Қаржы пирамидасының құрбаны болмаңыз
«Аз ақша сал да, көп қаржыға кенел». Бұл – қаржы пирамидасы деген қарақшылықты кәсіп еткендердің басты құралы. Кейінгі кезде танымайтын, мүлде көрмеген «жанашырларға» алданып, сан соғып қалып жатқандар көп. «Мынша көлемде ақша салсаң, осындай уақыттан кейін табысың таудай болып артады. Есесіне, ештеңе жасаудың қажеті жоқ. Тек ақша сал да, күнделікті күйбең тіршілігіңді жалғастыр» дейді.
Ойлаңызшы, қазіргідей кезде жайдан-жай кімге кім көп қаржы бергендей?! Бірақ мұндай алаяқтар жылы-жылы сөйлеп, жалған жанашырлық танытып, қаржыдан қысылып, жапанда жалғыз қалғандай күй кешіп жүргендерді тәтті тілмен арбап, қақпанға түсіреді екен. Қаржы пирамидасы – бұл табыс алудың алаяқтық схемасы. Сізге өте жоғары пайыздық мөлшерлемелермен инвестициялау ұсынылады. Олар кепілдендірілген табыс береді және жобаға достарын белсенді тартуды сұрайды. Және көбінесе өздерін инвестициялық кәсіпорын ретінде көрсетеді. Мысалы, акциялар мен облигацияларды сатып алуды ұсыну, жоғары өнімді құрылысқа, алтын өндіруге немесе ультра тиімді өндіріске инвестиция салуға уәде береді. Бұлардың барлығы заңсыз. Ал алаяқтарға ақша беруге шешім қабылдаған адам ешқандай құқықтық келісімшарт жасаспайды. Сол себепті де кейін сан соққанда ешнәрсені дәлелдей алмауы мүмкін. Бірақ алаяқтық заң шеңберінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті қаржы пирамидаларының белгілері бар ұйымдарды құру және олардың қызметіне әр түрлі алаяқтық схемалар арқылы азаматтарды тарту жағдайларының жиі орын алып жатқандығы жайлы ескертеді.
Қаржы пирамидасы – заңға қайшы инвестициялық қызмет, мұнда алдыңғы қатысушыларға берілетін төлемдер жаңа қатысушылардың қаражатын тарту арқылы жүзеге асырылады. Қаржы пирамидасын құру және оны басқаруға ҚР ҚК-тің 217-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қазіргі кезде алаяқтар әлеуметтік желіде де жетерлік. Белгісіз нөмірден қоңырау шалып, танымайтын адам ақ пейіл таныта қалса, абай болғаныңыз жөн.
Осы ретте, апта ортасында қауіптің алдын алу мақсатында арнайы мамандармен жиын өткізілді. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін арнайы келген маман Майра Тұрлыбекқызы кент мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Маманның айтуынша, мұндай алаяқтыққа көбіне әйел адамдар тап болатын көрінеді. Қаржы пирамидасының негізгі белгілеріне қаражаттың елеулі бөлігін салуды және оны ірі пайызбен қайтаруды уәде ету, құқықтық келісімшарттың болмауы, белсенді түрде жасалған жарнама, арнайы лицензиясы жоқ «мамандар», тағысын-тағы. Сондай-ақ, алаяқтар қажетті қаржыны банктегі арнайы есепшот арқылы емес, қолма-қол немесе интернет төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйесі арқылы аударуды сұрайды.
– Құрметті тұрғындар, егер сіз қаржы пирамидасына тап болсаңыз немесе таныстарыңыз тегіннен-тегін үлде мен бүлдеге орайтын компанияға қаржы салғанын байқасаңыз, Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе аумақтық қаржылық мониторинг органына жүгінуіңізді сұраймыз. Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 21-52-09 сенім телефонына қоңырау шалуға болады, – деді М.Оралбаева.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ