Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтан абай болайық

Алаяқтан абай болайық

Алаяқтық істерді ауыздықтау оңайға соқпай отыр. Қазіргі таңда айлакерлердің жұмысы да жеңілдеген. Бұрынғыша сізді іздеп тауып, бетпе-бет келіссөз жүргізбей-ақ онлайн түрде қалтаңызды қағып, бар жиған тергеніңізді сыпырып алады. Дәлірек айтқанда сіз қалайша өз ықтиярлығыңызбен бар қаражатыңызды бергеніңізді байқамай қаласыз.

Мәселен, онлайн түрде белгісіз біреу сізге үй, көлік алуға алғашқы жарна сұрауы немесе сізге тауар сату немесе сатып алу қызметін ұсынуы мүмкін. Белгілі уақытта алып беруге уәде беріп, соңында ақшаны қалтасына басып алып тайып тұратын мұндай айласын асырып аңқау елге, арамза молда болып жүрген басбұзарлар жетерлік. Сол себепті де белгісіз адамға сенім артар алдында абай болғаныңыз жөн. Алаяқтықтың мұндай түрімен айналысатындар алдын-ала машықтанып, адамдармен қарым-қатынас жасау әдебін үйренетін көрінеді. Өзінің торына түсірмек болған тұтынушыны алдын-ала барынша зерттеп, бүкіл мүмкіндікті қарастырады. Осы орайда ауыздықтау қиынға соғып тұрған интернет алаяқтықтың алдын алу шараларын Сырдария аудандық полиция бөлімшесінің қызметкері, криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Дулат Сағатбекұлынан сұраған болатынбыз:

– Қазіргі таңда алаятықтың ең көп таралған түрі интернет арқылы жасалатын алаяқтық. «ОЛХ», «Колёса» секілді интернет дүкендер арқылы сатып алу немесе сату қызметтерін ұсынып, қылмыскер қарапайым халықты торына түсіреді. Мұндай желі алаяқтары түрлі абоненттік нөмірлерді қолдануымен қатар, сізден сатып алмақ болған тауарға алдын ала төлемді жартылай немесе толық жасауды талап етуі мүмкін. Егер осындай талап қойған жағдайда сатушының жеке басын куәландыратын құжатын сұраңыз, төлем шарттарымен танысып, тауардың шынында бар екеніне толық көз жеткізгеніңіз жөн. Себебі, мұндай басбұзарлар белгілі брендтің логотипін қолдану арқылы да сізді алдап соғуы мүмкін. Ең бастысы жарнаманың қосымша бетте емес, арнайы сайттарда орналасқанын мұқият қадағалаңыз. Мүмкіндігіңізше тауарды қолма-қол алуға тырысыңыз және әлеуметтік желі саудасында барынша абай болыңыз, – деді Д.Сағатбеков.

Қазіргі таңда ең көп таралған қылмыстың бірі саналатын интернет алаяқтықты ауыз­дықтау мақсатында аудандық прокуратура қызметкерлері, Сырдария аудан­дық әкімдігі және аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп және әлеуметтік нысандарды аралап, ескертпе жады­намалар таратқан болатын. Халықты барынша алаяқтық істерден сақ болуға шақырып, мұндай қылмыс түр­лері арнайы заң тарапынан қатаң жазаланатынын да айтып өтті.

Қазіргі таңда интернеттегі алаяқтықтың бірнешетүрі кездеседі. Кәнігі алаяқтар адам­ды алдап соғудың түр­лі айлы-шарғысын ойлап тапқан. Солардың ішінде ең көп кездесетін түрлерінің бірі интернет сайттарда тауарды сату, қызмет көрсету туралы жалған ақпарат енгізіп, ұсынып отырған тауардың нарықтағы бағасынан төмен­деу қара­жатқа ұсыну арқылы тұтынушының қызығушылығын тудырады. Соңы алдап соғуға алып келеді. Мұндай қылмысты көбіне шет мемлекеттерде отырып жасайтындықтан, оңайлықпен қулығына құрық бойламайтын алаяқты ұстау мүмкіндігі жоқ. Екінші бір алаяқтар несиені онлайн рәсімдеу немесе әлеуметтік желіде букмекерлік кеңсеге ақша салуға көмек беремін деген жалған жарнама арқылы оңай ақшаға кенелгісі келген жандарды алдап соғады. Енді біреулер оңай жолмен пәтер, жер телімі мен жұмысқа тұрғызу қыз­меттерін ұсынып, ақшасын алғаннан кейін байланыс нөмірін өзгертіп, ізін суытады екен. Сондықтан, қандайда бір қадамға барар алдын заң тұрғысынан дұрыс іс жасап жатқаныңызға көз жеткізіңіз.

Жаһандану заманында елдің еңсесі кө­те­ріледі деп жүргенімізде, желі әсері­нен халықтың қалтасы қағылуда. Ешкімнің ала жібін аттама деп тәрбиелейтін қазақы тәрбиенің басқа арнаға түскені ме? Адам­шылықтан аранын тойдыруды артық қойған алаяқтардың арбауынан сақ болыңыз! Оңай олжаға кенелуді ойламас бұрын, «бұл не деген батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық» деген халық тәмсілін естен шығармаңыз.

Жұлдызай АНШАЕВА
20 ақпан 2021 ж. 677 0