Еңбек адамына – ерекше құрмет
«Алтын дән-2023» дәстүрлі іс-шарасында аймақтағы егін жинау науқаны қорытындыланды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дала еңбеккерлерін құттықтап, алажаздай еңбек етіп, қамбаны күрішке толтырған шаруалардың адал еңбегін жоғары бағалады.
– Алты алашқа ана болған Сыр өңірінің облыс болып құрылғанына биыл – 85 жыл. Қызылордалықтар бұл мерейтойға үлкен табыспен жетті. Жақында облысқа іссапармен келген Мемлекет басшысы аймақтың дамуына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында өткен еңбек адамдарымен кездесуде: «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын» деп қошемет білдірді. Президент Сыр өңірінің бренді – күріш өндірісін көру үшін «Алтын орда» зауытында болды. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің өнімдерімен танысып, диқандар мен шаруалардың еңбегіне табыс тіледі. Бұл – барша еңбек адамдарына берілген оң баға, көрсетілген құрмет, – деді облыс әкімі.
Нұрлыбек Машбекұлы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Cыр диқандарына жолдаған арнайы құттықтау хатын оқып берді. Іс-шарада сала қызметкерлері ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жыл қорытындысымен топ жарған озаттар түрлі номинация иеленді. Төрт түлік өсімін қамтамасыз еткені және өнім өндіруде жоғары жетістіктерге жеткені үшін Арал ауданы марапатталса, «Егін шаруашылығы» номинациясында Шиелі ауданы жеңімпаз атанды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге Қазалы ауданы қол жеткізді. «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясы бойынша Жаңақорған ауданы марапатталды.
Айта кетейік, бұл күні Сырдариялық азаматтардың да мерейі үстем болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен «Ақжарма және К» фермерлік қожалығы төрағасының орынбасары Алмат Болатов марапатталды. Сондай-ақ аймақтың агроөнеркәсіптік кешені бойынша үздік жетістіктерге жеткен озаттар қатарынан «Шаған Жер» серіктестігінің күрішшісі Уәлихан Бексейітов көрінді. Ол өзіне бекітілген 39 гектар күрішті агротехникалық талапқа сай күтіп-баптап, әр гектардан 88 центнерден өнім алуды қамтамасыз еткені үшін «Озат күріш өсіруші» номинациясын иеленді. Мұнан бөлек «Озат бригадир» номинациясымен «Мағжан және К» серіктестігінің егіс бригадирі Қонысбек Қыдыралиев марапатталды. Бригада ұжымы егілген 595 гектар Сыр маржанының әр гектарынан 85,8 центнерден өнім жинаған.
А.Ибрагимұлы