Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АБАЙ ІЛІМІ ЖӘНЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

АБАЙ ІЛІМІ ЖӘНЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ


Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» дегенді айтты. Және «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жорал¬ғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп айқын көрсетіп берді.
  Елбасы мақаласының негізгі рухани темірқазығы ұлы Абай ақынның ілімінің идеясымен үндестігі байқалады. Олай дейтініміз «жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында Елбасы негізгі басымдықтарды айта келіп, «Бәсекеге қабілеттілік», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» секілді ерекше бағдарламаларды алға тартқан болатын.
  «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді», - деп айтқан болатын.
Қазақ халқының XIX ғасырдың соңынан күні бүгінге дейінгі тарихында ұлы ақын, ағартушы, данышпан Абай Құнанбайұлының алар орны ерекше. Абайдың ақындық жолға бет бұрғандығы алғашқы сөзі мәдениет пен білімнің маңызын насихаттауға арналады. Оның 1885 жылы жазған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі бұл тақырыптағы тұңғыш шығармасы болумен қатар, ақынның сөз өнері жолындағы жаңа ізденісін де танытады. Абай мұнда,ең алдымен, жаңа үлгідегі ақынға керек ғылым жайын сөз етеді. Ғылым-білімді кезінде зерттей алмағанына өкініш білдіреді. Өз қателігін балаларын оқытумен түзеуге бет алғанын айтады. Сонымен қатар ол «Қызмет қылсын, шен алсын» деген халық мүддесіне жат тәрбие жайын мінеп, сынайды.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң, түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
  Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім. Бұл-өткенге құр өкіну емес, келешекте жастардың өзі тәрізді опық жеп қалмай, білім мен өнер қуатын бос өткізбей еңбектенуіне жөн сілтеу. Шығарма Абай ақындығының халықтық, ағартушылық мақсатқа қарай бет алғандығының белгісі тәрізді. Кейінгі туындыларында ақын бұл идеяны тереңдете түседі.
  1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдер жазды. Мұның алғашқысы ұстаз ақынның кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті түрінде жазылған. Бүкіл өлең бойына Абай «ғылым» деген сөзді қайталап айта отырып, адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы - ғылым болуы керектігін түсіндіреді.
Ғылым таппай мақтанба!
Орын таппай баптанба!
Құмарланып шаттанба!
Ойнап босқа күлуге,- дейді. Сөйтіп, ғылымға берілудің, ғалым болудың жолдарын әңгімелейді. Ғылым жолы – әділдік жолы. Оны ұстаған адам ескі жолмен жүре алмайды. «Надандарға бой берме, шын сөзбенен өлсеңіз», - дегенде, ол ғылым үйренетін жастың қараңғы, надан қауымнан өзгеше болуын қалайды.
Осы тұста Елбасы мақаласындағы «Білімнің салтанат құруы», «Сананың ашықтығы» бағдарламасының идеялары үндес екені байқалады. Мақалада «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас¬тары¬мыз басымдық беретін межелердің қатар¬ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» делінген.
  Өзі билеуші тап ортасынан шықса да, тарихи дамудың беталысы мен қоғамдық шындықты түсінген ол еңбекші шаруаға шындап бет бұрғанын байқатады. Оларды «елім», «жұртым», «халқым» деп, дос тұта сөйлейді. Осы бетбұрыста Абай сол халықты жүдетіп, шаршатып отырған ұнамсыз әрекет-мінездерді, олардың ішкі сырын үлкен шеберлікпен ашатын психолог ақын ретінде танылады. Заманы мен өзі өмір сүріп отырған ортаның кемшілік-қайшылықтарын өткір және әділ мінеп-сынайды. Бұл сарын, әсіресе, Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп аталатын өлеңінде анық байқалады. Мұнда өз халқының басындағы қайғы-мұңды көріп дерттеніп, «Қалың елі - қазағының» қазіргі халіне қинала сөйлеген ақын бар.
  Абай өз шығармаларында рухани жұтаңдықты, білімсіздікті, көкірек көзінің мөрлілігін, надандықты, имансыздықты, тоғышарлықты, енжарлықты, жалқаулықты, сөзуарлықты, екіжүзділікті, күншілдікті, мақтанқұмарлықты, мақтансүйгіштікті, дүниеқоңыздықты, мансапқорлықты, көрсеқызарлықты, менмендікті, мақтаншақтықты, еңбексіздікті, әділетсіздікті, сатқындықты және т.б. қай замандарда болмасын адам бойында болатын моральдық-этикалық қасиеттерді сөз ете отырып, адам баласының бойындағы қасиеттерін жақсартуға, жетілдіруге, толықтыруға, жаман қасиеттері болса солармен күресуге, оларды ауыздықтауға талаптануы керектігін түсіндіріп, ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында ұшталып келе жатқан, діни-пәлсафалық, моральдық-этикалық, интеллектуалдық, адамгершілік тұжырымдамасы – толық адам ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды.
  Халқының келешегін ойлап егілген, сол үшін ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді ойлаған Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Соның бірі – достық мәселесі.
  «Жігіттер,ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде ол тіршілікте өзі көрген, халық тәжірибесі танытқан шындықты айта отырып, жастарды шын адамгершілік жолына, қиянатсыз, адал достыққа үгіттейді. Оларды жалған татулық, бояма мінезден сақтандырады. Отыз төртінші қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі - дос» деген хакім Абай өлеңдерінде «Адамзаттың бәрін сүй – бауырым деп» жырлап, ұлтқа, дінге, нәсілге, әлеуметтік жікке, жынысқа бөлмей баршаға махаббат сезімде болуды үндеуі, қазіргі адамзат қоғамының басты ұранына айналуы тиіс.
  Мынау бізге жат, мынау бізге теріс, мынау мүлде болмайды, мынау өзге діннен, мынау өзге ұлттан деп адам мен қоғам түрлі шектеу, тыйым, наразылық, жиіркеніш, жеккөрушілікті өршіткенде ешқашан келісім мен татулық болмайды. Адамзат қоғамы Абай сынды ұлылардың парасаты арқасында ұлық, биік. Әлем ұлыларының асыл ойлары адам баласын бақытты өмір сүруге шақырып отырады.
Данышпан Абай өз шығармаларында «Ісім өнсін десең, ретін тап», - деп кәсіпкерлік туралы да айтқан. Кәсіпкерлікке еңбекті насихаттау мақсатында көңіл бөлген. Абайдың арманы – қазақ халқын бай елдердің қатарында көріп, малды адал жолмен тауып баю, басқа біреуге тәуелсіз болу. Бүгінгі кезде, егер еліміз бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан орын алса, Абайдың арманы орындалғаны. Ақынның келесі ойларын бүгінгі күні кәсіптік заманы кезіндегі адамға ұсынуға болады.
1. Өз- өзіңе есеп беріп тұруды ескер;
2. Дамыған елдің тәжірибесін меңгер;
3. Мал табам десең, арланба;
4. Ақыл мен еңбекті тең ұста.
  Ақын өз балаларына айтқан өсиеттерінде Аллаһтың құдіретін жан-жақты баян етеді. Аллаһты тану үшін ғылым білу керек, ілімі кем құдайды танымайды, құдайын танымаған өзін де танымайды дей келіп: “Құдай тағала дүниені кәмәлатты шеберлікпен жаратқан, һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. “Адам баласына адам баласының бәрі дос”– деп жазады ақын өзінің 34-қара сөзінде.
  Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей. Ақиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, машхарда сұралуың – бәрі бірдей. Екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қауіпің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Бұл дүниеге бәрің де қонақ екенсің. Сондықтан біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің малы мен бағына күндестік, қызғаныш жасап, көз аларту дұрыс еместігін айтады.
  Абайдың ғылым жолдары жөніндегі өсиеттері көптеген өлеңдерінде бар. Ол кісінің 17 жəне 31-32-ші сөздері түгелдей осы мəселеге арналған. Абайдың білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға шарттарын көрсете келе, оның ғылыми жолына тоқталады, құмарлық-махаббат, шыншылдық əдет, берік сенімділік, ғылымды дамытатын нұрлы ойлы парасат, жақсыны іске асырып отыратын батыл еңбек, шындықты сақтайтын ұстамды қайратты мінез» болуы тиіс.
  Абай, ең бірінші - қазақ хал¬қының жаны, ал оның «қа¬ра сөздері» әлем мен адамдар мағынасын ұғынудың құн¬ды кітабына айналды. Абай үні ғବсырлар өтсе де, өзінің қуат¬ты кү¬шін жоғалтқан емес. «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл за¬ман¬дағылардан білімі, күті¬мі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен... Ат аталып, ар¬уақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен... Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді», деген Абай үні ғасырдан артық уақыт өтсе де өзінің қуат¬ты күшін жоғалтпай, те¬рең¬ді¬гімен таңғалдырады.
  Сөзімді қорыта келгенде, рухани жаңғырудың бастауында ұлы Абай ақынның шығармаларының негізгі ұстанымдары тұрғанын байқаймыз.
  Елбасы Н.Назарбаев: «Абайды мұқият оқыған адам оның көзқарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен», - дейді.

Ляйла АЛИЕВА,
Қызылорда қаласы
«Мұрагер» мектебі
26 сәуір 2018 ж. 2 565 1

RandBeery от 16 маусым 2019 01:24
Zithromax For Sale Uk cialis Levothyroxine 75 Mcg Buy Online Uk Comment Prendre Cytotec