Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабы мен бағы келіскен спортшылар дара шықты

Бабы мен бағы келіскен спортшылар дара шықты

Қарусыз қорғанудың бір түрі, қол және аяқпен қарсыласы денесінің неғұрлым осал тұсына соққы беруге негізделген спорт саналатын каратэ-до – шығыстық жекпе-жек түрі болып табылады. Осыған орай, Сырдария ауданында тұңғыш рет «Мансұр» спорт-шы­ғармашылық клу­бы және Қызыл­орда облысының ка­ратэ-до фе­­де­ра­циясының ұйым­­дас­тыруымен осы спорт түрінен об­лыстық бірінші­лік жалауын кө­терді. Біріншілікке аймақ бойынша 8 команда бойынша 150-ге жуық спортшы қатысты.

Облыстық біріншілікті ашқан аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев жарысқа қатысушыларға сәт­тілік тіледі.

– Ауданымызда каратэ-до спорт түрінен облыстық біріншілік өткізілуде. Бүгінгі жарыста ұлдар мен қыз­дар 15 түрлі салмақ дәрежесінде сынға түседі. Айта ке­тейік, аудан бойынша алғаш рет «Мансұр» спорт-шы­ғармашылық клубы жанынан каратэ-до үйірмесі ашылды. Қазіргі уақытта жас спортшыларды аталған спортқа баулыған тәжірибелі мамандардың еңбегі зор. Біз осы жарысқа арнайы қатысуға келген кез келген спортшылардың болашағынан зор үміт күтеміз. Алдағы байрақты бәсекелерде Сыр елінің намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде жарыстың бас төрешісі Әкімжан Нұрғалиев пен годзю-рю каратэден аға жаттықтушысы Еркін Боханов, «Мансұр» спорт-шығармашылық клу­бының құрылтайшы-директоры Серіккүл Сағындыққызы жарыс жа­йында өз пікірлерін білдірді.

– Каратэ-до спортының тарихы ХV ға­сырдан бас­тау алған. Елі­мізде осыдан 30 жыл бұрын жаңа дәуірін бастаған бұл спорт түрімен шұғылданушылар қатары жеткілікті. Былтырғы жылы Токио олимпиадасының бағдарламасына енген каратэ-до спорты өңірімізде жақ­сы дамыған. Бірқатар аудан спортшылары каратэ-до үйірмесіне келіп, жаттығу жасауда. Алдағы уақытта орталық тарапынан зор қолдау көрсетіліп, шығыс жекпе-жегін дамытуға мүмкіндіктер жасалмақ, – дейді «Мансұр» спорт-шығармашылық клу­бының құрыл­тай­шы-директоры.

Өңірі­міз­ден шыққан дарынды спортшылар бар­шылық. Мәселен, 3 дүркін Әлем және Азия чемпионы Мөлдір Жаңбыр­бай, Әлем чемпионы Дәуренбек Берменов, Ғабиден Орынбаев, Әсемгүл Ердәулет секілді спортшылар – Сыр елінің мақтанышы.

Негізінен, об­лыстық біріншілікке «Локомотив» спорт клубы, «Қажымұқан» спорт клубы, №2 облыстық олимпиа­далық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөс­пірімдер мектебі, №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспі­рімдер мектебі, «Алаш арыстаны» спорт клубы, «Кү­рес-2020» спорт клубы, «Мансұр» спорт клубынан келген жас спортшылар өзара мықтыны анықтады.

Жылдамдық пен шапшаңдықтан құралған каратэ-до спортын дамытуға үлес қосып келе жатқан ел азаматтарын «Балалар жылы» аясында Қызылорда облысының каратэ-до федерациясы марапаттаған болатын. Сонымен бір­ге каратэ-додан ҚР спорт шеберлігі үміткер атағына Жәдігер Алматұлы, Нұрғазы Алыбеков, Данияр Еркінбаев, Райан Рақытбек иеленді. Айта кетейік, жас спортшылардың тартысқа толы бәсекесін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жігер Айекешев, «Мансұр» спорт клубының жетекшісі Нұрбол Дайрабаев тамашалады.

Облыстық біріншіліктің қоры­тын­дысында сырдария­лық өрендер жеңіс тұғырынан көрінді. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерге арнайы диплом мен естелік медаль табысталды.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
20 қыркүйек 2022 ж. 479 0