Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл дамуын оң бағалады

Ауыл дамуын оң бағалады

Үздік ауылдардың көшін бас­таған Н.Ілиясов ауылының бекем бірлігі мен көркем тірлігі, сәні мен салтанаты жарасқан кел­беті талайды таңдай қақтыруда. Осы аптада үлгілі ау­ылға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Сыр өңір­і­не арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келіп, көркейту-көгалдандыру және абат­тан­дыру жұмыстарын көрді.

Құрметті меймандарды аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев күтіп алып, ауылдағы әлеуметтік нысандарды таныстырды.

Негізінен, 2022-2023 жылдары ауыл көше­лерін қайта жаңғыртуға Ұлттық қор мен рес­пуб­ликалық бюджеттен 525,9 млн теңге, дәрігерлік амбулатория құрылысына 404 млн теңге бағытталған. Мұнан бөлек, «Абзал және К» ТС абаттандыру жұмыстарына жыл сайын 100 млн теңге қаржы бөледі. Мәселен, 2015 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш құрылысына 44 млн теңге, 2016 жылы ауылдық мешітті жаңартуға 137 млн теңге, 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауыл әкімдігі ғимаратының құрылысына 134 млн теңге жұм­салған. Өткен жылы компания балалар ойын алаңы мен спорт алаңын күрделі жөн­деуден өткізуге 23 млн теңге және «Еңбек аллеясының» құрылысына 455 млн теңге бөліп, ауыл халқына зор қуаныш сыйлады.

Облыс әкімі жергілікті кәсіпкерлер, облыс­тан шыққан меценаттар Мемлекет басшы­сының туған жерді көркейтуге үлес қосуға шақырған үндеуін барынша қолдап, игілікті бастамаға белсенді атсалысып жатқанын айтты. Осы ретте, демеушілік есебінен облыста 31 млрд 700 млн теңгенің жобалары жүзеге асырылып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Атап айтқанда, маусым айынан бері 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қап­талуда. Мұндай игілікті жұмыс ауданымызда да жүргізілуде. Мұнан бөлек қызыл­ордалық кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен Қызылорда қаласының орталық алаңын абаттандыру жұмыстары бас­талды. Аталған жобаның құны 1 млрд теңгені құрайды. Мұнан бөлек, меценаттардың қолдауымен Сыр өңірінде көптеген әлеуметтік нысандар салынып, қасиетті орындар – Қорқыт ата ескерткіш-кешеніне, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал баба кесенелеріне қайта жаң­ғырту, айналасын абаттандыру жұмыстары жүр­гізілуде. Сондай-ақ облыс орталығындағы 20 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттан­дыру басталған болатын. Аулаларға заманауи спорт алаңдары салынып, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда. Бұл тұр­­ғын­­дардың, балалардың демалысына қо­лай­лы әрі спортпен шұғылдануына серпін бе­реді. Абаттандырылған аулалар жақында аталып өтілетін Қала күні мен Қызылорда облысының 85 жылдығына тарту етілмек.

Осы және басқа да жаңалықтармен, жаңа­шылдықтармен танысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаров Сыр өңірі­нің, сондай-ақ Н.Ілиясов ауылының дамуын жоғары бағалады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
16 қыркүйек 2023 ж. 218 0