Жаңарған, жанданған Сырдария
Соңғы 5 жылда Сырдария ауданында елеулі оқиғалар орын алды. Әлеуметтік нысандар ашылып, тозығы жеткендер жаңартудан өткізілді. Жаңа тұрғын үй көпшілікке пайдалануға беріліп, баспаналы болған жандар қатары көбейді. Сонымен қатар аудан халқының демографиялық өсімі анық байқалды. Өз кезегінде ауданның 95 жылдық мерей тойы аясында ел ішінде орын алған жағымды жаңалықтарды назарларыңызға ұсынбақпыз.
Үшемдер дүниеге келді
Шежірелі ауданның экономикалық даму үдерісі ұдайы өсіп келеді. Ал халықтың демографиялық көрсеткіші едәуір жақсару үстінде. Жылдар бойы біршама отбасының шаңырағында сәби үні естіліп, шаттық лебі ескені мәлім. Мәселен, өткен жылы Қалжан ахун ауылындағы Қиясовтар отбасында қуанышты жағдай орын алды. Жас ерлі-зайыпты үшемнің ата-анасы атанды.
Расында, Бақытбек Қиясов пен Эльвира Әбдіғаппарова Алла берген 5 баласынан кейін үшемін өмірге әкелді. Жарасымды жұп балаларына Нұрлыбек, Әділхан, Айсұлтан есімін берді. Негізінен, 6 ұл мен 2 қыздың әкесі Бақытбек Қиясов ауылдағы «БАҚ» шаруашылығында жұмыс істейді.
Күріш ақтау зауыты ашылды
Республикаға белгілі кәсіпкер, меценат Расул Есеновтың көзі тірісінде жасаған елеулі еңбектері ел есінде. Үнемі жаңашылдығымен, ағайынға жанашырлығымен танылған ел ағасы кәсіпкерлік саласының бірнеше бағытын түрлендіре білді. Өз кезегінде кәсіпкердің барлық қызметін отбасы мүшелері жалғастыру үстінде. Айта кетейік, өткен жылы Расул Есенов өз кәсібін әртараптандырып, күріш ақтау зауытын ашуды жүзеге асыра бастаған еді. Әкесінің ізгілікті ісін ұлы Фархад Есенов жалғастырып, күріш ақтау зауытын ашты.
Жаңа баспаналар пайдалануға берілді
Өткен жылдың басында Тереңөзек кентінің көп балалы отбасыларына жаңа баспананың кілті табысталды. Табысталған тұрғын үйлер Сырдария ауданы халқының әлеуметтік жағынан әлсіз және аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту жобасы аясында сатып алынған. Бір пәтердің жалпы ауданы 72 шаршы метр, әр үйдің жер учаскесінің көлемі – 10 сотық болып табылады. Сонымен қатар ауданға қарасты бірнеше ауылда жаңа баспаналар салынып, жергілікті тұрғындарға пайдаланға берілді.
Көгілдір отын халық игілігіне жарап тұр
Осыдан 3 бұрын жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын Тереңөзек кентінің кварталішілік газ құбырлары желісінің құрылысы аяқталған болатын. Ал 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап аудан орталығына көгілдір отын берілді. Қазіргі уақытта Тереңөзек кентінің тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өз кезегінде Қалжан ахун ауылының халқы биылдан бастап, көмір тасып, күл шығарудан арылатын болады.
Автомобиль жолдары жөнделді
Сырдария ауданында жол құрылысына айрықша көңіл бөлініп келеді. Жергілікті және облыстық, республикалық бюджеттің есебінен жолдар жөнделді. Биыл 29,8 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өткені мәлім. 2023 жылдың 1 қаңтарына аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 98 пайызды құрады.
Дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі
Биыл Асқар Тоқмағамбетов және Қалжан ахун ауылында дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары медициналық көмекті жаңа жөндеуден өткен ғимаратта алатын болады. Негізінен, бірнеше жылдан бері тозығы жеткен қос ауылдағы ғимаратқа жөндеу керектігін көпшілік мәселе ретінде көтеріп келген. Нәтижесінде, жаңарған нысан, жақсылықтың нышанына айналды. Бұл ретте, Н.Ілиясов ауылында жаңадан дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда, нысанның іргетасын қалау жұмыстары жасалуда. Құрылыс жұмыстарының бас мердігері «Техоснастка - Ремсервис» ЖШС-і.
Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың шілде айында басталып, жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Электр желісі жаңартылды
Биыл аудандағы бірқатар елді мекенде электр желілеріне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Жалпы,аудан көлемінде энергетикалық салаға қатысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, өткен ғасырдың 60-70 жылдарында салынған электр желілерінің 70%-ның тозығы жеткені анықталған еді. Соның салдарынан жел, жауын секілді ауа райының құбылуы кезінде электр жарығы өшіп қалып жатады. Атап айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 1,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, ауданға қарасты Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлар толық жаңартылды. Электр желісінің тозуы Сырдария ауданындағы ең үлкен елді мекен – Шаған ауылында да өзекті мәселе. Бұл елді мекенге де аймақ басшысы қолдау көрсетіп, бүгінде электр желілерін ауыстыру жұмыстары басталып кетті. Жоба өтпелі, алдағы 2024 жылы электр желілері толық жаңаратын болады. Бір айта кетерлігі, Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендерін электрмен жабдықтауға демеушілікпен жасаланады деп күтілуде.
Балтабай ОРДАБЕКОВ