Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 15 қыркүйекке дейін декларация тапсырмағандарға қандай шара қолданылады

15 қыркүйекке дейін декларация тапсырмағандарға қандай шара қолданылады

2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайы салық органдарына кірісі мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген бірінші жылы аталған санаттағы адамдардың барлығы Қаржы министрлігі бекіткен 250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер тура­лы декларацияны ұсынуға мін­детті. Декларация нысаны «Же­ке тұлғаның активтері мен мін­деттемелері туралы» деп аталады. Басқаша айтқанда, бірінші декларацияны «кіру дек­ларациясы» деп атайды. Өйткені ол жалпыға бірдей де­к­ла­рациялау жүйесіне кірген кез­дегі мүлік пен міндеттемелер бойынша барлық деректі көрсе­теді.

250-нысандағы дек­ларация жалпыға бірдей деклара­циялау жүйесіне кірген күнге жи­нақталған активтер мен міндет­темелерді тіркеуге арналған. Декларацияны 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тапсыруға мін­детті адамдар онда 2022 жыл­ғы 31 желтоқсандағы жағ­дай бо­йынша барлық мәлі­метті көр­сетуі қажет. Яғни онда осы күн­ге дейін алынған мүлік пен мін­дет­темелер кіріс декларациясында жариялануы керек.

Сонымен 250-нысандағы декларацияда қандай мәліметтер көрсетіле­ді? Біріншіден, мұнда Қазақстаннан тыс жерлердегі мүліктер көрсетілуі керек. Оларға жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, көлік құралдары, арнайы техника және тіркемелер, елден тыс жерлердегі шетелдік банктердегі есепшоттардағы ақша, елден тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі жатады.

Екіншіден, декларацияда Қазақстан Республикасындағы және одан тыс жерлердегі мүліктер көрсетілуі керек. Бұған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үй ғимаратындағы үлес, бағалы қағаз­дар, туынды қаржы құралдары, инвес­тициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері, қолма-қол ақша, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешек) және жеке тұлғаның бас­қа тұлғалар алдындағы берешегі (кре­диторлық берешек) жатады.

Үшіншіден, декларацияда сенімгерлік басқаруға берілген мүлік көрсетілуі керек.

Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік: гараждар, жер учаскелері, саяжайлар, үйлер, тіркемелер, машиналар бұл декларацияда көрсетілмейді. Өйткені бұл мәліметтер уәкілетті органдарда бар. Сондай-ақ декларацияның бұл нысанында Қазақстандағы банктік есепшоттар көрсетілмейді. Шет мемлекетте тіркелген мүлік қана декларациялауға жатады. Егер шетелдік банкте есепшот болса және ол айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын болса, оны декларацияда көрсету керек. Егер сома үш миллион теңгеден (1000 АЕК) аз болса, оны көрсетпеуге болады.

Бірінші жылы салық төлеушілер 250-нысанды декларацияны толтырса, келесі жылдары 270-нысан бойынша декларация тапсырады. Кейіннен «кіру декларациясында» көрсетілген мүлік және ақша қаражаттары туралы мәліметтер ірі сатып алу немесе мәміле кезінде растау құжаттарының орнына жүре алады.

250-нысанды декларация – бұл бастапқы декларация. Игілігіңізде бар барлық мүлік пен ақша осы декларацияға бекітілуі керек. Бұл мәліметтердің бәрі кейіннен қажет болады. Мәселен, ертең автокөлік сатып алғанда мемлекет «қандай ақшаға сатып алдыңыз, оны қайдан алдыңыз?» деп сұрайды. Егер сіз қазір растайтын болсаңыз, яғни сізде бірінші декларацияны тапсыру кезінде осындай сомаға мүлік тіркелген болса, онда сіз бұл ақшаның қайдан келгенін дәлелдей аласыз. Егер ақшаның қайдан келгенін дәлелдей алмаса, он­да соманың 10 пайызын төлеуге тура келеді. 250-нысанның декларациясы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген күнге барлық активтер мен міндеттемелерді тіркеуге арналған болса, 270-нысанның декларациясында өткен күнтізбелік жылдың мәліметтерін көрсету қажет. Онда өткен жылы не сатып алынғанын және не иеліктен шы­ға­рыл­ғанын көрсету маңызды.

Декларацияны қағаз түрінде 15 шілдеге дейін, электронды түрде 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырудың бірнеше жолы бар. Декларацияны Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталындағы «салық төлеуші кабинеті» (cabinet.salyk.kz) арқылы, сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және e- SalyqАzamat мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде тапсыруға мүмкіндік бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірін­ші рет ескерту беріледі. Ал екінші ретін­де 15 АЕК, толық емес мәліметтерді көр­сеткені үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
23 тамыз 2023 ж. 252 0