Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Шиеліліктерді аудан мерейтойымен құттықтады

Облыс әкімі Шиеліліктерді аудан мерейтойымен құттықтады

Тамыры терең, тарихы кенен Қызылорда облысының 85 жылдығы Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойымен де қатар келді. Осыған орай аудан орталығында ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан тұрғындарын қос мерекемен құттықтады.

«Биыл қасиетті Сыр өңіріндегі Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толды. Мерейлі мереке қарсаңында халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететін көптеген игі істер, оң бастамалар жүзеге асты. Жақында Үкімет 9 айдың қорытындысын жариялап, аймағымыздың даму көрсеткіштері республикадағы үздік үштікте екені атап өтілді. Шиелі ауданында сауда, туризм саласы бойынша құны 2 млрд теңгені құрайтын 10 жоба, 28 млрд теңгені құрайтын 15 жеке инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар іске қосылғанда 860 жаңа жұмыс орны ашылады. Шиелі - 41 Еңбек ері шыққан, Жер-анадан несібесін теріп, маңдай терін төккен еңбек адамдарының мекені. Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында өткен еңбек адамдарымен кездесуде: «Шын мәнінде, еңбек адамдары - халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек», – деген болатын. Ауданның жетістіктері - баршаңыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақ, бірлік, келісіммен жасаған тірліктеріңіздің нәтижесі», - деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы тәуелсіздік жылдарынан бері ауданды басқарған ел ағаларын құттықтап, халықтың ынтымағын сақтап, ырысын тасыту жолындағы атқарған жұмыстарына алғыс білдірді. Іс-шарада бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік кеш өнерпаздардың ән шашуы мен халық көңілін көтерген концерттік бағдарламаға ұласты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
23 қазан 2023 ж. 189 0