Елімізде коронавирус жұқтыру жағдайы көбейген
Коронавирус... Коронадағдарыс... Талай тағдырды жалмаған вирус... Екпе... 2020 жылы басталған көзге көрінбейтін жау әлем елдерін әбігерге салған еді. Ел жаппай екпе қабылдап, тиісті мамандардың жүйелі жұмысы мен көптің тілеуімен дерттің емі табылып, аты жаман аурудың атын сирек естіп жүрдік. Өкініштісі, аталған ауруды жұқтырғандар саны қайта көбейіп келеді.
Әлем елдеріндегі ахуалға көз жүгіртсек, АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі елдегі төтенше жағдайды ұзартқан. Жалпы бұл елде 2020 жылдың қаңтарында басталған төтенше жағдай тоқтатылмай, әр тоқсан сайын ұзартылып келе жатыр екен. Соған сай тұрғындар арасындағы қауіпсіздік пен көпшілік орындардағы бетперде режимі әлі күнге сақталған. АҚШ әкімшілігі қыс мезгілінде ауру асқынып кетуі мүмкін екенін ескеріп, елдегі төтенше жағдайды ұзартқан. Ұдайы бақылау нәтижесінде ондағы жағдай бірқалыпты сақталып отыр.
Үздіксіз күрестің нәтижесінде елімізде «стационарлар түгел босады» деген хабар таратылып еді. Өкінішке орай, ауру дерегі қайта тіркеліп отыр. Күннің сууы мен қауіпсіздік шараларының тұрғындар тарапынан толық орындалмауы, сірә, вирустың таралуына жол ашып тұр. 13 қаңтардағы мәлімет бойынша, 2 315 адам инфекциялық аурудан емделіп жатыр. Олардың 225-і стационарда, 2090 науқас амбулаториялық деңгейде ем алуда. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, КВИ+, КВИ- шалдыққандардың ішінде 9 адамның жағдайы ауыр болса, 5 науқас өте ауыр жағдайда. Ал 3 адам ӨЖЖ аппаратында жатыр. Ең өкініштісі, жақында ғана аты жаман аурудан бір адамның қайтыс болғаны жарияланды.
Күн санап коронавирустық пневмония жұқтырғандар санының артуы көңілге қаяу салып тұр. Көп тілегі – біреу. Мамандар халыққа барынша абай болу қажеттігін ескертеді. Қазіргідей аязды ауа райында иммунитеттің түсіп кетпеуін бақылауда ұстап, тазалық пен қауіпсіздікті басты назарға алу орынды. Аудандық емхананың эпидемиология бөлімі мамандарының мәліметінше, аудандағы жағдай тұрақты. Десек те, жаман айтпай жақсы жоқ. «Сақтансаң, сақтаймын» дегенді де естен шығармаған абзал.
«ТТ» ақпарат