Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЕҢБЕК РЕСУРСТАРЫНЫҢ ҰТҚЫРЛЫҒЫН АРТТЫРАДЫ

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЕҢБЕК РЕСУРСТАРЫНЫҢ ҰТҚЫРЛЫҒЫН АРТТЫРАДЫ


Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігі» айтылған болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болатынын ескертті. Осы орайда, Үкімет Елбасы тапсырмасы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын» іске асыруға кірісті. Еліміздің Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген делегацияның қатысуымен жақында Тереңөзек кенті мәдениет үйінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының шеңберінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында солтүстік өңірлерінің жұмыс берушілерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкені аудан әкімінің орынбасары Балшекер Сұлтанбекқызы ашып, жүргізіп отырды.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, нәтижелі жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту мақсатында жүргізіліп жатқан бұл бағдарлама жұмыссыз жүрген азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай Солтүстік өңірдегі демографиялық ахуалды арттыруға да өз үлесін тигізбек. Қазіргі таңда өңірімізде қолдарында дип­ломдары болса да екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар қаншама, дипломы бар бірақ жұмыс өтілі жоқ болып жұмысқа орналаса алмай жүргендер де жетерлік. Өткен жылдың қорытындысындағы статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ облыстағы жұмыссыздар саны – 16,8 мың адам болған. Жалпы жұмыссыздар деңгейі 4.8 пайыз, соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 4.3 пайызды құраған. Бұл бағдарлама аясында тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп қана қоймай, келешек баспаналы болуға да мүмкіндік жасалады. Өңірге келген жұмыс берушілер жергілікті тұрғындарға бос жұмыс орындарын ұсынып, жасалатын жеңілдіктер жөнінде мағлұмат берілді.
Қазіргі таңда қоныс аударушылар мен оралмандарға қоныс аударуға берілетін субсидиялар, отбасының әрбір мүшесіне – біржолғы 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни 84,175 теңге беріледі. Тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеуге және коммуналдық қызметтерді төлеуге берілетін субсидиялар 15-тен 30 АЕК мөлшерінде (отбасындағы адам санына байланысты) төленеді. Биылғы жылғы айлық есептік көрсеткіш – 2405 теңге екенін айта кеткен жөн.
Солтүстіктен келген делегаттар қатарында ауыл әкімдері мен мекеме басшылары да болды. Қазіргі таңда Солтүстік өңірлерде сұранысқа ие мамандықтар қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, психологтар, мемлекеттік тілді оқыту үшін бас­тауыш пән мұғалімдері, дәнекерлеушілер, мал шаруашылығына малшылар, сауыншылар т.б. мамандықтар бойынша жұмысшылар қажеттігі айтылды. Соның ішінде Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Первомай ауылынан келген ауыл әкімі Нұрбол Қасымқанұлы Қосанов өз ауылын таныстырып өтті. Ауыл аумағы 477,5 шаршы километр. Аудан орталығынан – 65 км, облыс орталығынан – 100 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындар саны 725 адам (217 отбасы) және мына мамандықтар бойынша мамандардың қажет екендігін алға тартты. Инженер-механик, жүргізушілер, механизаторлар, электриктер т.б. мамандар. Орташа жалақы 80-100 мың аралығы және тұрғын үй тегін берілетіні, ал үй сатып аламын деген азаматтарға орташа тұрғын үйдің бағасы 300 мыңнан басталып 1 млн. теңгеге дейін жететіні айтылды. Жұмыс беруші мекеме «Әулие-Би» ЖШС мекемесі. Басшысы – Нұрқан Мұстафаұлы Сәдуақасов, мекеме егін және мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі уақытта жұмыскерлер саны -110 адам, наубайханада нанның бағасы-32 теңге екені мысал ретінде айтылды.
Осы және өзге де ауыл әкімдері мен мекеме басшылары өз ауылдары жайлы толық мағлұмат беріп қана қоймай, жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа келуге шақырды. Жүздесу барысында бағдарламаның мән-жайына байланысты сұрақтар қойылып, тұрғындардың қоныс аударуға деген ынта-ықыласы байқалды.

Айдана ҚАЛИЕВА
24 сәуір 2018 ж. 1 423 0