Басқан жері сықырлап келіп қалды...
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай –
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай... деп басталатын Абай Құнанбайұлының өлеңі есіңізде ме?! Күннің шуағы азайып, ызғары көбейе бастаған дәл осы күндері сол бір жолдар еріксіз ойға оралып тұрады.
Биылғы қыстың алғашқы айы басталып та кетті. Табиғат ана да адамдарға қыстың келіп қалғанын сездіргісі келді ме, жайма шуақ ауа райы бір демде қаталдық танытып, алғашқы қар да түсіп үлгерді.
Қар түсті дегенше, қауіп көбейді деуге болады. Олай дейтін себебіміз, асфальт пен көше бойын жапқан қар төменгі температураның әсерінен мұз болып қатуда. Бұл өз кезегінде жаяу жүргіншіге де, көлік жүргізушілеріне де қиындық туғызары анық. Әсіресе, егде жастағы тұрғындарға өте абай болу қажеттігін ескерткіміз келеді. Жүргізушілер көлікке қысқы дөңгелек салып қам жасаса, жаяу тұрғындар қыстық етіктің қалың әрі табаны жайлы болуын қадағалауы керек. Себебі ендігі көктемге дейін күн суи түспесе, жылымасы анық. Ал 0 градустан бастап мұз қата бастайынын ескерсек, бүгінгі минус сегіз градусқа дейінгі температурада қауіп күшейе түсері анық.
Сондай-ақ, мамандар күннің сууымен түрлі ауру мен сырқаудың көбейетінін айтып, дабыл қағуда. Бүгінгі күннің өзінде тұмау вирусын жұқтырғандар саны артып отыр. Бұл жылы ауа температурасының жылдам қарқынмен салқын ауаға ауысуымен түсіндіріледі. Адамдардың жылы киінбеуі, ауа райына бей-жай қарауы да аурудың тарауына ықпал етеді.
– Күн райының күрт құбылуымен тұмау, авитаминоз, құлақ, мұрын аурулары асқына түседі. Сондай-ақ, созылмалы өкпе ауруына шалдығып, дәрігерден шипа сұрай келетіндер қатары көп. Басты себеп – денені жылы ұстамау. Сонымен қатар, бір-біріне жұқтыру арқылы вирустың тарауы қарқын алуы ықтимал. Салқын ауа райы тыныс алу жолдарын қабындыруы мүмкін. Сондықтан далада жүргенде жылы киінуді, ауызбен емес, мұрынмен дұрыс тыныс алуды ескерген жөн. Кішкентай балаларға да бұл қағидаларды ескертіп отыру керек. Қыс мезгілінде жиі-жиі ыстық сұйықтықтар ішіп әрі иммунитетті көтеруге күш салу керек, – дейді аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Тұрсынай Қарақұлқызы.
Тек біздің жақта емес, Қазақстанның басқа қалаларында да ауа райының салқындауы сезілуде. Соған орай арнайы хабарлама орталығы тұрғындарға үнемі ескерту жариялап отырады. Жолдың жабық болуын, көктайғақ пен желдің ұйытқу жылдамдығын ескертіп отыратын «112» бірыңғай нөмерінен келіп түскен хабарландыруға бей-жай қарамаған жөн.
Ал синоптиктердің болжамынша, биылғы қыс біршама суық болатын көрінеді. Желтоқсан айында ауа температурасы төмендеп, қалың қар басуы ықтимал. Сондай-ақ тұрғындар қатты жел мен бұрқасынға, тұман мен көктайғаққа да дайын болғаны жөн. Оңтүстік аймақтағы ауа температурасы түнде 10-22 градусқа дейін, күндіз 3-13 градусқа дейін төмендейді. Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде елдің басым бөлігінде ауа-райы жиі өзгеріп отырады. Аязды күндер жылы ауа райымен ауысып, қар жауып, жел күшейуі мүмкін. Мамандардың болжауынша, қарлы және жаңбырлы, қатаң қыс ылғалдылықты арттырып, бұл өз кезегінде келесі жылдың диқандарға жайлы болатынын айтады.
Айта кетейік, қыс айларында қазақстандықтар Тәуелсіздік мерекесін ұлықтап, одан соң жаңа қоян жылын қарсы алатын болады.
«Қыс – тазалық, қыс – аппақ» деп ақындар жырға қосып ерекше шабыт алатын қыс мезгілі біреуге ұнамды болса, кейбіреулер аса суық күндерді ұнатпайтынын айтып жатады. «Қыстың демі – кедейдің кебіні» деген және бар. Бұл жылыту маусымы мен тұрақты тұрғын жайдан қиындық туындауына бағытталып айтылғандай. Не десек те, жыл мезгілдерінің жаманы мен жақсысы жоқ. Әр кезеңнің өз ерекшелігі бар. Ең бастысы, мамандар пікіріне құлақ асып, қауіпсіздікті басты назарда ұстау қажет. Ендеше, қыстан қысылмай шығайық, оқырман!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ