Егін жинау науқаны уақытылы аяқталуы керек
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Димаш Байдушевтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан прокуроры А.Кемалов, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауыл әкімдері мен бөлім басшылары қатысты. Жиналыстың күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды.
Мәжіліс басталмас бұрын Д.Байдушев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Сыр өңіріне келген жұмыс сапарының қорытындысы жөнінде айтып, сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
– Бүгінде облысымыздың даму шежіресіндегі жүйелі жұмыстар лайықты жалғасуда. Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Ел Президентінің сапары біздің ауданымыздың Н.Ілиясов ауылынан басталды. Осы аппарат мәжілісін пайдаланып, Президентіміздің өңір халқына деген ыстық ықыласын, бірлесіп атқарған жұмысымызға берген жоғары бағасын өздеріңізге жеткізгім келеді. Бұл баға – елдің бірлігі мен тату тірлігінің нәтижесі және алдыңғы буын ардагерлердің салып берген сара жолының сабақтастығы деп білемін. Мемлекет басшысы мен Үкімет делегациясының ауданға келген сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан барша әріптестерімізге, аудан тұрғындарына ризашылығымды білдіріп, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін. Бұл сапар – ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен қуаныш болды және аудан тарихында алтын әріппен жазылары анық, – деді Димаш Серікбайұлы.
Мұнан соң аудан әкімінің міндетін атқарушы кадрлық өзгеріспен таныстырып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы лауазымына Қанат Шарафадиновтің тағайындалғанын жеткізді.
– Төтенше жағдай саласына жүктелетін міндет те, жауапкершілік те өте жоғары. Бұл саланың жүйелі жұмыс істеуі ауданымыз үшін аса маңызды. Осы ретте Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті басшысының бұйрығымен Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы лауазымына азаматтық қорғау майоры Шарафадинов Қанат Шарафадинұлы тағайындалды. Қанат Шарафадинұлы 1991 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген. 2009 жылдан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет етуде. Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Байқоңыр қаласындағы №13 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, «Кәсіби даярлық мектебінің» оқытушысы, аға оқытушысы, кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, Сырдария ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығының орынбасары, Қызылорда қаласының №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, Өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі, Қызылорда облысы ТЖД Кадр саясаты басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарған. Кәсіби білімі жоғары, тәжірибесі мол азаматқа жаңа жұмыста абырой тілейміз және ауданымыздың дамуы жолында төтенше жағдайлардың алдын алу мен болдырмау бағытында нақты жұмыстар атқарады деп сенім білдіреміз, – деді Д.Байдушев.
Ал мәжіліс күн тәртібіндегі бірінші мәселе егін жинау науқанының барысына арналып, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағлан Мейрамбекұлы хабарлама жасады. Ол бүгінде егін жинау науқаны аяқталуға жақын қалғанын айтты. Шаруашылық құрылымдарына егінді ысырапсыз жинап алуға аймақ басшысының қолдауымен барлық мүмкіндік қарастырылғанын жеткізді. Өз кезегінде аудан прокуроры А.Кемалов шаруашылықтардағы техникалардың есебін нақтылау керектігін қаперге салды.
Екінші мәселе аудан көлеміндегі жол белгілерінің жай-күйі және жылу беру маусымына дайындық барысы жөнінде өрбіп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Бисембаев ақпарат берді. Бөлім басшысы аудан бойынша жол белгілерін жаңарту жұмыстары жүргізілгенін айтып, аудандық полиция бөлімінің нұсқамасына сәйкес кент және елді мекендерде 300 дана жол белгісі орнатылғанын, кент аумағында 45 шақырым жол таңбалары сызылғанын жеткізді. Одан бөлек, ауданда ағымдағы жылдың 15 қазанынан бастап жылу беру қамтамасыз етілгенін хабарлады. Әлеуметтік нысандарға қатты және сұйық отын қоры қажеттілік бойынша жеткізіліп жатқанын айтты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Байдушев кент және ауыл әкімдеріне, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, егінді толық жинап алуды қамтамасыз етуді, еңбек адамдарына тиісті деңгейде құрмет көрсетуді, келер жылдың егіс көлемін нақтылауды тапсырды. Сондай-ақ жол белгілерін уақытылы жаңартып, күтіп ұстауды, жылу беру маусымына қатысты мәселе болмау керектігін ескертіп, назарға салды.
А.ИБРАГИМҰЛЫ