Қалжан ахун мешіті қайта жаңғырды
Сырдария ауданы – қасиет пен құт дарыған киелі мекен. Өңірдің қастерлі елге айналуы дін қайраткерлері мен ахун-ишандардың қызметімен байланысты. Халық арасында ислам дінін насихаттап, адамдарды имандылыққа, ізгілікке, бауырмалдыққа баулыған тұлғалардың қатарында дін қайраткері Қалжан ахунның есімі ерекше аталады.
Қалжан ахун жайында қысқаша айтар болсақ, ғұлама ғалым Орталық Азиядағы атақты медресе Көкілташта діни білім алған. Сыр бойында халықты діни сауаттандыру жолында тер төккен ғұламаның шын есімі Қалмұхамед болған. Әкесі Бөлекбай Хиуа хандығында бек болған деседі. Жастық шағында Қарақалпақстанда өмір сүріп, кейін қазақ еліне қайта оралған. Араб, парсы тілдерін меңгерген Қалжан ахун ширек ғасыр бойына өзінің атымен аталатын мешітте имам болғанын да айтып өтуіміз қажет.
Үлкен жолдың жиегінде орналасқан мешіт-медресенің құрылысы алғашқыда кесектен салынып, пайдаланылған. Сонан соң ғана кесекті күйдіріп, кірпішпен қазіргі мешіт салынған. Мешіттің құрылысына ауыл-аймақ қатысқан. Жергілікті халық қолындағы мал-мүлкін әкеліп, киелі орынның діни оқу орталығына айналуына атсалысқан.
2000-2001 жылдары облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қаржы бөлініп, мешітке қақпа, үш терезе, есік орнатылады. Мешітке кіреберіс жолға Қалжан ахун тақтасы орналастырылып, айналасы толық қоршалып, мешітке барар жол салынады. Ел азаматтарының көмегімен арнайы бригадалар жасақталып, техникаларымен келіп, үлкен көмек көрсетіледі. Одан кейін 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қалжан ахун мешітін жөндеп, қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 2007-2008 жылы қаржы бөлініп, бұл жұмыстарды «Қазреставрация» құрылыс мекемесі жүргізіп, 32 бөлме бастапқы қалпына келтірілгені ел есінде.
Содан кейінгі жылдары да мешітке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, іші-сыртының сылақтары түсіп, шұғыл арада қайта жөндеуді қажет етті. Осы ретте аудан әкімі Берік Сәрменбаев мешіттің жөндеу жұмыстарын жүргізуге меценат, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мақсұт Әбілдаевқа ұсыныс білдірген болатын. Туған жердің төл перзенті қашанда игі істердің қасынан табылып жүргендіктен, бұл ұсынысты да қабыл алып, осы күні 2 млн теңге қаржы жұмсап, ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Азаматтық танытқан Мақсұт аға кәсіпкер ретінде туған ауылының қай жері көмекті қажет етсе, сол жерге қол созуға әзір тұрады. Елге жиі атбасын бұратын меценат осыдан жиырма жыл бұрын «Жел-кент-вент» ЖШС-ін құрды. Өзі Алматыда тұрса да серіктестігін ауданға тіркеді. Бұл миллиондаған теңге салық туған жеріне түссін деген ниет еді. Жалпы компания мекемелерге ауа тазартқыш қондырғыларын орнатумен айналысады.
Азамат үшін «туған ауылына не істедім» деген мәселе қашанда бірінші кезекте тұрады. Сол себептен қайрымдылық іс-шараларына атсалысу перзенттік парызы деп біледі. Бас-аяғы бірнеше жыл бұрын С.Сейфуллин ауылындағы жағдайы қиын бір отбасына үй салып беруі үлкен сауапты іс болды. Сонымен қатар ауылдың барлық жақсылығынан хабардар болып отыруы да адамгершілік қасиет. Мақсұт ағаның балабақша бүлдіршіндеріне интерактивті тақта сыйлағанын ауыл жұртшылығы жақсы біледі. Сондай-ақ мектептегі жол қозғалысының жас инспекторлары аудандық слетке қатысу үшін жаңа киімге мұқтаж екенін естіп, киім тіккізуге көмектесуі үлкен қамқорлық. Енді міне, сауапты істің ең үлкені Қалжан ахун мешітінің қайта жандануына қомақты қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын аяқтап берді. Осыдан бірнеше ай бұрын басталған жөндеу жұмыстары кезінде мешіт бөлмелері жөнделіп, 10 суағар салынды, қабырғаларының түсіп қалған қыштары қайта қаланып, сыланып, әктелді.
Мақсұт Әбілдаевтың азаматтығына, сонымен қатар қажетті құрылыс заттарымен қамтамасыз етуге атсалысқан басқа да азаматтардың көмегіне ауыл халқы дән риза.
– Біраз жылдан бері Қалжан ахун мешіті жөндеу көрмеген еді. Міне, халықтың тілеуі орындалып, жерлесіміз, кәсіпкер Мақсұт Әбілдаев мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізуге қомақты қаражат бөлді. Құрылысшылар мешітке жаңа рең беріп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Сауапты іске атсалысқан ауданның Құрметті азаматына ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамын. Тарихи мешіт әлі ғасырдан ғасырға өтіп, халыққа діни қызмет көрсететін болады. Ал мешітті күтіп ұстау барша ауыл адамдарының парызы, – дейді Қалжан ахун ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жорабек Маханбетов.
Бибісара ЖАНӘЛІ