Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ыстық тамақпен қамту мәселесі зерделенді

Ыстық тамақпен қамту мәселесі зерделенді

Биылдан бастап бастау­ыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылды. Бұл ел Президентінің 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасына сәйкес іске асқан игі іс. Яғни еліміздегі барлық мектептерде 1-4 сынып оқушылары 100 пайыз бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылды. Бұл бас­тама жас жеткіншектердің денсаулығына, дамуына, оқу үлгеріміне және хал-ахуалды жақсартуға оң ықпалын тигізері сөзсіз. Осы уақытқа дейін тек 1 сынып және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары ғана ыстық тамақпен қамтылса, енді барлық бас­тау­­­ыш сынып оқушылары түгел мектеп асханасынан ыстық тамақ ішуде.

Білім беру мекемелерінде ас мәзірі нормалары «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны бе­ру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысын басшылыққа алып жа­сақталған. Білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібековтің айтуынша, тағам рационы Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттар» әдіс­темелік ұсынымдарына сәйкес перспективалық маусымдық төрт апталық мәзір жасалып, пайдалы тағамдар дайындалған.

Академия мамандары мәзірді әзірлеу кезінде оқушылардың мек­тептегі уақыты мен жас ерекшелігін ескеріп, дәрумендер мен минералдар кешенімен байытылған тамақ өнімдері болуын ескерген­. Осы орайда аудандық білім бөлімі тарапынан жасақталған арнайы жұ­мысшы топ құрамында біз де болып, кенттегі 3 мектеп пен №135 А.Тоқмағамбетов атындағы және №126 орта мектептің ыстық тамақпен қамту барысын зерделе­ген болатынбыз­. Нәтижесінде әрбір мектептегі ас­ханалардың жағ­дайын және ас мәзіріне сәйкес дайындалған та­ғамның мөл­шерін, са­пасын на­зарға алып, оқу­­шы­лардың ас ішу сәтін кө­зі­мізбен көріп қайт­тық.

Алдымен жұ­мысшы топ мүшелері аудан ор­талығындағы ең үлкен білім ордасы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде болды. Типтік жобада салынған ғимаратта арнайы асхана болғандықтан, онда тамақтануға келген оқушылар кең асханада емін-еркін ас қабыл­дауда. Ас мәзіріне сәйкес қойылған екінші тамақ – езілген картоп пен құс етінен жасалған котлет, қияр мен қызанақ салаты, лимон қосылған шай, екі түрлі нан мен вафлидың нормалары талапқа сай келетіні анықталды. Мұнда бастауыш сыныптың 446 оқушысы мен 204 әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары бір мезгіл бірнеше ауысымда тамақтанады. Мектепте арнайы сайт жұмыс істейді. Онда қам­қоршылық кеңес отырысының оқу­шыларды тамақтандыруды ұйымдастыру хаттамасы жария­ланған. Мектеп-лицейі әкімшілігінің айтуынша, оқушылардың ыстық та­мақпен сапалы әрі уақытылы қамтылуы күнделікті бақылауда екен. Бұл бағытта оқушылардың ата-­аналарымен де байланыс орнатылған.

Жұмысшы топ аялдаған келесі нысан №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің асханасы болды. Мектеп асханасы шағын және мұнда 289 бала түске дейін және түстен кейін 6 кезеңмен тамақтанады екен. Мұнда да ас мәзірі бойынша барлық тағамның сапасы тексерілді. Асхана аспазының айтуынша қажетті ыдыс-аяқтың жетіспеушілігі бар. Ас мәзірі көрнекі жерге орналастырылған. Оқушылардың сапалы тамақтануы мектеп дирекциясы тарапынан күнделікті бақыланады.

Аудан орталығындағы ең шағын мектеп – №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп. Мектеп асханасы болмағандықтан, оқушыларға шама шарқынша жағдай жасалып, дұрыс тамақтануы назарға алынған. Күнделікті дайындалатын ас мәзіріне сәйкес екі аспаз бірнеше мәрте ас әзірлеп, оқушылардың құнарлы тамақтануы мектеп медбикесі мен әлеуметтік педагогтің жіті назарында.

Жұмысшы топ мүшелері №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектепке де барды. Ауыл мектебіндегі асхана іші жарық, әрі кең болғанымен, мұнда құрал-жабдықтар толыққанды қамтамасыз етілмеген. Үстел мен орындықтардан басқа ыдыс-аяқтың жетіспеушілігі бар. Асханаға кіреберіске қойылған қолжуғыш орталықтандырылған канализация жүйесіне қосылмаған. Яғни үй жағдайында қойылатын екі қолжуғыш бір мезетте асханаға келетін балалардың гигиеналық тазалықты сақтауына аздық ететіні байқалады. Жұмысшы топ тағамдардың сапасы мен мөлшерін тексергенде, бір балаға берілетін тамақ нормасы талапқа сай екенін анықтады.

–Мектеп асханасында аспаз болып 3 адам жұмыс істейміз. Таңның атысымен мектепке келіп, ас дайындауға кірісеміз. Балалардың сабақ кестесіне сәйкес бірнеше ауысымда ыстық тамақ беріледі. Өздеріңіз байқағандай асхана кең болғанымен орындықтар, үстелдер жетіспейді. Ас мәзірін медбике, мектеп басшылығы күнделікті бақылап отырады. Әрбір тағам дайындалғанда өлшеніп, нормаға сай болуы қадағаланады. Балалардың бір мезгіл ыстық тамақ ішуі олардың жақсы өсуіне, дамуына ықпалы зор деп ойлаймын, – дейді аспаз М.Камалова.

Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектеп асханасы 92 бастауыш сынып оқушысы мен 49 әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы бала­ларының тамақтануына өте тарлық ететінін көрдік. Мұнда да балалар бірнеше ауысымда ауқаттанса, шикі өнімді сақтау үшін қарапайым мұздатқыштың жоқтығы аспазшылардың жұмы­сына кедергі келтіруде. Сондай-ақ қажетті журналдардың уақытылы толтырылмауы кемшілік ретінде ескертілді.

Жалпы жұмысшы топтың зерделеуі бойынша мектептерде оқушыларды сапалы тағаммен қамту жақсы жолға қойылған. Асханада тамақ беру кестесі оқу процесіне кедергі келтірмейді. Балалар сабақ арасында үзілістерде тамақтанады.

–Қазіргі таңда мектептер жергілікті кәсіп­керлермен тығыз жұмыс жасауда. Асханаларға қажетті азық-түлік уақытылы жеткізіледі. Жыл басынан бастап беріле бастаған ыстық тамақ ең алдымен балалардың денсаулығына, жан-жақты дамуына оң әсерін тигізуде. Бұл жаңалыққа ата-аналар да қуанғанын айту керек. Мектепте уақытылы, құнарлы, дәруменге бай тағаммен тамақтанған баланың сабақ үлгерімі де жақсы болады, – дейді білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков.

Шын мәнінде аудандағы барлық мектептерде ыстық тамақ беру мәселесі бір жолға қойылғанына көз жеткіздік. Мектеп асханасындағы аспаздар ас мәзіріне сәйкес тамақ әзірлеп, балалардың уақытылы тамақтануына күш салуда. Бұл жұмыстар білім бөлімінің де басты назарында.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден
17 қазан 2023 ж. 436 0