Отбасы құндылығы – шаңырақ шаттығында
Аудандық қоғамдық даму бөлімінің әлеуметтік жобасына сәйкес «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Парасатты отбасы» байқауы өтті. Байқауға Айдарлы ауылынан Әбдірамановтар, Шіркейліден Әбсадықовтар, Бесарықтан Остаевтар, кенттегі Халыққа қызмет көрсету бөлімінен жас отбасы Аманқосовтар және С.Сейфуллин ауылынан Әбсадықовтар отбасы қатысты.
Алдымен байқауға қатысушы отбасылардың «Отбасымның тарихы» тақырыбында дайындалған бейнероликтері көрсетілді. Бейнероликте отбасы құндылықтары, ата-ананы құрметтеу, бала тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы көрініс берді. Сонан соң байқау шарты бойынша отбасылар өз өнерлерін ортаға салды. Бірінші болып сахнаға шыққан Әбдірамановтар отбасынан әке мен бала қара домбыраны тебірене тартып, терме орындады. Ал шіркейлілік Әбсадықтар отбасы қазақ әндерінен попури шырқады. Үшінші кезекте сахнаның сәнін келтірген бесарықтық Остаевтар отбасынан өнер көрсеткен ана мен қос бүлдіршін орындаған керемет әнге көрермендер ризашылықпен қол соқты. Қатысушылардың арасындағы ең жас Аманқосовтар отбасы отбасыны қалыптастырудағы арман-мақсаттары жайында көрініс көрсетті. Өнерлерімен көрермендерді қуанышқа бөлеген С.Сейфуллиндік Әбсадықовтар отбасы да отбасымен сахна төрінде ән шырқап, отбасылық жарасымдылықты паш етті.
Ән мен жырдан шашу шашқан отбасылардың өнері тамашаланған соң, «Салт-дәстүрім қазынам» тақырыбындағы сұрақ-жауапқа кезек берілді.
Қатысушы отбасылар «Қазан шегелеу», «Бастаңғы», «Шежіре», «Босаға майлау», «Қол кесер» секілді салт-дәстүрге қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
Байқау қорытындысында аудан әкімінің алғыс хатымен және 20 мың теңгелік қаржылай сыйлықпен Әбсадықовтар отбасы марапатталды. ІІІ орын және 30 мың теңге қаржылай сыйлық Әбдірамановтар отбасына берілсе, ІІ орын және 50 мың теңге қаржылай сыйлықты Аманқосовтар отбасы иеленді. І орынмен және 70 мың теңге сыйлықпен Остаевтар отбасы марапатталса, бас жүлдеге және 100 мың теңге сыйлыққа Шіркейлі ауылынан келген Әбсадықовтар отбасы лайықты деп танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев марапаттап, қазақ халқы үшін отбасы ұғымы қашаннан қасиетті де киелі екені атап өтіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде үлгілі отбасы мен парасатты ата-ананың рөлі ерекше екенін жеткізді.
– Дана халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген керемет сөз бар. Өйткені Отанды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта, ол – отбасы. Отбасында жарасым, сүйіспеншілік, мейірім болса ғана шаңырақ биік құрылып, керегесі кең болып, түтіні түзу ұшады.
Ел Президенті өз Жолдауында отбасын қорғау және бала капиталын қалыптастыруға ерекше мән берді. Мұндай қолдау әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз. Ал осындай халық игілігіне бағытталған шынайы шешімдердің ел арасында дұрыс қабылдануында Сіздердің пікірлеріңіз зор маңызға ие. Бүгінгі байқауға белсенділікпен қатысып, үлгі-өнеге көрсеткен баршаңызға алғыс айтамын, – деді Димаш Серікбайұлы.
Айта кетейік, байқауға аудандық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы С.Бекжүнісова, «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестірінің жетекшісі С.Сәдуақасов және «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ә.Мырзахметова қазылық етті.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ