Ұстаздар құрмет төрінде
Аудандық мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай білім саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков пен аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар ұстаздар қауымын қатар келген қос мерекемен құттықтады.
– Бұл қос мереке – баршамызды отансүйгіштікке, қайсарлық пен табандылыққа тәрбиелейтін айшықты мейрам. Еліміздің Тәуелсіздігі мен тұтастығы, қауіпсіздігі мен тұрақтылығы – біздің басты құндылықтарымыз. Осы жолда Мемлекет басшысы әрдайым еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге, әскерилердің қажеттілігін қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөліп келеді. Бүгінде Қазақстан мықты әскері, жаужүрек жауынгерлері бар, тұғыры берік айбынды мемлекетке айналып отыр. Біз алдағы уақытта да армиямыздың қуатын арттыруға бар күшімізді салып, нағыз патриоттарды тәрбиелеуге тиіспіз. Айтулы мерекемен білім саласында қызмет ететін ер-азаматтарды құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Ел іргесі берік, Тәуелсіздігіміз баянды болсын,– деді Берік Жәнібеков.
Іс-шара барысында ауданның білім саласының дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген ұстаздар аудан әкімінің Алғыс хатымен, облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
– Бәріміз де майдангерлердің ұрпағымыз. Сондықтан болар бұл қос мерекенің әсері мүлде бөлек. Міне, биыл өткен тарихымыздың өшпес беттеріне айналған сонау зұлмат соғыстағы Жеңістің де жетпіс сегізінші көктемін қарсы алып отырмыз. Миллиондаған адамның жанын қиып, талай отбасына жазылмас жара салған қан майданда қазақ халқының қаншама ұл-қызы қаза болды. Жауға қарсы ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, сан мәрте батыр атанған аталарды бүгінгі ұрпақ, біздер ұлықтап, мақтан тұтамыз. Рухтарына тағзым етіп, баршамыз бас иеміз, – деді Алмас Зейноллаұлы.
Мерекелік кеште аудандық өнер мектебінің өнерпаздары мен аудандық мәдениет үйінің әншілері өз өнерлерін көрсетіп, мерекенің ажарын аша түсті. Жанды дауыста ән шырқап, сала қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған өнерпаздардың концерті атақты «Көк тудың желбірегені» әнімен қорытындыланып, қатысушылар патриоттық әнді тік тұрып орындады.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ