Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әзілдеуге де болмайды..!

Әзілдеуге де болмайды..!

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна». Қазақ қоғамында көп айтылатын бұл сөздің астары тереңде. Десе де әзілдеуге болмайтын, мүлде тыйым салынатын, қатаң жауапкершілік белгіленген арнайы орындар да бар. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Білмеген соң көпшілік кейде қателесіп, көлемді айыппұл төлеп, темір торға тоғытылып жатыр. Біз бүгін оқырманға құлаққағыс ретінде қажетті ақпаратты ұсынуды жөн көрдік.

Қазір таяқ тастам жерге көлікпен баратын көпшілік алыс-жақын қалалар мен шетелдерге міндетті түрде әуе көлігі арқылы барады. Яғни, әуежайға барып билет алып, уақытын үнемдегісі келеді. Осы ретте әуежайда айтуға болмайтын сөздер бар екен. Бүгін біз осы тақырыпты тарқата жазамыз.

«Әуежайда үндемеген дұрыс» дейді білетіндер. Себебі мұнда аңдамай сөйлеймін, орынсыз әзілдесемін деп 17 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Айыппұлмен құтылсаңыз жақсы, әрине. Темір торға тоғытылып, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуыңыз ықтимал.

Айыппұл мен темір тордан құтылған күннің өзінде тінтуге тап болып, уақытыңызды зая кетіріп, ұшағыңыздан қалып қоюыңыз да мүмкін. Нақтырақ айтқанда, маңызды нысан саналатын әуежайда айтуға болмайтын сөздердің нақты тізімі бар.

– Әуежайда «терорист, тероризм, терор, бомба» деген сөздерді мейілінше айтуға болмайды. Кейде азаматтар «жүгімде бомба бар» деп әзілдеп айтып жатады. Біз мұндайда дереу дабыл қағып, күшейтілген жұмыс режиміне көшеміз. Айтыл­ған сөз дәлелденбесе, онда жалған ақпарат таратқан болып есептеледі. Оның соңы қылмыстық жауапкершілікке алып келеді, – дейді Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі Тойгүл Жұбанысова.

Біз осы ретте Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» әуежайында болып, тұрғындардан тыйым салынған сөздер туралы сұрадық. Сауалымызды жолдаған он адамның бәрі де бұл туралы білмейтінін айтты. Тіпті айына екі-үш рет ұшатын жолаушылар да бұдан мүлдем бейхабар екен. Ал Ішкі істер министрлігінің өкілдері тиісті түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп жатқанын айтып, бұл бағытта еліміздің барлық әуежайларында жадынамалар таратылып, әуежайға келушілерге анық көрінетіндей орынға хабарламалар, ақпараттық мақалалар ілінгенін жеткізді.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, биылдың өзінде елімізде әуежайда тыйым салынған сөзді айтқаны үшін 41 рет дабыл қағылыпты. Оның ішінде, 29 жолаушының кінәсі толық дәлел­де­ніп, қылмыстық іс қоз­ғалып, сотқа жолданған екен.

– Барлық олқылық азаматтардың жеке жау­апкершілік танытпайтынынан орын алады. Мысалы, күту бөлмесінен ұшаққа отырғызу орнына өтерде барлық жолаушының багажы тексеріледі. Осы кезде кейбір азаматтар сабырсыздық танытып, жеке жауапкершілік танытпай, «багажымда бомба бар», «бомба салып алған соң сөмкем ауыр шығар» деп айтып жатады. Бұл халықаралық актілерге қарама-қайшы келетін іс-әрекет. Мұндайда әуежай қызметкерлері мен полиция дабыл қағып, дереу шұғыл іс-әрекетке көшеді. Кейде бір күнде үш оқиғаға дейін кездесіп жатады. Біз қылмыстық іс қозғап, дәлелді құжаттармен бірге сотқа жолдаймыз. Соттың үкімімен азамат айыппұл төлейді немесе темір торға тоғытылады, – дейді ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Көліктегі полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дулат Діркенов.

Иә, «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп бекер айтылмаса керек-ті. Сондықтан әр сөзді байқап, бағамдап барып айтқан дұрыс. Өйткені заңды білмеу ешкімді жауапкершіліктен құтқармайды.


А.Ибрагимұлы
Фото: ашық дереккөзден
28 қараша 2023 ж. 303 0