Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалықты өзімізден бастайық

Тазалықты өзімізден бастайық

Көктем – жаңару мен жаңғырудың, түрлену мен түлеудің ғана емес, тазалықтың да айы. Бұл мезгілде үлкен-кіші айналаны тазартып, күл-қоқыстан арылтады. Осы ретте тазалық сақтау ішкі тұлғалық мәдениетіміздің айқын белгісі екенін ескерсек, санитарлық тазалықты өзімізден бастау керектігін ұғамыз.

Тазалық ұғымы қоқыстарды жинаған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасады. Сондықтан әр адам керексіз затты тастар алдында ойлану керек. Ол ой «Осы істі дұрыс немесе бұрыс жасап жатырмын ба?», «Бұдан қоғамға зиян болмай ма?», «Адамдарға ауырлық туғызбай ма?» деген сұрақ­тарға негізделуі тиіс. Өйткені, сіз тастаған қоқыстар келесі бір адамның аяғына оратылып, қоршаған ортаны ластауы мүмкін. Сондай-ақ әр мез­гілдің жаңбырлы, аязды кездерінде, ыстық-суы­ғында қоқыстарды жинау үшін далада жүретін өз қандастарымыз сіз тастай салған қоқысты жинап, бауырларымызға ауырлық туғызуы ықтимал. Сол себепті әрбір адам қажетсіз затты тастарда терең ойланып, ішкі мәдениетіңіз бен пайым-парасатыңыздың алдында есеп бергені жөн.

Көктем басталғалы аудан орталығы мен ауылдарда әр апта сайын сенбіліктер тұрақты түрде ұйым­дастырылуда. Бұл күні бойы жүргізілетін жұмыс емес. Сенбі күнгі небәрі 1-2 сағат уақытты қоғам тазалығына арнау туған жерге деген құр­метіміздің белгісі болып табылады. Тереңөзек – ортақ үйіміз. Ортақ үйіміздің тазалығы, сани­тар­лық жағдайы бәрімізді алаңдатады. Сын айтып, мін теру әркімнің қолынан келеді. Ал оны ретке келтіру, игі істерге уақытпен санаспай белсене атсалысу туған жерге деген сүйіспеншілігімізге, құрметімізге, түптеп келгенде азаматтығымызға байланысты. Сенбіліктен қалмай, қоғам тазалығы үшін жұмыс істеуге ынта танытып жүргендердің ең­бегі адал, есімдері құрметті деп айтуға болады.

Осы орайда тағылым аларлық бір оқиға еске түседі. Бір кісі көршісінің ауласында жаюлы тұратын кірлерге терезеден қарап, кірлердің дұ­рыс жуылмағанын, көршісінің кірді дұрыс жуа алмай­тынын жиі айтады екен. Бұл жағдай бір емес бірнеше рет қайталанады. Бір күні көршісі үйіне келгенде осыны айтып, кемшілігін түзеткісі келеді. Сонда көршісі әлгі кісінің терезесін сүртіп, өзін ұялтқан екен. Бұдан біз біреудің тазалығы туралы сөз етерде өзіміздің тазалығымызға мән беру керектігін ұғамыз. Бұл қоғам тазалығына да қатысты. Ал қоғамның таза болуына тек әкім­дік қана емес, әрбір тұрғын тікелей жауапты. Сондықтан жауапкершілікті терең сезініп, таза­лықты өзімізден бастайық!

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
28 наурыз 2023 ж. 521 0