Тәбәрік беру – береке бастауы
Сүйегі асыл қариялар ұзақ ғұмыр кешіп, айналасына ақылын айтып отырады. Қашанда ел ішінде сый-құрметке бөленген қазыналы қарт пен ақ жаулықты ана өткенді әріден қозғап, ұрпағына ғибратты әңгімесін жеткізеді. Әрбір шаңырақтағы егде тартқан кісінің даналық сөзі жан азығы саналады. Жасы жетіп, бақилыққа аттанар уақыт таяған тұста отбасының асыл бәйтеректері жақын-жуыққа арнап, «тәбәрік» дайындайды. Негізінен, «тәбәрік» сөзі қазақтың тұрмыс-тіршілігінде бірнеше мағынада қолданылады екен.
Әрине, этнографиялық тұрғыдан қазақтың күнделікті айнымас әдет-ғұрпына айналған жоралғыларды кеңінен тарқатып көпшілікке жеткізу тікелей міндетіміз. Қайғы жамылып, жақынынан айырылған отбасында үлкен кісінің тұтынған заттары мен киімдері, бағалы заттары сауабы тисін деген мақсатта ағайынына «тәбәрік» ретінде берілген. Көпті көрген аналардың сандығына жиғанын ізінен ерген бауырлары мен келіндері аттай қалап алатын болған. Ал қыздары зергерлік бұйымдарын шешесінің көзі ретінде тастамай тағып жүрген.
Негізінен, ислам шариғаты бойынша «Табрик» сөзі екі мағынада қолданылады екен. Біріншіден, бір адамның басқа адам үшін Алладан береке тілеуі болса, екіншіден Алла Тағала өзінің қандай да бір жаратылысын игілік-берекеге бөлуі саналады. Бұл ретте, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «тәбәрік» сөзіне естелік үшін алынатын немесе пайдаланатын қастерлі зат деп анықтама берген. Расында, тірі адамның берекесін молайту – сауапты іс. Жасы жүзге таяған немесе сол жасқа жақындаған қарияның қолданған бұйымын көзінің қарашығындай сақтаған жандар қаншама.
– Кез келген отбасында орын алатын қайғылы жағдайдың кімге болмасын ауыр соғары анық. Өз кезегінде үлкендеріміз балаларына, бауырларына бір күні бақилыққа аттанып, о дүниелік боларын айтып отырады. Жасы ұлғайған қариялар өткен өмірін зердесінен өткізіп, ұрпағына жақсы әке, ана болуға ұмтылады. Жол көрсетер арқасүйерінен айырылған отбасы мүшелері ата-анасының, туысының көзі тірісінде пайдаланған бағалы заттарын «тәбәрік» ретінде жиналған қауымға таратуы – заңдылық. Игі амалды жасай отырып, отбасы берекесін арттыру – салт-санамызда қалыптасқан игілікті үрдіс. Біз ата-бабадан келе жатқан ізгілікті дәстүрлерді жаңғырта білуіміз керек, – деді Сырдария аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Болатбеков.
Сонымен қатар «тәбәрік» берудің өзіндік мәні ауыспалы мағынада қолданылады. Шаңыраққа келін түсіп, өзге де торқалы той болған жағдайда шашылған шашуды «жұғысты болсын» деген тілекпен жиналған қауым «тәбәрік» қылып алған. Бәйгеден олжалы қайтқан шабандоз жанындағы жолдасына «тәбәрік» ретінде өз үлесін берген. Әрине, қуаныш пен қайғы ел арасында қатар жүретіні мәлім. Осындайда кәделі жоралғыны жиналған жұртшылыққа дәріптей білген үлкен буынның өмірден түйгені мол.
Қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев даңқты батыр Бауыржан Момышұлына арнаған «Аға» өлеңіңде:
Қандай сый тартсам екен, аға, саған,
(Білмеймін жараспай ма, жараса ма?)
Ешбір сый таба алмасам, аға, саған
Аппақ тонын атамның тәбәрігін,
Жүзге кел деп арқаңа жаба салам, – деп «тәбәрік» жоралғысын жырға қосқан екен. Бұл ретте, ақын өзі айрықша құрмет тұтатын Бауыржан Момышұлына орасан зор ілтипатын көрсетуге дайын екенін жеткізген. Ел мен жерді асқан батырлықпен қорғай білген жаужүрек батырға өзінің қимасын сыйлауға дайын екендігін жеткізген қаламгер «тәбәрік» берудің өзіндік мән-мағынасына тоқталған.
Шын мәнінде, ұлтымыздың әрбір әдет-ғұрпында терең мағына жатқандығына көз жеткіземіз. Ойлы оқырман «тәбәрік» беру жоралғысын жасау бар берекенің бастауы екенін ұғынса деген ниеттеміз. Сауапты іс жасаудан жарысайық, ағайын! Себебі, берекенің бастауы – тәбәрік беру екенін ұлт тарихынан белгілі.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден