Құралайдың кезекті жеңісі
2021 жылы «Қазақстан дауысы» мегажобасында жеңімпаз атанып, Аманкелді ауылының атын аспаннан бір-ақ шығарған әнші, жерлесіміз Құралай Мейрамбек әлем сахнасын бағындырып, өнерімен халықаралық байқау шыңын бағындырды. «Славян базары» байқауында беларусь халқының «Рэчанька» әнін орындаған жерлесіміз үшінші орынды қанжығаға байлады.
Екі күндік байқау нәтижесінде армениялық өнерпаз Маша Мнджоян бас жүлде алса, бірінші орын беларусь Самир Елчиевке берілді. Екінші орынды ресейлік Елизавета Слышкина мен италиялық Agape бөлісті. Үшінші орынды қазақстандық Құралай Мейрамбек және өзбекстандық Малика Хакимова иеленді.
«Өнерге деген махаббатым 5 жасымнан басталды. Содан бері ән шырқап, қазақ өнерін шетелге танытуды мақсат еттім. Сол жолда аянбай еңбек ете беремін» деген еді Сыр елінің мақтанышына айналған қобыз үнді әнші қыз Құралай бізбен бір сұхбатында. Міне, алдына осылай мақсат қойған жас әнші кезекті шыңын бағындырып отыр. «Құрметті қазақ елім! Байқауда қолдап, жанкүйер болған баршаңызға мың алғыс! Алла қаласа әлі талай көк туымды әлемде көкте желбірететін боламын» деп жазды ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Біз де жерлесіміздің әлі талай шыңды бағындыратынына үлкен сенім білдіреміз. Сондай-ақ Сыр елі талант пен дарын иесі Құралай Мейрамбекке әркез тілектес. Қазақтың бұлбұл қыздарының, қайсар рухты аруларының ізін жалғап, аудан, облыс, республика атын үлкен сахналарда әуелетіп жүрген жас әншіге шығармашылық табыс тілейміз.
«ТТ» ақпарат