Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлықтасаң, ұстазыңды ұлықта

Ұлықтасаң, ұстазыңды ұлықта

Ұстаздар күні мерекесіне орай ауданда арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты бас­қосуға аудан әкімі Б.Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов бастаған бөлім, мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері мен депутаттар қатысты. «Ұстаз – ұлы тұлға» тақырыбындағы іс-шарада жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан ұстаздарға айрықша құрмет көр­сетіліп, білім беру саласының дамуына­ зор еңбек сіңірген са­ла ардагерлерінің де мерейі үстем болды.

Аудан басшысы қоғамның орнықты дамуында білім беру саласы қыз­меткерлерінің алатын ор­ны ерекше екенін айтып, ұлағатты ұс­­­таз­­­дардың еңбегін жо­ғары ба­ға­лады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты» деп мұғалімдер мәртебесінің биік екенін атап көрсетті. Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сол себепті мемлекет дамуында білім саласы әркез жаңашылдықты талап етеді. Бұл жауапкершілік ең алдымен ұстаздарға жүктелетіні анық. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің білім саласына ерекше көңіл бөлуде. Ел Президентінің бастамасымен қол­ға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде аймақ басшысының қолдауымен облыста 21 мектеп салынбақ. Оның ішінде ауданда «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 1 мектеп салынады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ аймақ басшысының тікелей ықпалымен облыс орталығында дарынды бала­ларға арналған физика-математика бағытындағы мек­теп-интернат ғимаратының құ­ры­лысы басталды. Мұнан бөлек қаланың сол жағалауында 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы салынатын болады. Бұл – өңірдегі білім саласын да­мытудағы ауқымды жұмыстар.

Ауданда жалпы білім беретін мектептерде барлығы 1316 педагог қызмет істейді. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беретін мекемелерде 630 қызметкер бала тәрбиесін қамтамасыз етуде. Білім саласындағы жетістіктер аудан ұстаздарының қажырлы еңбегінің  нәтижесі деп білемін. Сон­дықтан ұстаздар қауымына шы­­найы алғысымды білдіремін, сәттілік тілеймін, – деген аудан әкімі өз ісінің майтал­маны атанып, жетістіктерге жет­кен ұстаздарды марапаттады.

Салтанатты іс-шарада еңбек ардагерлері Асылхан Дүйсебеков пен Рәзия Қалжановаға «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде табысталды. Ұзақ жылдар бойы ауданның білім саласының дамуына зор еңбек сіңірген қос тұлғаға көпшілік тік тұрып қол соғып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ аудан ұстаздары ҚР Оқу ағарту министрлігінің  «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломы мен және Алғыс хатымен, Қазақстандық салалық Білім және ғылым қыз­меткерлері кәсіптікодағының «Әлеу­меттік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қызылорда облысы әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хатымен және облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

2022-2023 оқу жылының қоры­тындысымен «Үздік білім беру ұйымы» номинациясымен Аманкелді ауылындағы №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мек­теп-лицей ұжымы марапатталды. Сондай-ақ «Білім бәйтерегі» номинациясына Тереңөзек кентіндегі №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп ұжымы ие болды. «Үздік мектепке дейінгі ұйым» номинациясы №1 «Қызғалдақ» бө­бек­жай балабақшасына берілді. Үш білім ұйымына да сыйлыққа 1 миллион теңгеден табыс етілді.

– Төл мерекеміздің нақты бір күнге белгіленіп, ауқымды түрде аталып өтіп жатқанына қуаныштымыз. Мем­лекет басшысының өзі ерекше мән беріп, ұстаздар күніне арналған жиынға қатысты. Облысымызда да білім беру саласын дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Жаңа нысандар салынып, пайдалануға берілуде. Бүгін аудан әкімінің қолынан «Білім бәйтерегі» номинациясын алып, ұжым болып қуанып жатырмыз. Бейбіт күннің батыры атанған Талғат Қозыбаевтың есімі берілген мек­те­бімізде 305 оқушы білім алуда. Оқушыларға 54 педагог білім беруде. Оның 10-ы педагогика ғылымдарының магистрі болса, 12-і педагог-зерт­теуші, 24-і педагог-сарапшы, 10-ы пе­дагог-модератор. Ұс­­таздарымыз да, оқушыларымыз да білім бәсекелерінде топ жарып, мектебіміздің ғана емес, ауданымыздың абыройын асқақ­татуда. Бүгінгі марапат бізге ерекше қуаныш сыйлаумен қатар, зор жауапкершілік жүктейді. Барша әріптестеріме ризашылығымды біл­діріп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмыста шығармашылық сәт­тілік пен абырой тілеймін, – дейді №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп директоры Айнұр Тоқшылыққызы.

Мерекелік салтанатта ұлағатты ұстаздардың құрметіне «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбек ән шырқап, аудан ұстаздарына шәкірттік жылы лебізін білдірді. Бұл күні аудан өнерпаздары да әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекеде қуанышқа бөленіп, құрметке ие болған ұстаздар салтанатты бас­қосудан ерекше әсер алып, шынайы ризашылықпен тарқасты.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
07 қазан 2023 ж. 359 0