Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ жарылқап, жетті жерге наурызым!

Ақ жарылқап, жетті жерге наурызым!

Қазақ даласына Жаңа жыл – Наурыз келді. Әз-Наурыз айналасын нұрға, берекелі де көркем тірлікке толтырып жетті. Ұлыстың Ұлы күні әдетте наурыздың қары жауады, оны жұрт­шылық жақсылыққа балайды. Күллі түркі еліне ортақ ұлы мерекені «Жыл басы» деп ерекше атап өту дәстүрге айналды.

Ежелден келе жатқан Наурыз мерекесінің жаңаша сипат алғанына да отыз жылдан ас­там уақыт болды. Қуанышқа толы мейрамды күллі қазақстандықтар ерекше тойлайды. Негізінен, парсы тілінен шыққан наурыз сөзі «Жаңа күн» деген мағынаны береді.

Ерте көктемнен басталатын жыл басы халықтың қытымыр қыстан аман-есен шы­ғуы­мен, Жер-Ананың бусанып, бүкіл жан-жануардың тіршілік етуімен жақсылыққа, жаңа өмірдің басталуына баланады. Осы күні дәстүрлі тағам – Наурыз көже әзірленіп, үлкен-кіші жыл бойы тоқшылық болсын деген ырыммен көжені тоя жейді. Көктем мерекесі жер жүзінің көптеген елдерінде тойланады.

Үш мың жылдық тарихы бар мерекені  мил­­лиондаған адам тойлап, шын мәнінде ха­лықтық мереке ретінде атап өтіледі. Осы күні бірлік пен достық, ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Халқымыздың салт-дәстүрі насихатталады. Адамзатты тәрбиелейтін ұлттық ме­реке адам бойына бар асыл қасиетті сіңіріп, рухани қазынамыз – мәдени мұра ұлықталады.

Көнекөз қариялардың айтуынша, Наурыз­дың келуін жер бетінде естілетін ерекше дыбыс гуілмен байланыстырады. Ескі наным бойынша осы гуіл бүкіл тіршілік көзінің оянуын, табиғатқа жан бітуін білдіреді. Яғни қыбырлаған жәндіктен бастап, малдың да төлдеуімен, адамзаттың ауызы аққа жетуімен жанданады. Үлкен кісілер бұл күні шаш алып, тырнақ алуға тыйым салған. Қайта нау­рыз­дың қарсаңында айналасын қоқыстан таза­лап, арықтарды, су көзін ашқан. Тал егіп, жеміс ағаштарын отырғызған. Жастар жағы алтыбақан теуіп, ақсүйік секілді ұлттық ойындарды ойнаған. Бір-біріне ерекше сыйлықтар жасап, жаңа киім киіп, жыл басында ақ тілек­терін айтқан.

Жаңа жылда дүниеге келген сәбилерге Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген. Сондай-ақ Наурызға байланыс­ты халқымызда көптеген атаулар бар. Мәселен, Наурыз көже – мереке күні дайындалатын дәстүрлі тағам. Жеті түрлі дәмнен жасалатын көжені қазанды толтырып, ақты мол етіп жасайды. Негізгі тағамды тойып жейтін халқымыз тоқшылық, молшылық болсын деп ырымдаған. Наурыз көжеге байланысты бізге ертеден жеткен аңыз бар. Соның бірі – елді бірлікке шақырған кеңесте ел-халық болып үлкен қазаннан ішіп-жеген ас туралы. Наурыз мерекесімен қатар келген жиында ауылдың ақсақалдары үлкен қазанға ас пісіргізіп, бүкіл ауыл болып бір қазаннан тамақтанады. Ас ішіліп болған соң ең беделді ақсақал тұрып: «Ит екеш иттің өзі, күшік кездерінде бір анадан сүт ішіп, бір-біріне туған бауыр екендерін сезінгендіктен, өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан астың дәмін таттық. Бүгіннен бастап ғасырдан-ғасырға туған бауырлар секілді бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік!» депті. Міне, осындай аталы сөзден кейін ауыл адамдары бірі-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, тату­лық­та және ауызбіршілікте өмір сү­ріпті. Наурыз көжені халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те атайды. Бұл аста береке бар деген мағынаны білдірсе керек.

Наурызға байланысты тағы бір атау гүлге байланысты. Наурызгүл немесе наурызшешек – көпжылдық өсімдік. Бұл шөптесін өсімдікті елі­міздің көптеген өңірлерінде кез­дес­тіруге болады, гүлдің он екі тү­рі бар. Әсіресе, тау басында, жар­тас­тарда, тау беткейлерінде, орман­да бұталардың арасында, көл жағасында өседі. Ерте көктем­­де гүл­дейтін өсімдік қызыл, сары, күлгін түсті болады. Әдемі гүл елі­міз­дің «Қызыл кітабына» енгізілге­нін айту керек.

Наурызнама – Наурыз мереке­сінің атауы. Бұрынғының адамда­ры Наурызнаманы айдың 10 мен 16 аралығында тойлаған. Бұл мерекенің басқа тойдан ерекшелігі оны әдетте бай, ауқатты кісілер ұйымдастырған. Халық арасында түрлі ұлттық ойындар өткізіліп, сыйлықтар берілген.

Қазақ мәдениеті мен әдебие­тінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп­тің «Наурызнама» атты еңбегі бар. Бұл кітапта Наурызнаманың қалай тойланатыны жайлы айтылған. Осы жазбада этнограф былай деп жазған: «Ол күні қожаларға оқы­татұғын, Наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқты­ра­тұғын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Әмин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады. Мал сойып, Наурызнама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз!» деп, басын сақтап қояды. Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын-қарын жент сақтайды. Қыстыгүні: «Бұл жентіңізді қашан бастаймыз, бізге қашан бастайсыз, бізге қашан татырасыз?» деушіге: «Шырақтарым, Самарқанның көк тасы жібігенде, бұл жент те өзі балқып, босайды. Сонда бастаймын! Осы күнде қайыршақтай қап-қатты пышақ өте ме?» деуші еді. Міне, мен осы жентті жасатып, дәл Наурыз деген күні бастатып көрген кісімін...» деген екен.

Наурыз бата – мереке күні берілетін батаның орны ерекше. Үлкендерден бата алуға тырысатын жастар ақсақалы бар үйге арнайы барып, сәлем беріп, батасын алған. «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын, Қайда барсаң да жол болсын! Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін, Бәле-жала жерге енсін! Ұлы халқым тоқ болсын, Көйлектерің көк болсын! Қайғы уайым жоқ болсын, Қуаныштарың көп болсын!» деген ел қарияларының батасы қабыл болсын!

Бибісара ЖАНӘЛІ
21 наурыз 2023 ж. 238 0