Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – халқымыздың бақыты

Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – халқымыздың бақыты

1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіл әлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел.


Сіздерді еліміз үшін ең қастерлі де қасиетті мереке - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Бұл күн – киелі жеріміз бен болашақ ұрпақтың бостандығы үшін күрескен ата-бабаларымыздың асқақ армандардарының орындалған күні.

Бұл күн – өз болашағымызды өзіміз айқындауға қол жеткізген ұлы күн! Сондықтан да тарихы тереңде жатқан 16 желтоқсан біз үшін қасиетті күн.

Тәуелсіздік – дәуір мен уақыттың бізге берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ.
 Қазіргі таңда Тәуелсіздік – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік.

Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын. 
                                                                                                      

М.Е.АСАН,
Сырдария аудандық сот
әкімшісінің бас маманы
19 желтоқсан 2023 ж. 154 0