Шекара қызметіндегі қырағылық

ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Төрағасының 1999 жылғы 15 қыркүйектегі бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының оңтүстік бағыттағы Мемлекеттік шекарасын нығайту мақсатында және Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің даму бағдарламасына сай шекарашылар тұрақты қызмет атқарып келеді. Аймақтағы департамент сол жылдан бастап Өзбекстанмен арадағы шекараны нығайту, елдің саяси және экономикалық мүдделерін қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, қазақ еліне қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі мен радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу міндеттерін мінсіз атқаруда деп айтуға толық негіз бар.
Биыл Шекара қызметінің құрылғанына 31 жыл толды. Ведомстваның құрылуына, өркендеуіне, оның дамуына, халық арасында оңды пікірін қалыптастыру мен имиджін нығайтуда әскери қызметшілермен қатар, шекаралық аймақтардағы жергілікті тұрғындардың, әкімдіктер мен тағы да басқа азаматтардың қосып келе жатқан еңбектері өлшеусіз.
Ұлттық қауіпсіздік мүддесін арттыру жұмыстарына жіті көңіл бөліп, шекарашылармен бірлесе жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатқан азаматтардың орны бөлек.
Мемлекеттің басты нышандары – елтаңба, ту, әнұран болса, төртінші нышаны – шекара. Әр елдің іргесі шекарадан басталады. Кез келген мемлекеттің дамуы, оның тыныштығы мен тұрақтылығы – шекарасының мызғымас беріктігінде. Жұрт ұйқыда жатқанда, елдің шетінде, желдің өтінде кірпік қақпай күзететін шекарашылардың еңбегі ерлікпен тең, абыройлы, қасиетті міндет.
Бүгінгі күнде қорғаныс және қауіпсіздік жағын үйлестіру, оның ішінде аудандағы шекара бөлімі, бұрынғы комендатура мен оған қатысты шекара бөлімшелерімен тығыз жұмыс атқарып келеміз. Бұл жұмыстар аудан басшысының әркез бақылауында және жан-жақты қолдауына ие.
Елдің ел болуы, халықтың бейбіт өмір сүруі оның шекарасының беріктігіне байланысты. Осы орайда аудан әкімдігі шекарашылармен бірлесіп көптеген іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Мұның бәрі Тәуелсіздігімізді нығайтатын, егемендігімізді еңселі ететін қадамдар.
Ауданымыздың негізгі үш ауылдық округі шекара аумағымен шектесіп жатыр. Аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын барлық күштік құралымдар мен жергілікті атқару органдарының қатысуымен үйлесу кеңестері ұйымдастырылып тұрады. Кездесуде шекарашылардың айтылған негізгі мәселелері назарға алынып, қандай да болмасын өзгерістер мен жаңашылдықтар болып жатқан жағдайларда ұсыныс-пікірлері ескеріліп, бір жылдық жоспарға енгізіп отырамыз. Ақпараттандыру жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Ел шебінде қауіпсіздікті нығайту аясындағы жоспарға сәйкес, аудандағы елді мекендердің жергілікті азаматтары қатарынан ерікті жасақтарды құраймыз. Заң бұзушылықтардың алдын алу үшін жылына кем дегенде екі мәрте шекаралық аймақтарда тұратын жергілікті тұрғындармен бас қосып, жиналыстар өткіземіз. Оларға шекаралық аймақта уақытша болу, жүріп-тұру және жұмыс жасауда белгіленген режимдік талаптарды сақтау тәртібін жеткіземіз. Өз еліңнің іргесін өзің күзетуің – заңды құбылыс. Сондықтан да, шекарашылармен тығыз қарым-қатынаста болсақ қана – ел дамуы алға жылжиды.
Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар арасында шекарашылар туралы оң пікір қалыптастырып, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерін арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар атқарылуда.
Шекара – ата-бабамыздан қалған баға жетпес асыл мұра. Сондықтан әр адам тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтауы міндетті.
Әр адамның ұйқысының тыныштығын күзетіп жүрген шекарашыларды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Қиындығы мен жауапкершілігі зор қызметтеріне абырой тілейміз. Ең бастысы – ел іргесі аман, заманымыз тыныш, шекарамыз берік болсын!
Қайрат ҚУАНДЫҚОВ,
Сырдария ауданы әкімі
аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық
қорғаныс бөлімінің басшысы
Фото: ашық дереккөзден
Сырдария ауданы әкімі
аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық
қорғаныс бөлімінің басшысы