Жемқорлық туралы хабарлап, сыйақы алыңыз
Елімізде жемқорлықпен күрес жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Кешенді іс-шаралардың аясында енді жемқорлық туралы хабарлап, сыйақы алуға болады. Мемлекеттің өзі бұған кепілдік беріп, ақпараттың құпия сақталатынын заңмен реттеп отыр. Бұл Президент тапсырмасының іс жүзінде қолданылып жатқанын білдіреді.
Нақтырақ айтсақ, жемқорлық туралы хабарлап, 14 млн теңгеге дейін сыйақы алуға болады. Бірақ бәріне бірдей төлене бермейді. Сыйақының тағайындалу ережесі бар. Сыбайластықпен күрес қызметі оның нақты ережесін бекітті. Құжат осы жылдың 15 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Параның мөлшері 1 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінен аспаса, яғни, 3,5 млн теңге мөлшерінде болса, хабарлаған адам 100 мыңнан бастап 345 мың теңгеге дейін сыйақы алуы мүмкін.
Ал басқа жағдайларда сыйақы мөлшері пара сомасының 10 пайызын құрайды екен. Бірақ 4 мың айлық есепті көрсеткіш көлемінен аспайды. Демек, ең көп сыйақы мөлшері – 13 млн 800 мың теңге. Сыбайластық жөнінде ақпаратты республика шеңберінде үздіксіз жұмыс істейтін 1424 телефонына хабарласып, мәлімет ұсынуға болады.
Пара беруші де, алушы да қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны белгілі. Бірақ оны хабарлау бөлек нәрсе. Тек барлығы дәлелді, дәйекті болуы шарт. Мәселен, елімізде соңғы бір жылда жемқорлық фактісін хабарлаған 50 адамға ақшалай сыйақы берілген. Сыйақының ең жоғары мөлшері 12 миллион 25 мың теңгені құрапты. Бұл қомақты сома атыраулық азаматқа табысталған. Ол бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарын әшкерелеуге көмектескен.
Сыбайлас жемқорлық қылмысы бір ғана адамға кесірін тигізбейді. Қандай да бір мекеме қызметкері жемқорлықпен ұсталса, онда сол мекеменің бірінші басшысынан да жауапкершілік сұралады. Сосын сол мекеме орналасқан әкімшілік аумақтың атына сын келеді. Сондықтан әрбір азамат өзгені де ойлауы, жауапкершілікті сезінуі тиіс.
Бабаларымыз:
«Бәйге алмаған тұлпардан,
Белі берік бесті артық.
Байламы жоқ шешеннен,
Үндемеген есті артық.
Парадан алған түйеден,
Адалдан алған ешкі артық» деген екен. Осы сөздің өзі арды ойлап, адал еңбек етуге ынталы азаматқа үлкен ой салады. Сондықтан жемқорлық қылмысының ешкімге опа бермейтінін тереңірек түсінуіміз қажет.
А.ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден