Аудан әкімі мәслихат депутаттарымен кездесті
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария аудандық мәслихатының VII шақырылымдағы депутаттарымен кездесті. Кездесуге депутаттардан бөлек бөлім, мекеме басшылары, кент және ауыл әкімдері қатысты.
Аудан басшысы депутаттарға ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешіп, саяси және экономикалық реформаларды жүргізуге белсенді атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді.
– Атқарушы және өкілді органның басты міндеті – халыққа сапалы қызмет көрсету. Бұл бағытта ауданымызда қалыптасқан жүйелі жұмыстар бар және оның бәрі нәтижелі істермен аяқталуда. Депутаттық мандатты иеленіп, халық сенімін арқалау – үлкен құрмет және жауапкершілік. Сіздер сол құрмет пен жауапкершілікті терең сезіндіңіздер. Аймақ басшысының және өздеріңіздің қолдауларыңыздың арқасында ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Екі жыл көлемінде аудандық мәслихаттың маңызды сессиялары өткізіліп, нақты шешімдер қабылданды. Сессияларда аудан тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз ету, білім беруді дамыту, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және аудандық бюджетті талқылау секілді маңызды мәселелер қаралды. Мұнда әрқайсыңыздың қосқан үлестеріңіз зор, тұрғындардың өтініштері мен сұраныстарын мұқият қарап, олармен жиі кездесу ұйымдастырып, билік пен халық арасында алтын көпір бола білдіңіздер, – деген аудан әкімі алда үлкен саяси науқан келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар жаңадан сайланатын депутаттар да осындай қарқынды жұмысты жалғастырып, ауданның жан-жақты дамуына және инфрақұрылымның жаңғыруына өзіндік үлесін қосатынына сенім білдірді. Мұнан соң аудан дамуына қосқан үлесі үшін депутаттарға аудан әкімінің алғыс хаты тапсырылды.
Келелі басқосу қорытындысында аудандық мәслихаттың төрағасы Ержан Әжікенов сөз алып, депутаттарға құрмет көрсеткен аудан басшысына алғысын, елдік мүдде жолында елеулі еңбек еткен әріптестеріне ықылас-пейілін жеткізді.
«Тт» ақпарат