Спартакиададан олжалы оралды
Адам өмірін сақтап қалу мақсатында медицина қызметкері қашанда жанкештілікке баратыны сөзсіз. Күні-түні дамыл көрмейтін «Жедел жәрдәм» қызметінің мамандары бар мақтауға лайықты. Жақында Абай облысында жедел медициналық жәрдем бригадалары арасындағы республикалық спартакиада өз мәресіне жеткен болатын. Аталған жарысқа Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бригада құрамы қатысып, өз шеберліктерін байқатты.
Дер кезінде ұтымды шешім қабылдай алатын облыс құрамасының сапында сырдариялық Рүстем Сәдірқожаев пен Айжан Жақсылықова бар. Бұдан бөлек, дәрігер Медет Суинбаев пен фельдшер Бауыржан Әбенов облыс намысын қорғады. Үш күнге созылған жарыс барысында сала мамандары бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Науқасқа алғашқы көмек, жүкті әйелге жәрдемдесу, жол апаты болған жағдайда адам өмірін сақтап қалу, клиникалық өлім жағдайын анықтау секілді бірнеше бағытта кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Өз кезегінде жерлестеріміз 20 облыс құрамасының ішінен мәреге төртінші болып жетті. Негізінен, бас жүлдені Абай облысы, І орынды Солтүстік Қазақстан облысы, ІІ орынды Жамбыл облысы, ІІІ орынды Астана қаласы еншіледі. Үздіктер қатарынан көрінген облыс құрамасына бағалы сыйлық, арнайы медаль, диплом тапсырылды.
– Өткен жылы жедел медициналық жәрдем бригадалары арасындағы республикалық спартакиада Шымкент қаласында жүзеге асқан еді. Осы жылы қазақтың маңдайалды тұлғаларын тудырған киелі Абай өңіріне табан тіредік. Алғашқы күннен бізге жарыстың ұйымдастырылу барысы ерекше ұнады. Тарихы терең Семей қаласына саяхат жасап, құнды дүниеге қанықтық. Бір жағынан сапарымыз үнемі адам өмірін аман алып қалу жолында күш-жігерін көрсететін сала мамандарына айрықша серпіліс сыйлады. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының музейіне барып, хәкімнің мол мұрасымен таныстық. Жарыс кезінде біздің мамандарымыз кәсібиліктерін барынша көрсете білді. Әрине, 20 өңірдің құрамасы ішінен үздіктер қатарынан табылу оңайға соқпады. Алдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысында өткізілетін жарысқа тыңғылықты дайындықпен барамыз, – деді Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің аудан жөніндегі орынбасары Рүстем Сәдірқожаев.
Өз кезегінде жерлестерімізді жоғары деңгейде жүзеге асқан республикалық спартакиадан табысты оралуымен құттықтаймыз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ