Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасқаны: Тосын апаттан қорғану амалы

Су тасқаны: Тосын апаттан қорғану амалы

Қыстың қытымыр аязы кетіп, қалың мұз тоңынан сөгілуге жақын. Таң атқаннан ауа-райында жылылық лебі ескендей. Жылғалардан су ағып, көктемнің күніне жақын қалғанынан хабар беріп қоятындай. Ақпанның алғашқы он күніндегі осындай көріністен алдағы ай жылы болатын секілді деген ойдамыз. Әрине, табиғат ана тосын мінез танытпаса, биыл көктем ерте келетіндей.

Ауа-райының ақырындап жылуы дарияның қалың мұздан бірте-бірте ажырауына, тасқын судың алдын алуына қолайлы жағдай. Сонымен қатар биыл қардың түсуі мен тоңның қатуы өткен жылмен салыстырғанда неғұрлым аз болуы және қыстың қатты болмауы жазықтағы қардың ретімен еріп, жерге сіңуіне мүмкіндік беруде.

Төтенше жағдай бөлімі қызметінің берген мәліметінше ауданда қауіпті деген 4 аймақ тіркелген. Бұл қауіпті аймақтардың қазіргі жағдайына орай «қауіпті» деген атау бойынша тізімнен шығарылуда. Дегенмен алдағы уақытта күтілетін жауын-шашын салдарынан аймақтарда еріген қар тасқынға айналмас үшін дайындық шарасы күшейтілуде екен.

Тосыннан келтеін төтенше жағдайды алдын алу үшін аудан тұрғындары әсіресе, көктем мезгілінде сақадай сай болуы керек. Тұрғын үй маңайындағы үйілген қарды ауладан уақытылы сыртқа шығармау, арық жүйесінің қар суына толып, арықтың арнасынан асуы және мөлшерден тыс жауған жаңбыр тасқын суға әкеледі. Сондықтан ауданның төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері күн сайын тұрғын үйлерді аралап, су алу қаупін алдын алу жұмыстарына қарқынды кірісіп кетті.

– Қазіргі уақытта жазық жерлердегі қар еріп болды. Өткен жылы ақпан айының соңы мен наурыз айының басында тұрғын үй аулаларына су кіріп, апатты жағдайлар орын алған болатын. Биыл тасқын судың жүргені туралы оқиға тіркелген жоқ. Ауданда су тасқынының алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылып, жағдай бақылауда, – дейді Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Н.Бақтияр.

Жалпы төтеншеліктер аяз сына бастағаннан бастап үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда қауіпті аймақ саналатын Н.Ілиясов, Қалжан ахун, С.Сейфуллин ауылдық округтерінің тұрғындарымен және ауданға қарасты «Домостроитель» саяжайы мен кент тұрғындары арасында су тасқынының алдын алу үшін түсіндірме жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Түсіндіру барысында арықты тереңнен қазу, қардан уақытылы тазалау қажеттігі айтылып, үнпарақшалар таратылуда. Ақпараттандыру жұмыстары жоспарға сәйкес тұрақты жүргізілуде. Әлеуметтік желі парақшасы арқылы тұрғындарды құлақтандырылуда. Су тасқыны қаупі туындаған жағдайда халықты хабардар етуге «Дәрмен» SMS хабарламасын жолдау шешімін тапқан.

«Қыстың бір күні қалса да қорық» деп ата-бабамыздан қалған нақыл бар. Бұл ауа-райының жылынғаны уақытша екенін меңзеген есті сөз. Себебі әлі қыс айының аяқталуына уақыт бар. Ал, алдын ала болжам бойынша жауын-шашынның мол болатынына байланысты өзен арнасының сығылысуы, су деңгейінің көтерілуі сынды жағдай әлі сейілген жоқ.

«Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» демекші апат айтып келмейді. «Дайындық шарасы пысықталды», «Бәрі сақадай сай» деп дабыл қаққанымыз бекер болмас үшін табиғаттың тосын мінезімен күресуге келгенде қауқарсыздық танытпау – барлық тұрғындар үшін ортақ талап. Әркім өз ауласын, арық-атызды қоқыстан тазалап, еріген қар мен жаңбыр суын тасқынға айналдырмауға қамданып, жұдырықтай жұмылған жөн.


Бибісара ЖАНӘЛІ 
09 ақпан 2021 ж. 507 0