Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕКТЕП АСХАНАСЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗДІ

МЕКТЕП АСХАНАСЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗДІ


Қазіргі таңда еліміздегі білім ошақтарында мектеп оқушылары ыстық тамақпен қамтылған. Көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларына берілетін ыстық тамақтың сапасы мен құнарлылығына аса мән берілуі тиіс. Өйткені, бұл жасөспірімдердің денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясының «Мектеп асханалары» жобасы жүзеге асуда. Соның аясында партияның аудандық филиалы жанынан құрылған ведомстволық сарапшы топ мүшелері Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және аудан орталығында орналасқан мектептер асханасына мониторинг жүргізді.
Мектеп оқушыларына берілетін тамақ мәзірі Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тамақтану орталығы ұсынысы бойынша әзірленеді. Сол негізде әр мезгілге тамақ құнарлылығына сай ас мәзірі дайындалады. Онда жылдық, апталық мәзір жасақталып, күнделікті тамақ бекітіліп отырады. Мұны мектеп директоры, әлеуметтік қызметкер және мектептегі медицина қызметкері қадағалап отыруы тиіс.
Негізі, білім ошақтарындағы ыстық тамақты ұйымдастыру жеке кәсіпкерге жүктелген. Барлық жауапкершілік те сол кәсіп иесінің мойнында. Себебі, мектеп оқушыларына берілетін тамақтың сапалылығы, ыдыс-аяқтың таза болуы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, азық-түліктің құнарлы болуы үнемі назардан тыс қалмауы қажет. Бұл тұрғыдағы олқылықтың білім іздеуші бала болашағына айтарлықтай әсер ететіні де белгілі. Сондықтан мониторингтік топ құрамындағы аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып мектеп асханасы мен буфеттерде барлық талаптардың сақталу қажеттігін түсіндірді. Тыйым салынған тамақтың берілмеуін қатаң қадалауды ескертті. Бұл партия назарында болатындығын да айтты.
Мониторинг жұмысы барысында түсіндірме жұмыстары жүрді. Мектеп оқушыларына берілетін астың бекітілген стандарт бойынша жасақталуы бақылауда болатыны ескертілді. Алдағы уақытта партиялық жоба аясында арнайы мамандармен тексеріс те жүргізілетін болады.

Е.БЕРКІНБАЕВ
31 қаңтар 2019 ж. 1 011 0