Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізгілік пен мейірім мерекесі

Ізгілік пен мейірім мерекесі

«Қарғыс алма, алғыс ал» деген тәмсіл бізде ұлт ұстынына айналған. Сон­дықтан да қазақ халқы кең пейіл, дархан көңілмен барша жұртқа қонақжайлылық танытады. Міне, ұлтымыздың осындай қасиеті көктемнің алғаш­қы күнімен келе­тін Алғыс айту мерекесімен ас­тасып жатыр. Бұл – қазақ­стандықтар үшін ерекше мереке.

Алғыс айту күніне орай аудан әкімінің орын­басары Димаш Байдушев аудандағы өзге ұлт өкілдерімен, ардагерлермен кездесіп, мерекемен құттықтады. Аудан әкімінің орынбасары атаулы күннің мән-маңызына тоқталып, бұл күннің мейірім мерекесі екенін айтты.

– Алғыс айту күні – тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпұлтты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Мереке қазақ халқының кеңпейіл, жомарт, қонақжай, мейірімді және ынтымақшыл әдет-ғұрпынан бастау алатын тарихи дәстүрлеріне негізделген. Сол себепті де бұл күн құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі болып табылады. Баршаңызды айшықты мерекемен құттықтаймын, – деген аудан әкімінің орынбасары ауданда ынтымақ пен бірлікті сақтау тұрғысында айшықты жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.

Бүгінде ауданда жалпы саны 463 әртүрлі этнос өкілдерінің 16 түрі тату-тәтті мекен етеді. Аудандық ассамблеяның құрамы этно­мәдени бағыттағы бірлестік өкілдерінен, қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұл­ғалардан құралған. Ассамблея қазіргі таңда  Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесі және медиация бойынша жұмыстар  атқаруда.

Сондай-ақ, 2015 жылы ауданда «Достық үйі» ашылды. Достық үйінің жанынан өлкедегі  өнерліэтнос өкілдерінен «Достық» вокалды ансамбль құрылған. Құрамында кәріс, шешен, орыс, украин, молдаван, армян, татар этносының өкілдері бар бұл ансамбль қазіргі таңда аудан көлемінде аталып өтетін барлық іс-шараларға белсенді қатысуда.

Мерекелік құттықтауын жеткізген соң Д.Байдушев ауданның дамуына, тұрақтылық пен татулықтың сақталуына үлес қосып жүр­ген бірқатар сырдариялықты алғыс хатпен марапаттады.

Кездесуде білім және мәдениет саласы­ның ардагері Сандыбай Сәдуақасов ізгілік пен мейірім мерекесінің адамдарға жылулық сыйлайтынын айтты. Адамдар бір-біріне ал­ғыс білдіру арқылы қарым-қатынас жақса­ра­тынын, алғыспен ел көгеретінін жеткізді.

Өз кезегінде этнос өкілдері де қиын-қыстау кезеңде дархан пейіл танытып, қамқорлық көрсеткен қазақ халқына алғыстарын біл­дір­ді. Өзара құрмет пен сенімнің, ізгіліктің мерекесінде әркез халқымызға ризашылық­тарын жеткізетінін айтты.

Мейірім мерекесінде әннен шашу шашылып, көпшілік мерекелік көңіл-күйге бөленді.

Е.БЕРКІНБАЕВ
04 наурыз 2023 ж. 387 0