Руханият жанашыры марапатталды
Қазақ айтыс өнерінде өзіндік орны бар ақын, жерлесіміз Мамыр Байдәулетов облыс орталығында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай өткізілген салтанатты іс-шарада «Тұран» сыйлығымен марапатталды. Бұл марапатты ақынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев табыс етті.
Мәдениет пен өнер жолында қызмет етіп жүрген сала үздіктері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған аймақ басшысы өңірдегі серпінді жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, жыл соңында Қызылорда қаласындағы 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы», ал тамыз айында «Анаға тағзым» орталығы іске қосылмақ. Оған қоса өнер әлеміне қанат қаққан мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр жобасы мақұлданған. «Жастар театрын» өз алдына кәсіби ұжым етіп құру бойынша да нақты шаралар жасалмақ. Осындай жағымды жаңалықтарды атап көрсеткен өңір басшысы сырбойылық 20 мәдениет және өнер майталманын облыс әкімінің «Тұран» сыйлығымен марапаттады. Олардың қатарында ақын, Сырдария ауданының Құрметті азаматы М.Байдәулетов бар.
Ұлт руханиятына, оның ішінде Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Мамыр аға Байдәулетов – атақты ақын Замаддин Ибадуллаевтың төл шәкірті, ізбасары. Жас кезінен бастап өлең өлкесінде жарқырап танылған, бітім-болмысы бөлек азамат – «Ақ қанат өлең», «Жауқазын жырлар», «Буыршын белес» атты оқушылар жыр жинағының құрастырушысы және «Жақсылар шыққан жайсаң ел» атты кітаптың авторы. М.Байдәулетовтің ең алғашқы өлеңдер топтамасы 1991 жылы облыстық «Ленин жолы» газетінде белгілі ақын Қомшабай Сүйенішовтің алғысөзімен жарияланған. Аудандық, облыстық мүшәйралардың бас жүлдегері болған ол 1999 жылы республикалық «Шабыт» фестивалінің дипломанты атанды.
Сондай-ақ 1999 жылы Жалағаш ауданының 60 жылдық тойында ұйымдастырылған облыстық ақындар айтысында Сырдария ауданының атынан қатысып, жүлделі ІІ орынмен, 2007 жылы облыстық айтыста «Өтірік айтыс» жарысында жүлделі ІІ орынмен марапатталған. 2007-2008 жылдары Қазақстан ұлттық арнасының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен тікелей эфирдегі республикалық жекпе-жек айтыстың екі дүркін жеңімпазы атанып, 2010 жылы Сырдария ауданының 80 жылдық мерейтойына орай өткізілген республикалық айтыстың бас жүлдесін қанжығасына байлаған. Дарынды ақын Маңғыстауда Құлбарақ батырдың 220 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысында ІІ орын иеленген. Ал Қармақшы ауданында ұйымдастырылған облыстық ақындар айтысының І орын иегері атанса, Сырдария ауданында өткізілген Қалжан ахунның 150 жылдық тойында республикалық ақындар айтысының арнайы жүлдесін иеленген. Сонымен қатар Қармақшы ауданында өткен «Еңбек пен ерлікке толы 50 жыл» атты республикалық ақындар айтысының бас жүлде иегері атанып, жеңіл автокөлікті жеңіп алған.
Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанған ақын Сыр елі мәдениетінің дамуына зор үлес қосқаны үшін облыс әкімдерінің Алғыс хатымен, ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2022 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Ұлт руханиятының жанашыры шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді насихаттау жолында еңбек етіп келеді. Сол еңбегіне орай облыс әкімінің 500 теңгелік сертификаты бар «Тұран» сыйлығына ие болды. Ақын ағамызды мерейлі марапатымен құттықтаймыз!
Е.БЕРКІНБАЕВ