Шынымен 100 пайыз ба?
Газдандыру бағытында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер айтылғанда «Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кенті 100 пайыз газдың игілігін көріп отыр» дегенді жиі-жиі естіп жүрміз. Мұны халық айтпаса да билік айтып, түрлі ақпараттар мен құттықтау мәтіндерінде жазып та, жариялап та жүр. Бірақ...
Бірақ дегеннен шығады, бүгін сол туралы айтып, тарқата жазалық. Бірден ашып айту керек Тереңөзек кенті халқының 100 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отырған жоқ. Бұлай айтуымызға кенттің Н.Бердіқұлов көшесінен салынып, көпбалалы отбасыларға берілген тұрғын үй иелерінің әлі күнге отын тасып, көмір жағып отырғаны дәлел. И.Тоқтыбаев көшесінің «Қызылорда-Жалағаш» автожолына бағыт алған үлкен жолдың оң жақ қапталындағы «жаңа қоныстану аймағы» аталып кеткен үйлердің мәселесі де дәл осындай. Олар да кенттің тұрғындары саналғанымен көгілдір отынның рахатын әлі сезінген жоқ.
– Газдың игілігін кім болса да көргісі келеді. Оның үстіне кентке көгілдір отынның берілгеніне бірнеше жыл болды. Біз сол игілікті ерте сезініп, отын жару мен көмір тасудан құтылсақ дейміз. Бірақ биыл да көп уақытымыз ауыр жұмыспен кететін болды. Қазір бірнеше тонна көмір түсіріп алдық. Өйткені газ келесі жылы берілмесе, биыл берілмейтіні анық сияқты, – дейді көше тұрғыны А.Смайлова.
Қазір қараша айы аяқталуға жақын қалды. Енді санаулы күнде күз мезгілі аяқталып, қыс келеді. Аяз. Жел. Боран. Сырдың ауа-райы әп сәтте құбылады. Мұндай күні аудан орталығында тұрып, газдың рахатын көрмеу азаптың азабы. Сондықтан көше тұрғындарының базынасы орынды екені анық.
– Тереңөзек кентіне газ берілген кезде «құлақшынымызды аспанға атып» қуанғандардың бірі біз едік. Бірақ ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Біздің тұрғын үйлер газдандыру жобасы әзірленіп, бекітілгенде сызбада жоқ екен. Сол қиын болды. Жылдан-жылға кенттің аумағы үлкейіп жатыр. Биыл болмаса да келесі жылы көгілдір отынға қол жеткізсек деп ойлаймыз. Бұл мәселені ауданның, кенттің әкіміне, тиісті бөлімнің, мекеменің басшыларына айттық. Нәтижесі болады деп үміттенеміз, – дейді көше тұрғыны А.Мақсұтқызы.
Біз осы мәселе туралы толыққанды ақпарат алу үшін аудан, кент әкімдігіне, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарласып, мән-жайды білдік. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, мәселе басты назарда екен.
– Жақында бұл көшенің тұрғындары аудан әкімінің қабылдауына келді. Біз мәселені зерттеп, тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Бұл жөнінде депутаттар тарапынан да ұсыныстар түскен. Бұл маң жаңа ықшам ауданға жатады. Осы аумақты газдандыру мақсатында құрылыс жұмыстарын бастау үшін облыстық бюджетке өтінім беріліп, қаржы бөлінді. Қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, мердігер мекеме анықталып, келісімшарт жасалды. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда, – дейді аудан әкімінің орынбасары Р.Еспенбетов.
Бұл жауап көше тұрғындарына да таратылып, заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Бірақ тұрғындар сөзден іске көшетін кезең келгенін айтып, басталған іс ертерек аяқталса, газдың игілігін жұрт қатарлы көрсек деп үміттеніп отыр. Осы ретте кенттің аумағы 100 пайыз көгілдір отынға қосылмағанын ескеріп, түрлі ақпараттар мен құттықтау мәтіндерінде «Тереңөзек кенті толық газбен қамтамасыз етілген» деп жазып, жариялауға асықпаған жөн секілді.
Ал жалпы облыстағы ақпаратқа шолу жасайтын болсақ, аймақта газдандыру жоспарының нәтижесі жылдан-жылға жақсарып келеді. Биыл 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізу жұмыстары басталған. Бұл – 40 мыңнан астам тұрғын табиғи газдың игілігін көреді деген сөз. Осылайша өңірде газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткізіледі деп жоспарлануда. Келесі жылы да бұл жұмыстар жалғасады. Республикалық бюджеттен 12 млрд теңгеге 12 ауылға «көгілдір отын» кіргізу жобалары қолдау тапқан. Мәселен алдағы жылы А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдарына газ жүргізілетін болады. Шаған ауылына 2024 жылға республикалық бюджетке қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім ұсынылған. Бүгінде Қалжан ахун ауылына келген «көгілдір отын» көптің игілігіне айналып, тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әсер етуде. Бірақ бұл елді мекенде де газдандырудың сызбасында жоқ аумақтар бар екен. Бұл мәселе жақында ауданымызда өткен сайлаудың үгіт-насихат кезеңінде айтылып, ұсыныстар түскенін білеміз. Ол бөлек мәселе...
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
Фото: ашық дереккөзден