Колледжге есімі беріледі
Облыстық мәслихат сессиясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Қызылорда облысының білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру жөніндегі ұсыныстар қаралған болатын.
Сессияда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы мәслихат депутаттарына осы күнге дейін өңірлік ономастика комиссиясының отырыстарында қолдау тапқан тиісті басқармалардың ұсыныстарын жеткізді.
Айтылған ұсыныстардың ішінде Сырдария аграрлы-техникалық колледжіне Балдырған Мұстапаеваның есімін беру де бар. Депутаттардың қолдауын алған ұсыныс алдағы уақытта Республикалық ономастика комиссиясында қаралады. Бұл бастаманың қолдау тауып, одан әрі республикалық ономастикалық комиссияда қаралатынына колледж ұжымы ризашылықтарын білдіруде.
– Аталған мәселені өткен оқу жылында «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиеваның бастамасымен ауданның бір топ еңбек ардагері колледжге келіп, ұжыммен жиын өткізіп, ұсыныстарын білдірген болатын. Сол жиында ұжым қызметкерлері ұсынысты толықтай қолдады. Одан әрі ұстаздар қауымы Балдырған Мұстапаеваның шаңырағында болып, ұрпақтарымен кездесті. Аналары туралы жиналған көптеген мағлұматтар, құнды құжаттар мен наградаларын көрсетті. Жинақталған мәліметтер негізінде облыстық білім басқармасына колледждің атынан жиын хаттамасы жіберілді. Міне, көп уақыт өтпей есімі елге белгілі Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстапаеваның есімін беру туралы ұсынысты облыстық мәслихат депутаттарының қолдағанын естіп, қуанып отырмыз. Б.Мұстапаева күріш егіп, әр гектарынан 100 центнерге дейін өнім алып, рекорд орнатқан. «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Ленин» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған және Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 14,15-съездерінде делегат болған. Ауданның атын республикаға танымал еткен атақты күрішші. Қазақстанның «Алтын кітабына» енген еңбек майталманының есімі мәңгі ұрпақ жадында қалатын болады, – дейді колледж директоры Дархан Қожахметов.
Айта кету керек Сырдария аграрлы-техникалық колледждің 50 жылдық тарихы бар. 1969 жылдан бастап аудан шаруашылықтарына қажетті мамандар даярлаумен айналысып келеді. Типтік жобамен салынған ғимаратта оқу корпусы, шеберханалар блогы, асхана, спорт, акт залдары, сыртқы спорт алаңы, тағы басқа қосымша жайлары, 68 орындық жатақханасы бар. Үш қабатты еңселі ғимарат – 450 орындық. Мұнда 12 мамандыққа 22 біліктілік бойынша студенттер білім алады.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ