Баланың жарқын болашағы – қауіпсіздігінде
«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейді даналық сөз. Баласын бауыр етіне, бақытына балайтын халқымыз баланы ерекше жақсы көреді. Барын, ең жақсысын, тәуірін баласына беріп, жамандықтан қорғауға барын салып, көзінің қарашығындай көріп, мәпелеп өсіреді. «Бала – болашағым, ұрпағымның жалғасы» деп әрбір басқан қадамына қуанып, қолдау білдіріп отырады.
Дегенмен елімізде осындай қамқорлыққа зәру қаншама бала бар екенін ұмытпайық. Ата-анасыз қалғандар, балалар үйіндегі бүлдіршіндер мейірімге мұқтаж. Оларды мемлекет өз қорғауына алып, қатыгез қоғамнан арашалауды міндетіне алғанымен, бала жүрегі бәрібір анасын бір көруді армандайтыны, аңсайтыны ақиқат. Ал отбасы бола тұра, өз ата-анасынан зәбір көретіндердің де өмірімізде кездесетіні де айнымас шындық. Ондай балаларды мемлекет дер кезінде қамқорлыққа алса, бала көретін, оған жасалатын қатыгездіктің алдын алары сөзсіз. Көп ретте балаға деген озбырлық толық емес отбасында, өгей ата-ананың қолымен жасалатыны қоғамда айтылып та, көрсетіліп те жүр. Отбасында үнемі ұрыс-керіс болатын, қол көтеру, ұрып-соғумен өсетін баланың болашағы шын мәнінде бұлыңғыр болады. Айналасынан, жақындарынан қиянат көрген бала қатыгез болып өсетіні рас. Сондықтан Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылық жайын бекерге қозғаған жоқ.
Кейбір деректер бойынша елімізде балаларға қатысты зұлымдықтың жыл сайын өсетіні айтылады. Мәселен биылғы жылдың өзінде жүздеген балаға қатысты қылмыстық жағдай тіркелсе, балалардың арасындағы өзіне өзі қол салудың оқиғасы да өсуі адам жанын тітіркендіреді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет кешенді жоспар қабылдады. 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы жасалмақ. Осы картадан балаларға шұғыл көмек көрсету керек нүктелер көрінеді.
Балалардың құқығын қорғауда мектептің де атқаратын рөлі зор. Яғни мектепішілік есеп жүргізу шеңберінде кейс-менеджмент технологиясы қолданылады. Бұл әдіс бойынша балалар қиын жағдайға тап болған кезден бастап, қиындықтан толық шыққанға дейін жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондай-ақ мектеп бағдарламасына балаларға арналған «Жеке қауіпсіздік» сабақтары кіретіні балалар құқығын қорғауға бағытталған іс-шаралардың бірі. Арнайы сабақта балалар әртүрлі қауіпті жағдайларды шешуге көмектесетін білім мен дағдыларды үйренеді. Бұл жайында Оқу-ағарту вице министрі Еділ Оспан:
– Қазір біздің қоғам балалар мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Біздің елде балаларға жәбір көрсетушілік болмау керек. Жоспарды әзірлеу кезінде балалар ортасындағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасалды. Біз статистиканы зерттедік, балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы деректерді жинадық, қауіп факторларын анықтадық және зорлық-зомбылық жағдайында балаларға қандай ресурстар бар екенін білдік. Бұл талдау бізге басым бағыттарды нақтырақ анықтауға мүмкіндік берді, – деген болатын.
Барлық бала бақытты балалық шақтан өтуі керек. Бала кезінде көрген зорлық бала санасында сақталып қалады. Негізінен мамандардың арнайы зерттеуі бойынша елімізде балаларға қатысты жәбірлеудің бірнеше түрі бар. Олар психологиялық, физикалық және жыныстық. Физикалық жәбірлеуге баланы шапалақпен ұру, шымшып алу, ұрып-соғу жатады. Ал бала денсаулығына зиян келтіріп, дамуын тежейтін психологиялық жәбірге үлкендердің қорқытуы, кемсітуі, жақтырмайтын сөздердің айтуы жатады. Мұндай жағдайды үнемі басынан өткеретін бала өзіне өзі қол салуға дейін баруы мүмкін. Мұндай жағдай өткен жылы біздің ауданда да тіркелді. Яғни мектеп оқушысы суицидке барып, өмірден өтті. Сондықтан балаларды бақылауға алу, олардың көңіліне сызат түсіретін жағдайдан қорғау отбасы мүшелерінің міндеті болса, мектеп психологтары мен ұстаздарының жіті бақылауында болғаны жөн.
Адам өмірінің жалғасы, баға жетпес қазынасы – ұрпақты қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеті. Президент Жолдауында балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы тағы да айтып, ана мен бала құқығын қорғауды заңмен күшейту қажеттігін назарға салды.
– Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыс жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет, – деген еді Мемлекет басшысы.
Шын мәнінде балалар қауіпсіздігі өте өзекті мәселе. Еліміздегі барлық білім беру мекемелері мен балабақшаларға бейнебақылау камераларының орнатылуы бала өміріне, қауіпсіздігіне байланысты қолға алынған нақты қадам. Ал мектепте отырған оқушының іс-әрекетіне жауапты тұлға мұғалім болғандықтан, мектептегі бала қауіпсіздігі де педагогтен сұралатыны заңды. Десек те бала өміріне төнген қауіпті алдын алу ата-ананың отбасында берген тәрбиесіне де байланысты. Егер ата-ана үнемі баласына өмірде кездесетін қауіп туралы айтып, дұрыс бағыт беріп отырса, бала да кездесуі мүмкін кедергілерге сергек қарайтыны әрі дер кезінде дұрыс шешім қабылдайтыны анық.
Көп жағдайда ата-аналар жұмысбастылықты алға тартып, баласының басына түскен жағдайды уақыт өте ұмытып, елеусіз қалдырып жатады. Ал мұндай немқұрайлылықтың салдарынан күн сайын өзінен үлкен балалардан зәбір көретін бала қорқытып-үркіткеннен іштей тұйықталып, ешкімге тіс жармайды. Ал ұзаққа созылған жәбірлеудің салдары баланы психологиялық күйзеліске әкеледі.
Қарапайым мысал, қазір мектептерде әлімжеттік мәселесі жоқ дегенге ешкім сенбейді. Тіпті бастауыш сыныпта оқитын балаларға өзінен жоғары сыныпта оқитын балалар қорқытып, ақша талап етуі олар үшін қалыпты жағдай. Мұндай жағдайды көбіне бала ата-анасына айта бермейтіндіктен, ақшасы таусылған күні бала таяқ жеп, ата-анасы өміріне қауіп төнген баласына кеш те болса араша түседі. Осындай жағдай барлық мектепте кездеседі, оны жоққа шығару қисынсыз. Сондықтан мектептерге қойылған бейнебақылау камераларының жұмысы іркіліссіз жұмыс істеп тұруы және мектеп инспекторларының барлық жағдайды бақылауға алуы келеңсіздіктің алдын алады деген сенімдеміз.
Айту керек, қазір елімізде балалардың құқығын қорғаудағы түйіткілді мәселеге қатысты «111» байланыс орталығы жұмыс істейді. Кез келген бала осы нөмірге хабарласып, жағдайды түсіндіріп, көмек сұрауына болады. Балалар мамандардан заң тұрғысынан психологиялық, педагогикалық, медициналық көмек сұрай алады.
Осылайша елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын балаларымыздың болашағына алаңдаған мемлекет үлкен мәселені шешуге мықтап кірісті. Ол үшін әрине, арнайы тұжырымдама немесе бағдарламаның іске асуы аздық етеді. Себебі қоғамның әрбір мүшесі ең алдымен осы мәселені шешуге білек сыбана кірісуі керек. Баланы жаманнан қорғап қалу – ізгіліктің, мейірімділіктің белгісі. Әрбір ата-ана тәрбиенің түпқазығы мен тамырын тереңнен алып, ата-баба дәстүрімен құлағына жақсы сөз құйып өсіруі мақсатына жеткізері сөзсіз. Қорытындылай айтқанда, баланың жарқын болашағы – қауіпсіздігінде.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден