Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Самға, «Мансұрдың» жалынды өрендері

Самға, «Мансұрдың» жалынды өрендері

Аудан орталығындағы «Мансұр» спорт-шығар­машылық орталығы екі жылдан бері өнерлі де талантты жастарға жол сілтеп, үміттерін үкілеп, қанаттарын қатайтып келеді. Орталықта түрлі үйірме жұмыс жасайды. Үйірме жетекшілері жас жеткіншектердің талантының шыңдалуына, қияға қанат қағуына қолдау білдіріп, өнер мен спортқа баулуда.­

Жыл қорытындысын салтанат­ты түрде атап өткен орталық ұжы­мы шығармашылық концерттік бағдар­лама ұсынып, жыл бойы жетіс­тікке жеткен шәкірттерді марапаттады.

Аудандық мәдениет үйіне жинал­ған мансұрлықтарды құттық­тауға зиялы қауым өкілдері мен шәкірттердің ата-аналары­ жиналды. Көздері бал-бұл жанған өрендер ұстаздарымен бірге сахна­лық қойылым көрсетті. Жұлдызды шерумен жалғасқан ме­рекеде республикалық, облыстық, аудандық жарыстардан жеңімпаз атанған жас спортшыларға қошемет көрсетілді.

Жас спортшыларды аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев құт­тықтады.

– Ауданда 2021 жылы ашылған «Мансұр» спорт-шығармашылық орталығында бірнеше спорт және шығар­машылық үйірмелері жұмыс жасайды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған мәдени және спорт жобасы аясында ашылған орталық. Бүгінде «Мансұр» шәкірттерінің өнерлері шыңдалып, жеңіс биігінен көрінуде. 349 бала тәрбиеленетін орталықта балалар бос уақытын тиімді өткізіп, жаңа спорт және өнер белестерін бағын­дыруда. Жылды жемісті қо­рытындылап отырған орталық жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Димаш Серікбайұлы.

Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары үйірме жетекшілері А.Тұрсынбаева, Н.Есеналиева, С.Мырзабекова, үйлестірушер Г.Тәжібаева, Г.Досмырзаеваны аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар Қызылорда облысы­ мәдениет және спорт басқарма бас­шысы орынбасарының Алғыс хаты мен «AMANAT» партиясы Сырдария­ аудандық филиалының Алғыс хаты орталық қызметкерлері мен жаттық­тырушыларға берілді.

Жас сырдариялықтардың шамшы­рағын жағып, өнеріне қолдау көрсетіп келе жатқан орталық құрылтайшысы Серіккүл Сағындыққызы мен орталық директоры Нұрбол Дайрабай марапаттау рәсімін жалғастырып, орталық басшылығының Алғысын тапсырды. Сондай-ақ жыл бойы жоғары дәре­жеде жетістікке жетіп, ауданның абыройын асқақтатқан шәкірттерге «Жыл үздігі» номинациясын та­быстады.­

– Ауданда жұмысын бастағанына екі жыл болған орталықта балаларды дзюдо, қазақ күресі, таеквандо, каратэдо, шахмат, үстел теннисі т.б. спортқа баулып келеміз. Бұл ең алдымен ел Президентінің қолдауының арқасында жүзеге асқан жоба. Орта­лықта 350-ге жуық жасөспірім спорт пен өнерге тәрбиеленіп келеді. Жас спортшылардың арасында жетістікке жеткендердің алды республикалық додаларды бағындырды, чемпион атанды. Олармен білікті де тәжіри­белі жаттықтырушылар жұмыс жасайды. Алдағы уақытта шәкірттеріміз талай биік белестерді бағындырып, ауданның намысын қорғайтынына сенім білдіреміз, – дейді құрылтайшы Серіккүл Сағындыққызы.

Орталық жаттықтыру­шы­ларының көбісі жас мамандар екен. Олардың арасында республика чемпиондары да бар. Соның бірі – Салтанат Мырзабекова. Ол каратэдо үйірмесіне жетекшілік етеді, қара белбеу І дан иегері. Жас бапкердің мақсаты – балаларды спорттың осы түріне деген қызығушылығын арттыру, аудан абыройын, ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондарды тәрбиелеу.

– Ауданнан ашылған орталыққа келушілердің саны жыл сайын артып келеді. Қазір үйірменің кішкентай спортшылары аудандық са­йыстардан бастап, облыстық, республикалық чемпионат­тарда бақ сынап, жетіс­тік­терге жетіп жүр. Бұл жыл сайын жұмысы жандана түскен орталықтың, шағын ұжымның жеткен жетістігі. Ізденіс пен шығармашылық, қажырлы еңбек міндетті түрде жемісін береді. Спорт үйірмесіне қатысатын балалар тәртіпке, тазалыққа, ұжымдағы ауызбірлікке, достыққа бейімделеді. Сондықтан алдағы уақытта шәкірттерімізге жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектестігімді білдіремін, – дейді жаттықтырушы Салтанат­ Мырзабекова.

Мерекелік салтанатты кеште өнерлі балалардың ата-аналары да марапатталды. Ата-аналардың атынан Азиза Сексенбаева орталық жұмысына алғысын білдірді.

– Қызым Аделя – 8 жаста. «Мансұр» спорт орталығының каратэдо үйірмесіне қатысқанына 1 жыл болды. Аз ғана уақыт ішінде каратэнің қыр-сырын меңгерді. Көптеген жарысқа қатысып, өне­рін көрсетті. Жетістіктері де жеткі­лікті. Алдына қойған мақсаты – чемпион­ болу. Балаларды спортқа жаттықтырып, бос уақытын тиімді өткізуге атсалысып жүрген орталық жаттықтырушыларына алғыс айтамын. Қаншама баланың қабілетін шыңдап, бірін спортқа, енді бірін шығармашылыққа үйретуде. Орталық жұмысына сәттілік тілеймін, – дейді кент тұрғыны А.Сексенбаева.

Айту керек, «Мансұр» спорт-шығармашылық орталығында домбыра, эстрадалық аспаптар, көркем оқу, бисермен өру, поэзия-проза, гитарамен ән айту, ұлттық билер, кескіндеме және көркем сурет үйір­месі жұмыс жасайды. Салтанатты кеште үйірменің талантты жастары өнерлерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өнер мереке­сін­де аудан өнерпаздары да әннен шашу шашып, күмбірлеген күй төгілді.

Іс-шараны тамашалаған ардагерлер жастарға ақ батасын беріп, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.


Бибісара ЖАНӘЛІ
23 желтоқсан 2023 ж. 238 0