін айтып, назарымызға ұсынады.
– Жыл басынан бері қанша рет жеке қабылдауыңыз өтті?
– Есепті мерзімде 41 рет жеке қабылдау өткізіліп, 214 адам қабылдауымда болды. 298 мәселе көтеріліп, оның 126-сы оң шешімін тапты. Қалған 172 мәселе бойынша заңдылыққа сәйкес түсіндірме берілді. Қабылдаулар барысында азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету және материалдық көмек көрсету мәселелерін жиі көтереді.
– Біраз сұрақ қойылды. Қажетті ақпараттарды алдық. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс жүргізіп, ақпараттандыру бағытындағы жұмысымызды жандандырамыз деп сенемін. Енді сұхбатымызды аяқтасақ.
– Рақмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын. Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Ауданымыз өсіп, өркендеп, дами берсін. Газеттеріңіздің келесі жылы аталып өтілетін 85 жылдық айтулы мерейтойы құтты болсын!
– Көп рақмет.
Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ