Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫРАҒЫ САЙЫПҚЫРАНДАР – ҚАУІПСІЗДІК ҚАЛҚАНЫ

ҚЫРАҒЫ САЙЫПҚЫРАНДАР – ҚАУІПСІЗДІК ҚАЛҚАНЫ


Қай мемлекет болмасын өз тәуелсіздігінің айғағы ретінде алдымен шекарасын шегендеп алады. Бі­лектің күшімен, найзаның ұшымен қол жеткізген жерде өзгелер өкілеттілік жүргізбеу үшін мемлекеттер арасындағы шекара белгіленіп, ай­шық­ты қазықпен қағылады. Ал сол шектес­кен жер­де ұры-қарыға бір қадам аттатпай, жарғақ құ­лағы жастыққа тимей, күндіз-түні қырағылықпен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – шекарашылардың міндеті. Ел тыныштығының сақшылары егемендікке сызат түсірмеу жолында жан беріп, Отанды қорғап, темірдей тәртіптің сақталуына төзіп келеді. Бұл анау-мынаудың қолынан келетін ерлік емес. Бұл шекарада сап түзеген жігерлі, қайратты, қырағы сарбаздың тыныштық жолындағы жауапты жұмысы.
Азаттықтың ақ таңы атқан ширек ғасырдан аса уақыт ішінде Қазақстан көршілес елдермен шекарасын шегелеп, жер аумағын айқындап алды. Бұл істе Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев шектесетін дос­тас мемлекеттермен келісімге келіп, белгіленген шекарадан шықпай, өзгенің жеріне рұқсатсыз қадам баспаудың қамын жасап қойды. Міне, содан бергі уақытта қауіпсіздік қалқаны болған шекарашылар бір уақыт тыным таппастан, ел шебінде елеулі еңбек етіп жүр.
Жалпы, Қазақстан шекарасының ұзындығы 13394 шақырымды құрайды. Еліміз батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте 7591 шақырым Ресеймен шектеседі. Республиканың Алтайдан Тянь-Шаньға (Хантәңірі массивіне) дейінгі 1782 шақырымға созылып жатқан шығыс шекарасы Қытай Халық Респуб­ликасымен арадағы мемлекеттік шекараға сәйкес келеді. Ал оңтүстікте Түрікменстанмен 426 шақырым, Өзбекстанмен 2354 шақырым және Қырғызстанмен 1241 шақырым бойынша шектеседі. Қазақ елі шекарасы батысында – Каспий маңы ойпаты мен Жалпы Сырт қыратының біраз жерін, солтүстігінде Батыс Сібір жазығының оңтүстігін, оңтүстігінде Тұран ойпатын, шығысы мен оңтүстік-шығысында Алтайдың батыс бөлігін, Сауыр, Тарбағатай жоталарын, Жетісу (Жоңғар) Алатауының негізгі бөлігін және Тянь-Шаньның солтүстік жоталарын басып өтеді. Осындай ұлан-ғайыр атырапты күзетуде Отан алдында ант берген оғландар, сайыпқырандар әркез сақтыққа сақадай сай болып, қауібі көп қызметті мүлтіксіз атқарып келеді. Сол үшін де жылдың бір күні шекарашылардың кәсіби мерекесі ретінде белгіленіп, ел қауіпсіздігі үшін жасап жатқан қызметіне құрмет көрсетіледі.
Кеңестік кезеңде шекарашылар күні 29 мамырда тойланатын мереке болса, 1992 жылдың 18 тамызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен КСРО-ның Шығыс шекаралық округінің базасында Қазақстан Республикасының Шекара әскері құрылуына байланысты осы күн 2012 жылдан бастап аталып келеді. ҚР Шекара әскері құрылғаннан бері олар қазақстандықтардың күндіз күлімдеп, түнде тыныш ұйықтауына, қалыпты жағдайдың сақталуына қалт етпей қызмет етуде. Сондықтан қырағы шекарашылар – ел қорғаны, қауіпсіздік кепілі.

Е.БЕРКІНБАЕВ
18 тамыз 2018 ж. 1 217 0