Өңірдің өркендеуі – елдің көркеюі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, маңызды нысандардың жобасымен танысып, еңбек адамдарымен жүздесті. Президенттің Сыр еліндегі сапары ауданымыздағы үздік ауылдардың көшін бастаған Нағи Ілиясов ауылынан басталды.
Жанашыр азаматтардың жүйелі жұмысы
Мемлекет басшысына Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы жөнінде баяндалды. Облыс әкімі Н.Нәлібаев аймақтың өсіп-өркендеуінде жанашыр азаматтардың, демеушілердің еңбегі зор екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің негізін қалаушы Абзал Ералиев Президентке кәсіпорынның табысты қызмет етіп, өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші мекемеге айналғанын жеткізді. Өнімді еңбектің арқасында туған өлкенің дамуына, жаңа нысандардың бой көтеруіне, ауылды абаттандыруға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.
Президент «Абзал және К» шаруашылығының демеушілігімен салынған ауылдың орталық алаңын, спорт кешенін аралап көрді. Спортты серік еткен ауыл жастарымен пікірлесіп, саламатты өмір салтын қалыптастыру мен спорттың бұқаралық сипатын дамыту еліміз үшін маңызды екенін айтты.
– Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе өздеріңіз сияқты жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Себебі Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады. Сыр елінен мықты спортшылар шыққан. Әлі де көптеген чемпиондар шығады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент «Абзал және К» шаруашылығының демеушілігімен салынған ауылдың орталық алаңын, спорт кешенін аралап көрді. Спортты серік еткен ауыл жастарымен пікірлесіп, саламатты өмір салтын қалыптастыру мен спорттың бұқаралық сипатын дамыту еліміз үшін маңызды екенін айтты.
– Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе өздеріңіз сияқты жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Себебі Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады. Сыр елінен мықты спортшылар шыққан. Әлі де көптеген чемпиондар шығады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, спорт кешенінде жергілікті халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен емін-еркін шұғылдана алады.
– Спорт саласы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сіз әркез спорт саласын дамытуға қолдау танытып, спотшыларға құрмет көрсетіп келе жатырсыз. Әрине, бұл жұмыстар біздің Сыр өңірінде, оның ішінде әрбір ауылда лайықты ұйымдастырылуда. 2015 жылы мемлекеттік жеке меншік әріптестік негізінде жаңадан спорт кешенін салдық. Спорт кешенінің жалпы құны 384 млн теңге болса, оның 204 млн теңгесі біздің компания тарапынан бөлінді. Қазірде спорт кешенінде ауыл жастары спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын насихаттап келеді. Жақында ғана компаниямыздың жүлдесі үшін спорттың теннис түрінен республикалық турнир өтті. Ауыл спортын дамытуға баса мән береміз, – деді Абзал Ералиев.
Содан кейін Президент былтыр ғана бой көтерген «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесіп, Қызылорда облысының дамуына баса мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында бірлік танытып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге шақырды.
– Шын мәнінде, еңбек адамдары халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы, дала академигі – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді әркез қолдаймын,– деді Мемлекет басшысы.
Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты. Әсіресе Су ресурстары министрлігін құру жөніндегі жаңалықты Сыр бойының диқандары қуана қабылдағанын жеткізді. Сонымен қатар олар ауылда жастарға жайлы жағдай жасалғанына, жас мамандардың ел ішінде қызу еңбек етіп жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыздың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін және оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын,– деді Мемлекет басшысы.
Жүздесуде «Ақмая» шаруа қожалығының бригадирі Гүлсім Дәрібаева өзінің еңбек жолы туралы айтып берді. Сондай-ақ «Шаған жер» ЖШС механизаторы Айбек Уәлиев ауылда еңбек етудің артықшылықтарын жеткізді.
Ауқымды жобалар аймақты түлетеді
Сыр өңіріне жасаған сапары кезінде Мемлекет басшысы Қызылорда облысындағы маңызды нысандардың жобасымен танысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жөнінде баяндалды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізілетінін айтты. Жоба құны – 20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Жаңа терминал келесі жылы пайдалануға беріледі. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін жолаушылар тасымалы бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Сондай-ақ түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің де саны артады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың теміржол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысына сондай-ақ «Қызылорда – Жезқазған» автожолын салу барысы туралы мәлімет берілді. Бүгінде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы жасалды.
Сонымен қатар Президентке «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын (566 км) І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғаны туралы мәлімет берілді. Осы ретте аталған бағыттағы жұмыстардың жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталатын болды.
Мемлекет басшысы қазіргі жол, шын мәнінде өте тар екенін атап өтіп, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастау қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға мәселені бақылауға алу және түпкілікті шешу жөнінде нақты тапсырма берді.
Сонымен қатар Президентке Қызылорда қаласының жаңа жылу электр орталығының жобасы таныстырылды. Былтыр Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісімшартқа қол қойды. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО 240 МВт электр қуатын және сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны 215 миллиард теңгені құрайды.
Облыс әкімінің айтуынша, қазір құрылысқа дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін жылу-электр орталығы қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңірдің энергетика саласындағы өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізеді.
Айта кету керек, қазіргі қолданыстағы жылу электр орталығы 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, стратегиялық нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Сондай-ақ қаладағы ұзындығы 207,7 шақырым болатын жылу желісінің жартысына жуығы жаңартуды қажет етеді.
Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту тұрғысынан бұл жобаның аса маңызды екенін айтып, Үкімет пен облыс әкімдігіне жылу электр орталығын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Бұған қоса, Президентке Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай космодром қалашығындағы ахуал туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін Ресей тарапымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет екеніне назар аударды.
Өңірдің өндірісті әлеуеті зор
Мемлекет басшысы Темірбетон бұйымдары зауытына барып, өндіріс орнының жұмысымен де танысты.
«Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС биыл іске қосқан жобаның жалпы құны – 2,6 миллиард теңге. Оның 370 млн теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Өндіріске қажетті шикізаттар жергілікті жерден алынады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына аймақтағы кәсіпорындардан шығатын басқа да өнім түрлері таныстырылды. Олардың басым бөлігі – құрылыс саласы үшін аса қажетті материалдар. Атап айтқанда, табақша шыны («OrdaGlass» ЖШС), ПВХ-құбырлары мен фитингтер («КНК Кемикал» ЖШС), каскалар («NP-Consalting» ЖШС), плитка желімдері мен сәндік сылақтар («Вега-Пром» ЖШС), жол және тротуар бордюрлерін, құм-керамзит блоктарын («Садуакасов Ж.А» ЖК), қиыршық тастың әртүрлі фракцияларын («Shalkiya Dolomite Operating» ЖШС), терезелер мен айналар («Комфорт KZ» ЖШС), әк («Орда строй маркет» ЖШС), кірпіш өнімдерін («Мелиоратор» ЖШС) және тағы да басқа бұйымдарды шығарады. Сондай-ақ көрмеге «Dalatex» компаниясының текстиль бұйымдары, «Өркен Әлем» ЖШС шығаратын жеке қорғаныс құралдары қойылған.
Өндіріс орнында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысына Қызылорда өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады.
Аймақ басшысының айтуынша, Қызылорда облысының жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады.Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 115,8 пайызға (227 млрд.теңге), ауыл шаруашылығы 101,6 пайызға (157 млрд.теңге), құрылыс 126,4 пайызға (117 млрд.теңге), тұрғын үйлер салу 118,9 пайызға (618 мың ш.м), сауда-саттық 104,1 пайызға (531 млрд теңге) артқан. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемін биыл 472 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі жеке инвестицияларға тиесілі.
Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жыл ішінде 21 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі кезде Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың, емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, қан орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 медициналық-амбулаториялық нысан салынуда.
Бұған қоса, өңірде бірқатар спорт және әлеуметтік-мәдени нысан бой көтереді. Жуырда 7 мың орындық Орталық стадионның, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Аудандарда шағын 11 дене шынықтыру кешенін салу үшін жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлінген. Облыс орталығында салынып жатқан Өнер орталығы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.
Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің тыныс-тіршілігін түлетуге жергілікті кәсіпкерлер үлес қосып жатқанын айтты. Әлеуметтік нысандар салу, демалыс саябақтарын, ойын-спорт алаңдарын, үйлердің қасбеттерін жаңарту, аулаларды абаттандыру жұмыстары демеушілердің көмегімен жүзеге асуда.
Сыр күріші – ел ырысы
Мемлекет басшысы Сыр өңіріне жұмыс сапары аясында осы өлкенің брендіне айналған күріш өндірісімен танысу үшін «Алтын орда» зауытына барды.
Кәсіпорын директоры Сағидулла Сыздықовтың айтуынша, зауыт жылына 30 мың тонна ақталған күріш өндіреді. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа, сонымен қатар көршілес елдерге өткізіледі.
Президентке Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерітаныстырылды. Көрмеге күріш өсірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың тауар түрлері, сондай-ақ ет, сүт, кондитер және балық өнімдері, көкөністер мен жемістер қойылған.
Мемлекет басшысы Сыр бойы диқандары мен шаруаларының еңбегіне табыс тіледі. Сондай-ақ тек күріш өсірумен шектелмей, агроөнеркәсіп саласын әртараптандыру,әсіресе, суды аз қажет ететін дақылдарды өсіру маңызды екеніне назар аударды.
Дегенмен Президент экспорттық әлеуеті жоғары дәстүрлі күріш шаруашылығын одан әріжетілдіруге де баса мән беру қажеттігін атап өтті.Бұл ретте Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты украиналық мамандарымен бірлесіп, күріштің сұранысқа ие басқа да сорттарын жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі бағыттың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Мен мұны әркез айтып, Үкіметке нақты тапсырмалар беріп келемін. Біз әлде де агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Мемлекет тарапынан шаруаларға барлық қолдаулар көрсетіледі, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев осы өндірістік кешен аумағында былтыр іске қосылған «Ассоль» тұз өндіру зауытын да аралап көрді. Аралдың тұзын кәдеге жаратып, ас тұзын шығаратын кәсіпорында 130 адам жұмыспен қамтылған. Өнім көршілес Ресеймен қатар, Латвия, Литва, Эстония, Беларусь мемлекеттеріне экспортталады.
– Сыр өңірінің тіршілігі ауыл шаруашылығы саласымен, күріш өсірумен тығыз байланысты. Соңғы Жолдауыңызда су шаруашылығы мәселелеріне айрықша көңіл бөлдіңіз. Осыған байланысты Сіздің тапсырмаңызбен жаңа министрлік ашылды. Бұл жақсы жаңалықты сырбойылық диқандар үлкен қуанышпен қабылдады. Өйткені аймақта су тапшылығы шаруалар үшін өте маңызды. Сондықтан Сізге Сыр елінің шаруаларына көрсеткен зор қолдауыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Өзіңіз айқындап берген тапсырмалар мен мақсат-міндеттерді орындауды назарда ұстаймыз, – деді кәсіпорын директоры С.Сыздықов.
Мемлекет басшысына облыс әкімі соңғы жылдары су тапшылығының қиындығын Сыр диқандары қатты сезінгенін айтып, Президенттің тапсырмасы мен қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын алу шаралары қабылданғанын жеткізді.
– Өткен жылы Үкімет резервінен бөлінген қаржыға 21 канал тазаланып, 52 ұңғыма қалпына келтірілді. Қосымша 133 насос сатып алынып, ел игілігіне пайдаланылуға берілді. Облыста арнайы жұмыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану үшін егістікті кезектесіп суаруды, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалануды жолға қойдық. Осындай қиындықтарға қарамастан, күріш көлемін 89 мың гектар етіп сақтап қалдық. Жалпы биыл облыс бойынша биыл 193,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 89 мың гектар. Әртараптандыру бағытында 3 мың гектар жерге, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 872,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Қазір күзгі егін жинау науқаны кестеге сай жүргізілуде. Қажетті жанар-жағармай қоры жеткілікті, ауыл шаруашылығы техникалары да күрішті дер кезінде жинап алуға толық дайын, – деді облыс әкімі.
Президент Сыр күріші – ел ырысы екенін айтып, аймақтың ауылшаруашылық саласын дамыту, егін шаруашылығы саласына жаңа технологиялар енгізу, сондай-ақ суды аз қажет ететін өнімдер егу мен жергілікті шаруалардың өнімін өзге облыстармен қатар шетел нарығына саудалау тетіктерін кеңейту қажеттігіне назар аударып, Үкімет пен облыс әкімдігіне бірқатар тапсырма берді.
Ұлттық құндылықтар ұлтты біріктіреді
Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында жақында бой көтерген «Анаға тағзым» орталығын аралап көрді. Ғимарат биыл демеушілердің қолдауымен салынған. Жалпы құны – 1 миллиард 700 миллион теңге.
Жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп қалдыру, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, әйелдер еңбегін дәріптеу. Сонымен қатар қыз-келіншектер мен аналарды өмірге, тұрмысқа бейімдеу жұмысымен де айналысады.
Президент орталықта қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесін және «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасын тамашалады. Содан кейін «Анаға тағзым» орталығындағы «Ұлт жақұты» музей залымен, «Мирас» әжелер клубымен, «Жас отау» мектебімен, «Шамшырақ» фото-видео студиясымен, психолог-медиатор кабинетімен танысты.
Мемлекет басшысы мұндай орталық жастарға, оның ішінде жас отбасыларға тәлім мен тәрбие беруде өте маңызды рөл атқаратынын айтты.
– Расында, бұл жұмыс аса маңызды. Жастарымыздың арасында ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тілімізді, ділімізді ұдайы насихаттауымыз керек. Әйтпесе дүниежүзінде болып жатқан теріс үрдістерді бәріміз көріп отырмыз. Ондай жағымсыз үрдістер елімізде де бар. Біз олармен күресіп, өзіміздің ұлттық көзқарасымызды дәріптеуіміз қажет. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірі – ұлт руханиятының алтын қазығы. Алыптарға алтын бесік болған киелі мекенде ұлтты игі істерге біріктіретін ұлттық құндылықтардың дәріптелуі өте дұрыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қ.Тоқаевқа облыс әкімі «Анаға тағзым» орталығын салу арқылы ұлттық және отбасылық құндылықтарды нығайтуға, дәріптеуге жол ашылғанын айтты. Ал орталық басшысы А.Молжанова рухани-мәдени орталықтың салынуына, ел игілігі үшін жұмыс істеуіне қолдау білдірген азаматтарға алғысын білдіріп, «Анаға тағзым» орталығының ашылуы сырбойылық әйел-аналар мен қыз-келіншектерді зор қуанышқа бөлеумен қатар үлкен жауапкершілік жүктегенін жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, өмірдегі барлық жылулық, мейірім, жақсылық ананың ақ сүтімен тарайды. Ана – барлық бақыттың бастауы. Біздің қасиетті Сыр өңірінде «Ел анасы» атанған, саналы ғұмырын келешек ұрпақтың игілігіне арнаған ардақты аналар көп болған. Олардың бүгінгі ізбасарлары да өнегелі жолды жалғап келеді. Сондықтан аймақ жұртшылығы, әсіресе зиялы қауым өкілдері «Анаға тағзым» орталығының ашылуын жақсылыққа балап, бізге үлкен сенім артуда. Бұл бір емес, мыңдаған анаға арналған, ұлттық және отбасылық құндылықтар дәріптелетін,рухани іс-шаралар өткізілетін бірегей орталық ретінде жұмыс істеуде.
Халқымызда «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген сөз бар. Аймағымызда өзіңіздің тапсырмаңызбен үлкен жұмыстар атқарылуда. Аймақ басшысының ұсынысымен, жанашыр азаматтардың қолдауымен бюджеттен тыс көздер арқылы да үлкен ғимараттар салынуда. «Қорқыт ата» әуежайы, «Неке сарайы», сондай-ақ тұрғын үйлердің қасбетінің жаңартылуы, жолдардың жөнделіп, «Балалар ойын алаңдарының салынуы – өңіріміздің бекем бірлігін, көркем тірлігін білдіреді. Ауыз толтырып айтуға болатын бұл істер облысымыздың 85 жылдығына тамаша тарту болуда. «Анаға тағзым» орталығы ел игілігі жолында жұмыс істейтініне, әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз насихатталып, жас аналарға бағыт-бағдар берілетініне сенеміз және сол жұмыстарға өзіміз де белсене атсалысамыз, – деді Алтынай Молжанова.
Президент «Анаға тағзым» орталығында «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасын тамашалады. Картинаның бір ерекшелігі – қазақтың қайраткер әйелдері туралы QR код арқылы интерактивті режимде ақпарат алуға болады.
Жалпы, Мемлекет басшысының Сыр өңіріне жасаған сапары жоғары деңгейде қорытындыланды. Президент аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өмірінде атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, ел игілігі үшін қолға алынған жобаларды жалғастыруды тапсырды. Бекем бірлік пен көркем тірліктің ордасына айналған өңір жұртшылығы алдағы уақытта Президент тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындамақ. Ал аудан халқы Президент сапарының Н.Ілиясов ауылынан басталғанын, ауданның еңбек адамдарымен кездесіп, жұмысына сәттілік тілегенін жақсылыққа балауда. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бұл сапары аудан тарихында алтын әріппен жазылатын болады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: Ақорда