Ашық турнир жеңімпазы – «Мансұр-Сырдария»
Кент орталығындағы спорт кешенінде аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен сала ардагерлері Бақытжан және Пазылхан Абдулпаттаевтардың құрметіне шағын футболдан ашық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Киелі Сырдария ауданы қай кезде де өзінің спортшыларымен мақтанады. Әсіресе ұлттық спортты дамытуда ауданда ерекше серпіліс бар. Ауқымды спорт жарыстарын ұйымдастыруға үлес қосқан спорт ардагерлеріне алғысымызды білдіреміз. Ағайынды спортшылар ауданда спорт төресі футболды дамытуға зор үлес қосып, мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп, осы спорт саласының өркендеуіне ерекше атсалысты. Ашық турнирге қатысуға келген барлық спортшыларға сәттілік, жеңіс тілейміз, – деді Димаш Серікбайұлы.
8 команда, 100-ге жуық спортшы қатысқан жарыс екі күнге созылып, нәтижесінде І орынды «Мансұр-Сырдария», ІІ орынды «Достар-Қызылорда», ІІІ орынды «Байқоңыр» және VІ орынды «Қазалы-Авангард» командалары жеңіп алды. Сонымен қатар «Үздік қақпашы» Б.Мұратов (Қазалы-Авангард), «Үздік қорғаушы» С.Әмзеев (Тереңөзек 35 командасы), «Үздік шабуылшы» Е.Тұрсыманов (Мансұр-Сырдария), «Үздік сұрмерген» Д.Маханбетов (Достар-Қызылорда), «Үздік ойыншысы» номинациясымен Д.Сержанов (Байқоңыр) турнир үздіктері атанды. Жарыс жеңімпаздары кубок, диплом, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айту керек, шағын футбол 35 жастан асқан спортшылар арасында өтті. Жарысқа аудандық спорт бөлімі, Бақытжан, Пазылхан Абдулпаттаев, қос спорт ардагерінің шәкірттері, «Мансұр» спорт клубы, №210 О.Абдулпаттаев атындағы орта мектеп демеушілік жасады.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ