Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада республикалық тамыз конференциясы өтті

Қызылордада республикалық тамыз конференциясы өтті

Бүгін Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Әділетті Қазақстан: Сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы педагогтерінің республикалық тамыз конференциясының жалпы пленарлық отырысы өтті. Алқалы жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов, Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева қатысты.

Биылғы тамыз мәслихаты жаңа форматта өтуде. Министрлік ұстанымына сәйкес әр облысқа арнайы тақырыптар белгіленген. Өзге өңірлерден келген 300-ден аса үздік педагог кешеден бері білім беру саласының маңызды мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өзгерістерге қадам басқан уақытта жас ұрпаққа сапалы білім беруде, тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше екенін айтып, бала болашағы үшін атқарылған жұмыстарды баяндады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет» деп атап өтті. Биылғы тамыз кеңесінің «Әділетті Қазақстан: Сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атауын еншілеуі құндылықтардың бағасы қай кезде де биік екенін тағы бір дәлелдеді. Себебі адамзатты кемел ойға тек білім ғана жетелейді. Ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен соңғы бір жыл ішінде білім саласына бағытталған қаржы көлемі 260 млрд.теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Осының арқасында саладағы ауқымды жобаларды сәтті жүзеге асырудамыз. Өңірдің 3-6 жастағы балалары 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Ал 2-6 жастағылар үлесі 88,9 пайызға жетті. Тұрақты қолдау көрсетілгендіктен балабақшалар заманауи бағыттағы ІТ жобаларды сәтті енгізіп, аймақтың үздік тәжірибесін өзге облыстарға таратуда. Бұл ретте тәрбиешілердің білім деңгейін көтеруге ерекше жағдай жасадық. Жыл көлемінде барлық жеке балабақша тәрбиешілері тегін курстардан өтуде. Біз үшін тәрбиешілердің мемлекеттік немесе жеке балабақшада жұмыс істегені маңызды емес. Олардың біліктілігін арттыруда тең көзқарас ұстанамыз. Өйткені – бала бәрімізге ортақ», – деді аймақ басшысы.

Тамыз кеңесінде баяндамашылар өз салалары бойынша тәжірибелерін бөлісіп, бала тәрбиелеуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысының білім саласында жағымды жаңалықтар жетерлік. Аймақта мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігінің ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді. Бүгінде облыстағы 613 балабақшаның 453-і немесе 73%-ы жеке сектордың үлесінде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде құны 86,2 млрд.теңге болатын 21 заманауи мектеп салынады. Жаңа білім ордалары 12 мыңнан аса оқушыны қамтиды. Биыл өңірде 10 мектептің іргетасы қаланады.

«Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылордада қаласында құны 7,9 млрд. теңге болатын физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы басталды. Дарынды балаларға арналған жаңа оқу ордасында республикалық физика-математика мектебінің таңдаулы ұстаздары сабақ береді.

Аймақта жеке мектептердің де үлесі артуда. Қазірдің өзінде 24 жеке мектеп жұмыс істесе, биыл 7 мектеп ашылады.

Қаланың сол жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы салынады. Бұл қосымша білім беру ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағады.

Аймақта апатты деп танылған 6 мектептің мәселесі оңтайлы шешілді. 4 білім ошағының құрылысы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынса, Арал ауданы, Тоқабай ауылындағы мектеп құрылысы жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Білім нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал Шиелі ауданындағы тағы бір апатты мектеп мәселесі «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» көмегімен шешіледі.

Қала мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі қосымша құрылыс салу арқылы реттелуде. Облыс орталығындағы 4 мектептің 1850 балаға арналған қосымша ғимараттары жаңа оқу жылында балаларды қабылдайды.

Ауыл балалары үшін салынған 1400 орындық 4 мектеп (Жаңақорған «Майбекет», Шиелі Байсын, Қазалы Әйтеке би кенті, Қызылорда қаласы «Бәйтерек» шағын ауданы) осы жылы ел игілігіне табысталмақ.

Білім мазмұнын арттыру мақсатында мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтауға, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі бейнекамералар алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
25 тамыз 2023 ж. 213 0