Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егістіктегі еңселі еңбек

Егістіктегі еңселі еңбек

Сырдария ауданы өткен жылы облыс көлемінде ауыл шаруашылық са­ла­сындағы «Үздік аудан» номинациясын иеленгені баршаға мәлім. Қашанда қамбасы астыққа толған сырдариялық шаруалар биыл өңірімізде жоғарғы көрсеткішке қол жеткізуге үмітті. Сыр салысымен қатар, бақ­шалық өнімдерді жерге орналастырған диқан қауымның еңселі еңбегін атап өтпеске болмас.

Шын мәнінде, ауданда аграрлық саланың өрісі кеңейіп, шаруа біткеннің жұмысы ширай түскен. Осы жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 35732 гектар жерге өнім орналастырғаны мәлім. Өз кезегінде аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков егін егу саласына байланысты толық мәлімет келтірді.

– Сырдария ауданында негізгі дақыл – күріштің көлемі 23500 гектар, жаздық бидай 1723 гектар, арпа 15 гектар, мақсары 180 гектар, күнбағыс 100 гектар, жаңа жоңышқа 1846 гектар, ескі жоңышқа 7200 гектар, және картоп, көкөніс, бақша 1168 гектарды құрайды. Оның ішінде, картоп 508 гектар, көкөніс – 240 ектар, бақша дақылдары 420 гектар болып табылады. Азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен толық қамту негізінде шаруашылық құрылымдары тарапынан ауыл тұрғындары үшін егіс алқаптарынан 359 гектар қосымша жерлер ашылып, 1105 отбасыға бөлініп берілді. Аталғанн жердің 200 гектарына картоп, 51 гектарына көкөніс, 108 гектарына бақша дақылдары егілген болатын. Биылғы жылдың егісіне 6788 тонна күріш тұқымы себілді. Атап айтқанда, отандық сорттар бойынша «Сыр Сұлуы» 140 гектарға, ресейлік сорттар бойынша «Лидер» 17910 гектарға, «Янтарь» 5299 гектарға, «Яхонт» 35 гектарға, «Патриот» 36 гектарға, Украиндық сорттар бойынша «Премиум» 17 гектарға, «Виконт» 63 гектарға орналастырылған. Айта кетейік, шаруашылық құрылымдары қажетті минералдық тыңайтқыштың 10010 тоннасын және арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің 16500 литрін сатып алды. Бүгінгі күнге дейін 17000 гектар күріш дақылы тыңайтқыштармен үстеп қоректендіріліп, арамшөпке қарсы 19000 гектар көлемге химиялық өңдеу жұмысы жүргізілді. Шаруашылық құрылымдары жоңышқа дақылының 4670 гектарынан бірінші орым бойынша 4670 тонна мал азықтық шөп жинады. Негізінен, орташа өнім 10,0 центнерден келуде. Осы уақытта екінші орым жұмыстары сәтті жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы.

Өз кезегінде межелі 1723 гектар бидайдың 1610 гектары жиналған. Жоспар бойынша 11753 центнер өнім алынып, орта өнімі гектарына 7,3 центнерге бағаланған. Ал, 15 гектар арпадан 165 центнер өнім алынып, орта өнімі гектарына 11,0 центнерден келуде. Көктемгі дала жұмыстарына жүргізуге барлығы – 744 дана ауыл шаруашылығы техикалары қатысқан. Жалпы, 350 трактор, 201 трактор тіркемесі, 83 соқа, 47 дән сепкіш, 63 жүк көлігі егін науқанына сақадай-сай. Көктемгі егін және дала жұмыстарына арзандатылған 2879 тонна дизель отынын жеткізіп беруші оператор «Жібек жолы ЛТД» ЖШС-гі 212 теңгеден шаруашылық құрылымдарына тасымалдаған. Күзгі егін жинау жұмыстарына қажетті жанар-жағар май 2722 тоннаны құрап отыр. Осы күні шаруашылық құрылымдары тарапынан жеткізіп беруші операторды таңдау жұмыстары жүргізілуде. Егін жинау науқанына барлығы – 969 дана – 230 комбайн, 120 жатка, 360 трактор, 196 трактор тіркемесі, 63 тасымал автокөлігі ауыл шаруашылығы техникалары қатысады деп жоспарлануда.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

Фото: ашық дереккөзден
15 тамыз 2023 ж. 275 0