Ерлігі елге ұран
Жақында облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов ауданға жұмыс сапарымен келіп, оның барысында бейбіт өмірде қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда жан пида еткен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, үнсіздікпен еске алды. Бейбіт күннің батырының есімі берілген №131 орта мектептегі мұражайымен танысып, ерлігіне тағзым жасалды.
Аталған мектептің түлегі ерлік көрсетіп, небәрі 25 жасында қаза тапты. Оның ерлігіне құрмет көрсетіліп, өзі оқыған мектепке, өзі тұрған көшеге есімі берілді. Сондай-ақ Шиелі ауданы Тартоғай ауылында және аудан орталығында оның есімімен аталатын көшелер бар. Ал 2007 жылы №131 орта мектеп ауласында ескерткіш орнатылды. Оның авторы – елімізге белгілі мүсінші Жаркен Исмағұлов.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегеріне білім ошағында мұражай жасақталған. Мектептің екінші қабатындағы музейдің іші қыршын кеткен қаһарманның балалық шағынан бастап қызметтік бабына дейінгі кезеңін қамтитын фотосуреттермен жасақталған. Мектеп қабырғасында жүргенде алған мақтау қағазы, қызмет барысындағы қырағылығы үшін берілген Құрмет грамотасы, арнайы дипломдар да музейге қойылған. Оған қоса бұл жерден Т.Қозыбаевтың киген қызметтік киімін де көруге болады. Сондай-ақ оның ерлігі туралы жазылған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітовтің «Жалындап өткен жиырма бес» кітабы тұр. Қырағы сақшының есімі енгізілген «Сыр өңірінің сақшылары», «Сыр бойының сақшылары» жинақтарын да музейден табасыз. Музейге өзі тұтынған спорттық құралдары да қойылған.
– Біздің мектеп ел тыныштығы үшін ерлік көрсеткен Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады. Оның ерлігі жөнінде біз әрбір мектеп оқушысына үнемі насихаттап келеміз. Сол мақсатта мектепте музей жасақталған. Музейді өскелең жас ұрпақ көріп, білім ошағы сондай қаһарманның есімімен аталатынын мақтанышпен айтады. Және осында іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Әр жыл бейбіт күннің батырын еске алу іс-шарасы ұйымдастырылып, онда көпшілік мектепке келіп, тағзым етеді, музейді көреді. Аудандық полиция бөлімімен бірлескен іс-шаралар өткізіліп тұрады. Батыр ерлігі елге ұран, – дейді мектеп директоры Айнұр Әлиева.
Мектептен соң полиция генерал-майоры Талғат Қозыбаев шаңырағына барып, батыр ұлды тәрбиелеген әкесі Есентай Қозыбаевтың жағдайын сұрады. Қайсар тәртіп сақшысының ерлігі құқық қорғау қызметкерлеріне үлгі екенін айтып, алғыс білдірді. «Адамзаттың өмірін аман сақтаймын деп антына берік болып, еліне адал қызмет етуде өзгенің өмірі үшін жанын қиған әріптестеріміздің ерлігі мен батырлығы біздің есімізде мәңгі сақталады. Бүгінгі полицейлер үшін оның ерлігі – патриотизм мен жанқиярлықтың үлгісі» деді Махсудхан Нұғманұлы.
Өз кезегінде ерекше ілтипат көрсеткен аймақтың тәртіп сақшыларына батырдың әкесі Е.Қозыбаев ризашылығын жеткізді.
– Қызметте қырағы болудың үлгісін Талғат балам көрсетіп кетті. Сондықтан оның ерлігі ұмытылмайтынына сенемін. Жыл сайын ұлымды еске алуға арналған іс-шаралар өткізіліп, құрмет көрсетіледі. Жаңа қызметке тағайындалғанда ауданға келіп, ұлымның ерлігіне тағзым етіп жатқаныңызға алғысым шексіз. Қызметтеріңізге абырой тілеймін. Әркез елімізде тыныштық болуын тілеп отырамын, – деді ардақты қария Есентай Қозыбаев.
Бүгінде отбасының ақылшысы болып отырған Есентай аға шөбересін бағып отыр. Немересі Алмат әкесінің жолын жалғап, Сырдария аудандық полиция бөлімінде қызмет етуде. Аға тергеуші ретінде қылмыскерлерді құрықтауға өз үлесін қосып келеді.
Е.БЕРКІНБАЕВ