Қарт жауынгерге құрмет
Мереке қарсаңында аудандық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Ерліктің ерен тұлғасы» атты тағылымы мол іс-шара өтті. Кездесу қонақтары, оқушылар ғасыр куәгері, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровпен кездесіп, тарихты тарихи тұлғаның өз аузынан тыңдады.
Ең алдымен ардагер ақсақалды мерекелік ленталар тағып, шар ұстаған оқушылар ерекше көңіл күймен күтіп алды. Одан кейін кездесудің негізгі бөлімі басталды. Тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол іс-шараға аудандық мәдениет және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Жеңісбек Төрәлиев, ардагер ұстаздар Әсия Масилова, Мектепхан Елеусінов, Жұман Нарымбетов қатысты. Ең алғашқы құттықтау сөз Жеңісбек Үсенұлына берілді.
– Қадірменді қонақтар, оқушылар, баршаңызды алда келе жатқан айтулы мерекелермен құттықтаймын! 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болса, 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі. Осы орайда зұлматты көзімен көрген, қан майданда от пен оқ кешкен Яхия атамыздың бүгінгі кездесуге келіп, ортамызда отыруы – үлкен қуаныш. Бүгінгі кеш келер ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз. Мақсатымыз – бір жағынан, тарихи тұлғамен кездесіп, ойлы әңгімесін өз аузынан тыңдау болса, екінші жағынан кейінгі ұрпақтың Яхия атамызға жолдар сауалы, сұрағы болса, пікір алмасып, келелі әңгіме құруына мұрындық болу. Олай болса, мереке құтты болсын! Тек жақсы күнде басымыз қосыла берсін, – деді Ж.Төрәлиев.
Сосын №35 мектеп-лицей оқушысы Асылай Бектасқызы жүрекжарды лебізін арнап, ардагерге арнап шығарған өлең жолдарын оқып берді. Өз кезегінде жиналған оқушыларға разылығын білдірген ардагер ақ батасын берді.
Одан кейін сұрақ кездесудің негізгі кейіпкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр куәгері Яхия Тасыровқа бағытталды. Ақсақал отты жылдары көзімен көрген оқиғаларын, соғыс даласына тап болу сәтін есіне алып, бір сәт өткенге көз жүгіртті.
Тарихи тағылымға толы іс шара сырлы сұхбатпен, әдемі әңгімемен өрілді. Одан кейін оқушылар мерекелік жыр шашуларын ортаға салды. Ал өнерпаз Ербол Сағынбайұлы күмбірлете күй төгіп, іс шараның көркін қыздырды. Оқушылар мен кейінгі ұрпақ үшін өнегеге толы кездесу соңында Яхия Тасыров жиналған жұртшылыққа ақ батасын беріп, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілек етті.
Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров 1922 жылы Тереңөзек ауданының бұрынғы Ақтүйе (қазіргі Қараөзек) елдімекенінде дүниеге келген. 1941 жылы 19 жасында әскерге алынып, келесі жылы майданға аттанған. Соғыс жылдарында Сталинградты, Курскті, Бараович пен Польшаны жаудан азат етуге қатысып, 1945 жылы аман-сау елге оралған. Ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ұлы Отан соғысы» І-ІІ дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Кеудесін толтыра жарқыраған орден-медальдар ардагер ақсақалдың соғыс даласындағы ерен ерлігі мен көзсіз батырлығының үлгісіндей болып көз тартады. Бүгінде ғасыр асып, 101 жасқа зор құрметпен жеткен соғыс және еңбек ардагеріне ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз!
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ