Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол жөнделіп, жарық орнатылса...

Жол жөнделіп, жарық орнатылса...

«Желтоқсан» сөзінің қадірі әр қазақ үшін артық. Ел Тәуелсіздігі жолында ештеңеден қаймықпаған қазақ жастарының ерлік шежіресін паш еткен бұл ай – әрі қастерлі, әрі қасиетті дерсіз... Бүгін бұл жөнінде емес, Желтоқсан айының, ұғымының құрметіне Желтоқсан көшесі деп аталған кент көшесі жөнінде, нақтырақ айтқанда осы көшенің тұрғындарының өтініші туралы қалам тербемекпіз.

Көшенің байырғы тұрғындарының бірі – Бөлебаевтар отбасы. Әкесінің қасиетті қара шаңырағының түтінін түтетіп, бүгінде өзі де немере сүйіп отырған С.Бөлебаев Желтоқсан көшесінің аяқ жағында тұрады. Бұл көшеге асфальт төселген, жарық орнатылған. Бірақ толық емес. Қазіргі таңда да асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Бірақ бұл жолы да көшенің бір шеті қалып қойған. Салдарынан сол маң күзде мидай батпақ, жазда қап-қараңғы... Жол мен жарық болмаған соң көктемнің де сәні кірмейді. Қыстың күні күздің тоң-тоң болып қатқан балшығы көлік түгілі адамның да жүруіне кедергі келтіреді.

– Біз аудандық газетті үзбей оқимыз. Жақсы-жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жарияланған сайын қызыға қараймыз. Атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліміз толады. Бірақ шеткеріде орналасқан көшелер де назардан тыс қалмаса екен деп ойлаймыз. Биыл көшеміз асфальтталады дегенді естіп, біздің бірнеше жылдан бері айтып, көтеріп жүрген мәселеміз шешіледі деп ойлағанбыз. Бірақ неге екенін білмеймін жоспар бойынша көшемізге асфальт толық түспейді екен, – дейді Б.Сағындықов.















Фото: ашық дереккөзден

Біз осы мәселені көзбен көрмекке Желтоқсан көшесіне арнайы бардық. Тұрғындармен кездестік. Расында да көшенің бір бөлігі мүлдем есепке алынбапты. Аты бар да, заты жоқ. Тас жол 150-200 метр жерге жетпей қалған. Оның үстіне көшенің жартысына, яғни аяқ жағында көше жарығы жоқ екен. Ең қиыны бұл көшенің үстімен Достық, Бұқарбай батыр, Нау­рыз, Жастар көшесінде тұратын тұрғындар қатынайтынын ескерсек, мәселе тіптен күрделене түседі. Оның бәрін түсініп, тереңірек білу үшін барып көру қажет немесе қараңғыда жарығы жоқ, жолы ойдым-ойдым көшемен бір-екі күн жұмысқа қатынап көру керек.

– Өзіміз үшін емес балаларымыз үшін алаңдаймыз. Биылғы күз жауын-шашынсыз өтті. Былтыр балшықтан қатты қиналып едік. Сондықтан көшемізге жол түсіп, жарық орнатылғанын қалаймыз. Бюджет қаражаты жетпейді дейтіндей көп аумақ емес. Бар болғаны 150-200 метр жер, арғы жағындағы Достық, Бұқарбай батыр, Наурыз, Жастар көшесінде тұратын тұрғындарға бір аяқтық жаяу жүргіншілер жолы жетеді. Осы өтінішіміз орындалса деп ойлаймыз, – дейді көше тұрғыны Б.Сәбитұлы.

Біз мәселені әрі қарай зерделемек ниетте Достық көшесінің тұрғындарымен де пікірлестік. Бұл көшенің тұрғындарының басым көпшілігінің балалары №36, 35 мектеп-лицейінде оқиды екен. Ал оқушы балалардың барлығы осы Желтоқсан көшесінің үстімен қатынайды. Ата-аналар көшенің соңғы жағындағы 150-200 метр жерге асфальт төселіп, жарық орнатылса, сондай-ақ екі көшені жалғайтын тұсқа жаяу жүргіншілер жолы салынса құба-құп болар еді дейді.

Ауданымызда тұрғындардың талап-тілегі мен өтініші бюд­жет­тен тыс көздерден, яғни демеушілік арқылы да атқарылуда. Тереңөзек кентін­дегі Желтоқсан көшесі тұр­ғындарының 150-200 метр жерге асфальт төселсе деген өтініші де көп қаражатты талап етпейтін жұмыс секілді. Оның орындалуы, биліктің халық үніне құлақ асуы уақыттың еншісіндегі іс. Біз тек оқырмандарымыздың өтінішін қаламымызға арқау еттік.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
21 қараша 2023 ж. 209 0