Білім ұйымдары жылу беру маусымына дайын
Білім беру маусымы басталуға жақын. Сол себепті білім ұйымдарында да жылу беру маусымына дайындық басталды. Қыстан қысылмай шығуға жауапты мамандар қам-қарекет жасауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов айтты.
-Облыс бойынша алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Облыста 1067 әлеуметтік нысан бар, оның ішінде 532 білім беру нысаны. Білім беру нысандарының жылу беру маусымына дайындығы 95% пайызды құрайды. Биыл 12 қазандықты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, 11 білім беру нысанының қазандығы сыртқа шығарылады, - деді Ерлан Ералыұлы.
Жалпы, 532 мемлекеттік білім беру ұйымының 77-сі жылумен қамтамасыз ету бойынша орталықтандырылған, автономды газ – 100, автономды сұйық отын – 199, автономды қатты отын – 124. Биыл жылу маусымын толық қамтуға білім саласына 3,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 1,8 миллиард теңгесі қаңтар-сәуір айларында жұмсалды.
-Жылу маусымының екінші кезеңіне 11097 тонна қатты және 7676 тонна сұйық отын қажет. Бүгінгі күні барлық білім беру мекемелерімен қатты және сұйық отынды жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған. Қатты отын тамыз айынан бастап бекітілген кесте бойынша жеткізілуде. Ал, сұйық отын білім беру нысандарының резервуарларының көлеміне сәйкес бекітілген кесте бойынша жеткізілетін болады. Одан бөлек, жылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуге 216,1 миллион теңгеге қосымша қаржы бөлінді, - деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бақыт Дүйсенов.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі