Парламент Мәжілісінің депутаты А.Ходжаназаров Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров іссапармен Қызылорда облысына келді. Іссапар барысында өңірдің ауыл шаруашылығы және экологиялық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Мәжіліс депутаты алдымен Қызылорда су торабына барды. «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының басшысы Р.Ахметовпен, Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы З.Қазтоғановпен, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Құрманбаевпен, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Т.Дүйсебаевпен және Қызылорда су торабының қызметкерлерімен кездесіп, аймақтағы су шаруашылығының бүгінгі ахуалымен танысты.
Одан әрі, Айдарбек Асанұлы Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, «Мағжан и К» ЖШС-нің егіс алқабына арнайы барды. Аталған шаруашылықта биылғы жылы 4000 гектар жерге күріш дақылы егіліп, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Қожаниязов, Айдарбек Ходжаназаровтың қатысуымен «Қызылорда облысының экологиялық мәселелері» жөнінде дөңгелек үстел өткізіп, судың жетіспеушілігі, күріштің шығымдылығы, көрші мемлекеттермен тәжірибе алмасу және ғылыми тұрғыда сүйемелдейтін кадр мәселелерін жан-жақты талқылады.
Сондан соң, БАҚ өкілдерімен кездесіп, аймақтың ауыл шаруашылығы, экология және су шаруашылығы туралы сұхбат берді.
Сондай-ақ, Айдарбек Асанұлы «Мағжан және К» ЖШС-нің күріш ақтау зауыты мен «Ассоль» тұз өндіретін зауытының жұмысымен танысты.
«Мағжан и К» ЖШС-гі еліміздегі алғашқы цифрлық технологиясы дамыған бірден-бір кәсіпорын. Қуаттылығы жылына 33,6 мың тоннаға дейін күріш өнімін өңдейді. Кәсіпорын күріш өсірумен қатар тұқым шаруашылығында элиталық тұқым өндірумен де айналысады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров облысқа жасаған жұмыс сапары соңында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын беріп, көтерілген экологиялық мәселелердің үнемі назарда болатындығын және оның шешу жолдарын Мәжілістегі қызметінің негізіне алатындығын жеткізді.